QAZIR оқырмандарын «Қайырлы іс» айдарында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрайымы Дария Хамитжанова еліміздің 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы «Келешек» жастар кеңесінің қызметінен және карантин кезіндегі қайырымдылық істерінен хабардар етеді.
Волонтерлар жылы Кәсіподақтар федерациясының «Келешек» жастар кеңесі үшін қарқынды басталып, бірқатар маңызды шаралар атқарды.
Ақпан айында Қарағанды облысы Кәсіподақтар Орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің бастамасымен «Саялы» шипажайында «KELESHEK 2020» республикалық кәсіподақтар волонтерлары лагері ұйымдастырылып, 100-ден астам жас кәсіподақ волонтерларының басын қосқан волонтерлар штабы құрылды.
Наурыз айында елімізде Төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты барлық қоғамдық шаралар тоқтатылып, індетті ауыздықтауға қатысты бастамаларға басымдық берілді.
«Келешек» жастары «BizBirgemiz» акциясы аясында аумақтарда бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелерінің отбасыларына, оның ішінде көп балалы аналар, мүгедек жандар, ардагерлерге барынша көмек көрсетіп жатыр. Кәсіподақтар федерациясының Салалық кәсіподақтары «Келешек» жастар кеңесімен бірге ауқымды іс-шаралар ұйымдастырды. Әсіресе, ауылдық жерлердегі жастар өте белсенді. Мысалы, мәдениет, спорт, туризм және ақпарат салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалының «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Ринат Елубаев қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, жиналған қаржыға 280 дана бірнеше рет пайдалануға арналған бетперде тігуге материалдар сатып алды. Еріктілермен бірге ауылдағы мұқтаж отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етті.
Қайырымдылық шараларымен қатар жұртшылықты жігерлендіруге, сабырға шақыруға, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған «челлендждер» де өткізілді. Атап айтқанда, аумақтардағы тосқауыл бекеттерінде жұмыс жасап жатқан медицина, полиция, әскери сала қызметкерлерінің еңбегін бағалауға шақыру мақсатында «Еңбек адамына рақмет!» эстафетасына бастамашы болды. Сонымен қатар, «Дәрігерлерге рақмет», «Карантиндегі кәсіп», «Тағы да дұрыс жасадың», «Кәсіподақтар Біргеміз» жастарды қолдау челлендждері облыстардағы жастар ұйымдарына жолданды. Ақтөбе облысының Кәсіподақтар Орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінiң төрағасы Ақылбек Шынтас өз еркімен еліміздегі Төтенше жағдайға байланысты әскерилермен бірге сапқа тұрып, аумақтық қорғаныс бригадасында қызмет етіп жатыр. Әскер қатарына қосылмас бұрын ол Ақтөбе қаласында 20 отбасыға азық түлік себеттерін табыстады.
Жамбыл облысы «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Бауыржан Қоңырбаев, Павлодар облысы «Келешек» жастар кеңесінің төрайымы Гүлзира Атабаева өз аймақтарында жедел штабтың, комиссиялардың құрамында болды.Төтенше жағдай кезінде жұмысынан айырылу жағдайлары, 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақының талаптары, зейнетақы алу өзгерістері бойынша сұрақтар аясында жастарға және жұмыскерлерге онлайн кеңес берді. Гүлзира Атабаева «Келешек» волонтерларымен бірге 23 сәуірден бастап Өспен көпірі №4 тосқауыл бекетінде қоғамдық кезекшілікке араласты.
Батыс Қазақстан облысының «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері 345 тұрғынға 42500 теңге көлеміндегі төлемақы бойыншаTelegramканал ашып, электрондық поштаға тіркеп, ақпараттық қолдау білдірді. Кеңес төрайымы Ақерке Шайқы «Тегін әлеуметтік дүкен» жобасын жүзеге асырып, облыстағы мұқтаж жандарға қайырымдылық іс-шараларын өткізіп жатыр. «Келешек» жастар кеңесінің мүшесі, түрік тілінің мұғалімі Баймұқан Гүлжанат ұйым атынан жастарға тегін «Түрік тілі» туралы дәрісін ұйымдастыруды жоспарлауда.
Қостанай облысының Кәсіподақтар Орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері 7 сәуірдегіқатты дауылдың кесірінен болған апаттардың салдарын жою мақсатында қызмет еткен энергетиктер бригадасымен кездесті. Күні-түні тынымсыз еңбек етіп жатқан жұмыскерлерге қолдау көрсетіп, ыстық тамақпен қамтамасыз етті.
«Келешек» жастар кеңесінің мүшелері Кәсіподақ Орталығымен Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша 100 отбасыға азық-түлік қорапшалары және қала тұрғындарына 2 000 бетперде таратты. Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Маңғыстау, Атырау, Алматы, Шығыс-Қазақстан облыстарында да «Келешек» жастары «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатымен бірігіп қайырымдылық акцияларға белсенді қатысып, азық-түлік пен антисептикалық құралдармен қамту бойынша көмек көрсетуде.
Жақын арада «КЕА» (Kazakhstan En’bek Adamy) Корпоративтік қорымен бірге «Qamqor Qazaqstan» жобасы бастау алғалы тұр, оған демеушілер тартылуда. «КЕА» - «Келешек» жастарының идеяларын жүзеге асыруға арналған Кәсіподақтар федерациясы құрған корпоративтік қор.
Қостанай облысында да ауылдық жерлердегі жоғары сынып оқушыларына құқықтық және компьютерлік сауаттылық, ағылшын тілі, ҰБТ-ға, олимпиадаларға дайындық бойынша көмек көрсету бойынша волонтерлар жиналуда . Бұл «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасы аясында Ақпарат және қоғамдық даму министірлігінің «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ тапсырысы бойынша жүзеге асырылып жатқан жоба.
Алдағы Ұлы Жеңіс күніне орай кәсіподақ жастарымен «Бейбітшілік үшін алғыс» акциясы қайта жаңғырды. «Евразийский диалог» халықаралық қорымен меморандум аясында Ұлы Отан соғысында қаза тауып, Ресей Федерациясының Иванов облысында жерленген 108 қазақстандық батырларымыздың туған-туыстарын іздеу жұмыстары жалғасуда. Әзірше, Кәсіподақтар Орталықтарының көмегімен Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарынан біраз отбасының туыстары табылып, байланыс орнатылды.