«Көне дүние күмбірі» айдарында әдеттегідей «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен жобамыз бойынша бүгін жалпыұлттық киелі нысандар қатарына енген Қазығұрт тау кешені жайлы деректермен таныстырамыз.
«Киелі тау», «жер жүзілік топан су», «Нұх пайғамбардың кемесі» жөнінде әлемдік мифологияда көптеген діни аңыз-әпсана бар. Олар негізінен иудейлік, христиандық, исламдық түпнұсқалардан тараған. Исламдық параллель негізіндегі «Қазығұрттың басында кеме қалған» деген қазақы мифологиялық нұсқаның өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл аңыз әрбір қазақ баласының жадында терең орнығып қалған және қазақ халқының ежелгі санасы әлемдік өркениеттен тыс қалмағанын айғақтайды. Талас Алатауының бір сілемі Қазығұрттың биіктігі – 1800 метр, жалпы ұзындығы – 20, ені 10 шақырымдай. Топонимнің шығу тегі туралы әрқилы болжамдар бар, мысалы, «Қазық жұрт», ал «құрт» көне түрік тілінде «қасқыр, бөрі» деген сөз, ал «қас» нағыз деген мағына береді. Бұл өлке тұнып тұрған тарихқа толы. Қазақтар, біріншіден, Нұх кемесін көкпен тілдескен заңғар тауларға қайырлатпайды. Өйткені, ислам қағидаты бойынша, «мен бәріңнен биікпін» деген өркеуделік болмау керек. Өзі аласа болса да, жер бетіндегі таулардың қасиеттісі. Екіншіден, топан судан аман қалған кемедегі төрт түліктің төлдері Қазығұрттың басынан өсіп-өніп, көбейіп тарағаны айтылады. Бұл жерде қазақтардың малшылық кәсібіне тән төрт түлік культі айқын аңғарылады.
Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған? Жетім бота үстінде жатып қалып, Ойсылқара жануар содан қалған. Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған? – деп халық жырында төрт түліктің бәрі – түйе, жылқы, қой-ешкі, сиыр – бас-басына атап айтылады және осылар төрт түліктің пірі болған дегенді меңзейді. Үшіншіден, бір назар аударатын жайт – кеменің, Нұх пайғамбардың, оның қасындағы адамдардың микротопонимдер арқылы Қазығұртта «локальдануы». Қазығұрт тауының басында, күнбатыс жағында азырақ тегіс жер бар. Ол жер «кеме қалған» деп аталады. «Нұх пайғамбарының кемесінің ізі», топан су тасқыны қайтқаннан кейін «Нұх пайғамбардың және оның жанындағы адамдардың мекендеген үңгірі», «Пайғамбардың намаз оқыған жері», үңгірдегі «бес саусағының ізі», «су ішкен бұлағы» деп аталатын топонимдер бар.
Төртіншіден, қазақ мифінде «Құдай баста жер мен көкті жаратқанда Қазығұрт тауы да бірге жаралған» дейді. «Нұх кемесі» қайырлағанға дейін де Қазығұртқа әулиелер аяқ басқан, сондықтан «киелі тау» деп түсіндіріледі. Жырдың «Ол әулие болмаса неге қалған?» деген жолдары Қазығұрттың әуелден қасиетті, әулиелі тау екенін көрсетіп тұр. Сондай-ақ бақсылар сарынында Қазығұрт ата әулиелер қатарында айтылған. С. Сейфуллин келтірген деректе: «Қазығұрттың басындағы үңгір – Қазығұрт атаның моласы. Оның белгісі – шаншулы ағаш көпке шейін тұрып келіпті. Жұрт Қазығұртқа шығып, сол молаға зиярат қылатын .
Басқа жерлерді бұлт басса, Қазығұрт басын бұлт баспайды. Егер де Қазығұрттың басына бұлт шығып, басы көрінбей қалса, қариялар «Қазығұрт қарасын киді» деп, қатындар күпарасын киеді дейді екен, Қазығұрттың басындағы бұлт жаумай кетпейді деп, малдарын жинап, шашылған дүниелері болса, үйлеріне кіргізетін еді» деп жазылған. Қазығұрт баурайында жазғытұры дала қызғалдақтары жайқалып өсіп, жер бетін айқара тұтып тұрады. Мол кеңістікті тегіс жауып, шоқтай жайнап, құлпыра өскен қызғалдақтар бейнесі – керемет әсем көрініс.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан