Төтенше жағдай жарияланғаннан бері екі айға жуық уақыт өтті. QAZIR тілшісі өзінің тұрақтары оқырмандарының арасында «Карантин кезінде немен айналысып жатырсыз?» деген сауалға жауап іздеген еді, солардың бірқатарын өздеріңізге ұсынамыз.
Арман Ақбердиев, бизнес-тренер, PR-менеджер, Ақтау:
Карантин кезінде өмірі айналыспаған шаруаларды қолға алдым. Мен әкемнен ерте қалдым ғой, сондықтан, балаларымның қасында асықпай, алаңсыз болуды, аунап – қунап, алақайлап асыр салуды аңсап едім. Қазір күндіз-түні бірге сабақ оқып, үй тапсырмасын орындап жатырмыз. Біз бұрыннан аудитория алдында сөз сөйлеп өткізетін тренинг, семинар, шеберлік сыныптары енді онлайн форматта өтетін болды, жұмысты бір сәтке де тоқтатуға болмайды, көштен қалмау үшін осындай онлайн «шаруаларды» меңгеріп алдым, Эйнштейн айтқан, «білім – бұл оқығанның бәрі ұмытылғаннан кейін қалатын дүние». Сондықтан, мәдени, коммуникативтік, рухани, адами, психологиялық өмірлік маңызы бар дағдыларды меңгеру және меңгерту тәсілдері туралы кітап жазуға кірістім. Бүгінгі күн – ертең тарих демекші, жастарға кітап тәжірибелік құрал болып қалады.
Сағатбек Қуанышбайұлы, «Жылы жүрек жастар» қоғамдық қорының төрағасы, Қызылорда:
Өкінішке қарай, әлемді шарлаған бұл індет біздің елді де айналып өткен жоқ. Карантин дегенді естігенім болмаса, бұрын соңды сезініп, оқшаулауда отырудың не екенін білмеппін. Баратын жерге емін – еркін барып, алатыныңды алып, емен жарқын есен-саулық біліскеннің өзіне не жетсін, әрине. Ал келесі тұрғыдан қарасақ, карантиннің біраз мүмкіндіктер ашқаны рас. Күн ұзақ үйдемін, қол босап, маған туған күнге, жаңа жылға, наурызға және тағысын тағы бұрынырақ сыйланған сыйлықтарды ашып қарадым, мен жақсы көретін кітаптар бар екен, түгел оқып шықтым, карантин болмай, үйде отырмағанда, оқусыз қалар ма еді. Тағы бір қызығушылығым – бұл мықты тарихи кинолар, аяқталғанда болатын сюжетін еңбектеген бала біліп отыратын, арзан картиналардан көз сүрінеді, ал мықты тарихи кинолардың орны бөлек. Болған оқиға желісімен түсірілген фильмдерді де ұнатамын, карантинде отырып мен қарамаған кино қалмаған шығар. Бұның бәрі дегенмен, ермек қой, бастысы шүкір етейік. Өзге елде ашаршылық, тағы бір елде құрғақшылық, тағы бірінде соғыс болып жатыр, соларға қарағанда біздің өмір айт пен той. Тек тәртіпке бағынып, дертке шалдыққандардың жылдам сауығуына тілекші болайық. Сыр елінде осы пандемияға байланысты волонтерлар штабы құрылып, соның қатарында өзім жетекшілік ететін ұйым еріктілері еңбектерін аямай, қолғабыс жасады. Осылайша, қолға қару алмай-ақ ел мен жердің бетінде болып жатқан оқиғаларды реттеуге ықпал етуге болады.
Айнұр Шағманова, елорда тұрғыны: Фотограф болуды армандап жүрген едім, бұрыннан, қолыма алып, қыр – сырын, зерттеп, жан - жақты іздене отырып, үйрену үстіндемін. Иога дейсіз бе, кітап дейсіз бе, челлендж дейсіз бе, бәрінің басын бір шалып, енді жолдасым екеуміз үйде жөндеу жұмыстарын бастадық. Қала тұрғындарына менің өтінішім бар, біз қандай шаруамен айналыссақ та үйде отырмыз, иоганы да үйде жасап жүрмыңн ғой, толығымен індет іргемізден кеткенше түсіністік, шыдамдылық, біздің аман-сау, қауіпсіздікте болуымыз үшін жарғақ құлақтары жастыққа тимей, табандарын тоздырып жүрген тіршілік көзін қамтамасыз етіп жүрген сала қызметкерлеріне қолдау көрсетейікші.
Оразали Сәрсенов, «Жас Отан» Орталық кеңесінің мүшесі, волонтер, Павлодар: Мен карантин бойы жұмыс істеудемін. Тіптен тынымсыз, тік тұрып қызмет ететін уақыт болып тұр. Мемлекеттің төтенше жағдай кезінде қандай жәрдем беретінін, оны қалай алу керектігін көпшілікке түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азық – түлік себеттерін, жекелеген демеушілер мен қайырымдылық ұйымдарының жәрдемдерін үлестіріп жатырмыз.
Жазып алған Жәннат Манасбайқызы.