Түркі халықтарына ислам дінін таратуды парызы санаған, тарихта данышпандығымен аты қалған Қорасан ата жайлы «Көне дүние күмбірі» айдарында.
Абд ал-Жалил баб Хорасан ата – «Насаб-нама» шежіресі бойынша, Али ибн Абу Талибтің (Әзірет Әлінің) ұлы Мұхаммед ал-Ханафияның бесінші ұрпағы. Қорасан ата жолды нұсқаушы болып, түркі халықтарының сандаған ғасырлар бойы исламды қапысыз ұстануына ықпал етті. Ислам дінін түркілердің дала мәдениетімен ұштастыра таратып, түсіндіруді өзінің парасатты парызы деп білген. Оның өте данышпан, емші, ақылгөй кісі болғаны тарихтан белгілі. Бұл киелі жердің өзгелерден ерекшелігі, мұнда Меккедегі Қағбаның көшірмесі бар.
Ертеде Қорасан атаның баласы ғұлама имам болған екен. Әкесі Хорасан ата әр жұмада «Тотықұс» аралынан Ақмаямен желдей ұшып, Меккеге барып Бамдат намазын өтеп қайтады екен. Осыны сезген Хусаин әкесіне: «Рұқсат етсеңіз, Меккедегі Кағбатілләні осында көшіріп әкелейін», – депті. Сонда Әбдіжәлел баласын сынау үшін рұқсат етіпті. Баласы айтқанындай, кілемге салып Қағбаны әкеледі. Қорасан ата баласының құдіреттілігіне сеніп, Қағбаны жерге қойғызбай, көлеңкесін сызып алады, кейін сол сызылған орынға құм үйіндісі жиналып, Қағба салынады.
Бүгінгі күні бұл орын кіші қажылыққа барғанмен тең болды. Қағбаны жеті рет айналып, дұғаларды оқып, қасындағы құдықтың қасиетті суын ішіп адамдар рухани жаңарып, тазару үшін келеді және Меккедегідей қажылықтың ғұрыптарын жасайтын болған. Бұл ғимарат қажылық ғұрыптарына жаттығу мақсатында салынған және осы мақсатқа пайдаланылған.
Жергілікті құрылыс материалдары ретінде саз балшықтан соғылған Қағба көшірмесінің ішіне кіретін есігі солтүстік шығыс тұсында. Ішіне кірген ғибадат етуші еденіне жайнамаз төсемей-ақ, дүниенің төрт бұрышының кез келген бағытына намаз оқыса да, Меккедегі оқыған намаздың сауабын табады деседі. Қожа Ахмет Ясауи Қорасан Атаға зиярат ете келгенде: «Тоқсан машайықты артыңда көрдім, Қаабаны Мәккені алдыңда көрдім, Рахым ете көр, бабам Қорасан», – деп хикметіне қосып айтқанда осы қасиетті орынды меңзеп тұр.
Қорасан Ата мазарындағы Қағба көшірмесінің өлшемі – әлемнің төрт бұрышына қарап салынған, қабырғаларының ұзындығы 6,5х6,5 м, биіктігі 5 м шамасында. Қағбаның көшірмесі бұрыңғы орнының үстіне 1995 жылы қайта қалпына келтірілген. Қағбаның ішінде байырғы дуалдардың ізі сақталған. Қағба көшірмесінің солтүстігіндегі құдықтан зиярат етушілердің су алып ішуі де зиярат ету ғұрыптарының бірі.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
фото: ашық ақпарат көзінен.