Ақмола облысына қарасты Щучинск қаласының тұрғыны Диана Хусаинова Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы шағын несие алып, сұлулық студиясын ашты.
Алғашында бала күтімі демалысымен үйінде отырып-ақ клиенттерді қабылдаған Диана өзінің жеке кабинетін ашуға бел буады. Сөйтіп, кәсібін жүргізетен бөлмені жалға алып, өзінің шағын бизнесін бастау идеясын іске асыруға кіріседі.
Оқыту курстарынан өткенін растайтын сертификаттары бар Дианаға бұл жұмысты бастауда ешқандай бөгет болған жоқ. Бүгінгі күні кірпік өсіру, макияж, қасты безендіру, кірпікті кератинді ламинаттау сияқты қызметтер кең таралған.
Енді идеяны жүзеге асыру үшін қажетті құрылғылар мен материалдар қажет. Әрине, оны алу үшін қаржы керек. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Ақмола облыстық филиалы шағын несие беріп, кәсіпкердің бастамасына қолдау білдірді. Диана Хусаинова «Кәсіпкер» несие өнімі арқылы 800 мың теңге қаржыға қол жеткізіп, оған қажетті жиһаздарды, косметика мен басқа да құралдарды сатып алды.
Осылайша, мемлекеттің қолдау бағдарламасы аясында Щучинсктегі «Платинум» бизнес-орталығынан арулардың әдемі болып жүруіне атсалысатын сұлулық студиясы ашылды. Жас кәсіпкер алдағы екі жылда несиені толық өтеп, бизнесін одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, «Кәсіпкер» бағдарламасын Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жүзеге асырады. Бұл несие өнімі – ауылдардағы кәсіптің барлық түрін ашуға және кеңейтуге бағытталған. 6 миллионға дейінгі несие 5 жылға дейінгі мерзімге 6 процентпен беріледі. Сондай-ақ, негізгі қарыз бен үстеме сыйақысын өтеу бойынша жеңілдік мерзімі де қарастырылған. Кепілдікке жылжитын және жылжымайтын мүліктің барлық түрін қоюға болады.
Өз ісін ашуға несие алу үшін аудандық жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет. Өзін-өзі жұмыспен қамтушы немесе жұмыссыз ретінде тіркелу керек және тегін оқуға жолдама алу қажет. Кәсіпкерлік негіздеріне оқу курсынан өткені туралы сертификатты алғаннан кейін жұмыспен қамту орталығынан несие рәсімдеуге жолдама алады. Несие өтінімі, бизнес-жоспар және құжаттар пакеті Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына тапсырылады. Қор несие беру туралы шешім шығарғаннан кейін қаржы несие алушының шотына аударылады. Одан кейінгі үш айдың ішінде несие алушы қаржыны бизнес-жоспарда көрсетілген мақсатқа пайдаланғанын құжатпен растауға міндетті.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Ақмола облыстық филиалы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында биыл 1,8 млрд теңгенің несиесін беруді жоспарлаған. Бүгінгі таңда 1,4 млрд теңгенің өтінімі қабылданып, оның 900 млн. теңгесі ауыл кәсіпкерлеріне берілді.
Ауыл тұрғындары алдын-ала кеңес алу үшін аудандық жұмыспен қамту орталығына, Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарына және Ауыл Шаруашылығын қаржылай қолдау қорының 8 800 080 3505 тікелей желі телефон нөміріне хабарласа алады.
Фото: «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз қызметі.