Сенбілік «Елорданың дидары» айдарынан қыр астынан көрінген қысқа көмір тапшылығын көрмейтіндей қамдана алдық па, интернет алаяқтардан қалай сақтану керек, іздеген мекенжайды табуда түнде жарық беретін тақтайшалар орнатылып жатқан көшелер туралы ақпараттарды біле аласыздар.
1.Көмір бағасы көтерілмейтін болады. Ол үшін Астана қаласының отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы баға өсімінің алдын алу үшін көмір сатушылармен меморандумдарға қол қойды. Астана қаласы әкімдігі көмір нарығындағы жағдайды күн сайын бақылауда және үнемі назарда ұстап отыр. «iKomek-109» мониторинг және жедел әрекет ету орталығында тұрғындарға арналған жедел желі жұмыс жасауда. Осы жылдың 20 қыркүйегіндегі жағдай бойынша: 20 қыркүйекке 7 вагон немесе 489 тонна көмір елордаға әкелінді; - 4 вагон Шұбаркөл (280 тонна); - 3 вагон Майкөбе (209 тонна); Көмір бағасы: Шұбаркөл - тоннасы 13500-14500 теңге; Қаражыра - тоннасы 14000 теңге; Майкөбе - тоннасы 12000-12500 теңге; Богатырь көмірі – тоннасы 8500-9500 теңгеден сатылуда.
2. Интернеттегі алаяқтардан сақ болыңыздар.Астана Ішкі істер департаменті тұрғындар мен қала қонақтарына интернет алаяқ фактілеріне қатысты ескерту жасайды. Ведомстваның мәліметінше әлеуметтік желіде алаяқтықтың телефон арқылы жүргізілетін жаңа схемасы пайда болған. Полицейлердің айтуынша, бүгінде iPhone мобильді телефонын заңсыз блокқа қоюға байланысты алаяқтық көбейіп кеткен және ары қарай оны ашып беру үшін ақша сұрайды. Қаскүнемдер көбіне «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі тұтынушылардың аккаунтын бұзып кіріп, достар тізіміне iCloud аккаунтыңмен кір деген өтініш хабарлама таратады, яғни «жоғалған» телефонын тауып алу үшін. Содан соң, смартфон белгісіз біреудің атынан блокқа түсіп қалады. «Алаяқтықтың тағы бір тараған түрі – алаяқтар сатып алушының кейпіне еніп, whatsАpp мессенджері арқылы интернетте айфон, айпад сату туралы хабарлама берушімен хат жазысады. Жазысу барысында алаяқ iCloud-ның барлық моделге сәйкес келмейтінін айтып, құрбандығына логин мен паролін жіберіп, өзінің аккаунтын тексеріп беруін өтінеді. Келісімнен соң зардап шегуші бөтен ақпаратты өзінің телефонына енгізеді, ары қарай алаяқ ұялы байланысты ашып беру үшін QIWI электронды төлем жүйесі арқылы ақша төлеуін ұсынады», - делінген астаналық ІІД баспасөз қызметінің хабарламасында. Астана ІІД қызметкерлері азаматтарды барынша сақ болып, әлеуметтік желі ресурстарында араласу барысында бөтен адамдарға сене бермеу керектігін ескертеді.
3. Көшелерді іздесеңіздер жарық жинағыш тақтайшалар көмектеседі. Астана қаласының 15 көшесінде сәуле жарығымен жарықтандырылған жаңа тақтайшалар пайда болуда. Жарық жинағыш аншлагтар дәстүрлі тактайшаларды алмастыруда.Үйдің мекенжайын көрсететін ерекше жарық жинағыш тақтайшалар фотолюминесценттік қабықшадан жасалған, бұл түнде сәуле шығару мүмкіндігі бар материал түрі. «Сәуле шығару материал құрамында люминофор аталатын қабықшасының болуына байланысты. Бұл заттектің құрамындағы бөлшектер қайнар көзден энергияны жылдам жинақтап, содан кейін электр қуатын пайдаланбай түнде ұзақ уақыт бойы жарық бере алады», дейді «Байқоңыр» ауданының әкімі Ерлан Каналимов. Жаңа тақтайшалардағы жарықтың әсер ету ұзақтығына байланысты сәуле тарату уақыты 4 сағаттан 12 сағатқа дейін. Е. Каналимовтың айтуынша, қазіргі таңда «Байқоңыр» ауданындағы көшелердің атауы мен үйлердің реттік нөмірі жазылған аншлагтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар мына мекенжайларда атқарылуда: Ж. Ташенов көш., А. Бараев көш., Республика даңғ., А. Иманов көш., Кенесары көш., Абай даңғ., Ж. Досмұхамедұлы көш., Асан қайғы көш., А. Янушкевич көш., А. Пушкин көш., А. Кравцов көш., Сембинов көш., А. Жұбанов көш., М. Ғабдуллин көш., Ш. Уалиханов көш.
Материалда пайдаланылған ақпараттар Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтынан алынды.