Ел астанасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Нұр-Сұлтан – менің Отанымның Елордасы» атты әлеуметтік жоба басталды, деп хабарлайды Qazir.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жобаны қалалық әкімдіктің «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС-ы ұйымдастыруымен өтуде. Оның аясында еліміздің барлық өңірінен елордаға әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі балалар келеді. Бас-аяғы 500 бала елордаға қонақ болып келмек.
Олар үшін кәсіби гидтердің қатысуымен ерекше экскурсия және мәдени-көңіл көтеру бағдарламасы ұйымдастырылады. Балалардың Нұр-Сұлтанға келуі кезінде елорданың «Астана-Бәйтерек» монументі, «Нұр Әлем» болашақ энергиясы музейі, ҚР Тұңғыш Президентінің музейі, ҚР Ұлттық музейі, «Хан Шатыр» СОО сияқты басты көрікті орындарын көрсету жоспарланып отыр.
Сонымен қатар балаларға арналған ең қызықты сауықтыру орындары – Океанариум, Джунгли, Қазақстандағы ең үлкен шолу дөңгелегі, батут саябағын көрсету жоспарланған. Бұл балалардың саяхатын қызықты әрі жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді. Жобаға Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қолдау көрсетеді. Жоба 2019 жылдың 5 желтоқсанына дейін жалғасады.