- Сіз ҚР Кәсіподақтар Федерациясынан «Nur Otan” партиясының праймеризіне қатысып, бағдарламаңызда “Қазақстан халқын мемлекеттік тіл төңірегіне ұйыстырамын”, деп мақсат қойған екенсіз.
Құр сөзден іске көшетін уақыт әлдеқайда жеткенін ескерсек,оған қалай қол жеткізуге болады?
- 20 жылға жуық уақыт елдегі қазақстандық бірегейлік пен бірліктің қалыптасуы жолында қызмет етіп келемін. Қазақтың киелі жерін құт мекен еткен әрбір азаматтың этностық тегіне қарамастан өзінің тағдыры мен болашағын Қазақстанмен байланыстыруы үшін еңбек еттім. Ендігі кезекте сан жылдар бойы жинақтаған тәжірибемді Қазақстан халқының Мемлекеттік тіл төңірегіне ұйысуына жұмсасам деймін. Себебі, бір тілде сөйлемеген халық біріге де алмайды деген ұстаным әрқашан жүрегімде.
Халықтың мәдениеті оның тілімен жасалатыны белгілі. Тіл – халықтың жан-дүниесі, рухани негізі мен ел еркіндігін, ұлт¬тың ұлылығын танытатын бас¬ты күш. Ұлт болмысын ұғындырып, жалпы жұртты төңірегіне топтастырушы, біріктіруші ретінде де саналады. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі деген жөн.Тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өзінің азаматтық міндетін атқарғанда ғана ол нәтижелі болатынына күн сайын көз жеткізіліп келеді. Соның айқын дәлелі «Мың бала» және «Мәміле» жобалары. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мемлекеттік тілді насихаттауға, қазақ халқының мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін танытуға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени ағартушылық жобасын айтсақ болады. 2015 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жобада әртүрлі ұлт өкілдерін қазақ тіліне оқыту барысында азаматтық ұстанымында қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту мен дамытуға жәрдемдесуді көздейді. Оның бағдарламасы «мәдени-тілдік ортаны игертуге» бағытталған халықаралық тәжірибенің мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық қатысушыларды мәдени-лингвистикалық ортаға толығымен енгізетіндей етіп құрылған: мемлекеттік тілде фильмдер мен мультфильмдер көруге, шығармашылық жобаларды қорғауға, театрландырылған қойылымдарға, конкурстар мен байқауларға қатысуға арналған. «Мәміле» жобасының аясында өзге ұлттар және мемлекеттік тілге қызығушылығы болған адамдар үшін республиканың 17 аумағында арнайы тіл үйрену клубтары жұмыс жасайды. Сонымен бірге, Қазақтану жобасы арқылы өзге ұлт өкілдері қазақтың болмысын, мәдениетін, әдебиетін, тарихын біледі. Біз көпұлтты мемлекетпіз. Осы жоба біздегі ұлттарды ұйыстырып, қазақтың мәртебесін биіктетуге күш салады. Біздің елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері қазақтың болмысы кең, дархан ел екенін насихаттайды. Аталмыш жобаның рухани жаңғыруға, мәңгілік ел рухын көтеруге қосатын өзіндік үлесі мол деп білемін.
- Кәсіподақтар федерациясында Халықаралық бөлімді басқарасыз, халықаралық медиаторлығыңыз бар. Еңбек адамының мүддесін қорғауда халықаралық талаптарға сай қандай заңнамалық өзгерістер қажет?
Құқық саласының маманы болғандықтан, жұмыс беруші құқығын шектемей-ақ, еңбек адамының мәртебесін, құқығын қорғайтын заңнамалық өзгерістерді ұсынамын.
Жалпы заңнамада көбінесе жұмыс берушінің құқығын қолдауға көп мән берілген, ал жұмысшы тарапы назардан тыс қалып жатады. Сол үшін жұмысшының құқығын қорғау мақсатында заңнамаға өзгерістердің енгізілуі маңызды деп білемін.
Мысалы, Еңбек Кодексіне жұмыскерлердің талаптарын ұсыну және татуластыру рәсімдерін (татуластыру комиссиялары, еңбек төрелігі) жүргізу жөніндегі рәсімдерді оңайлату бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет деп санаймын.
- "Қазақстан-ортақ үйіміз”деген ұранға айналған сөздің астарында осында тұратын этнос өкілдеріне қоғамдағы барлық мәселелердің ортақ екені мәлім. Біздің қоғамда ұлттық құндылықтар жүйесін қалай қалыптастыруға болады?
Адам өмірін қоғамсыз елестету қиын. Өркениетті қоғамда кез кел¬ген жеке тұлға өзін қоршаған ортаның талаптары мен тәртіп¬терін сақтай отырып, түрлі игіліктерге қол жеткізе алады. Сон¬дықтан адамдар бірлігі қоғамды ұдайы алға жетелеп отыра¬тын, даму мен табыстың негізі саналатын құндылықтар бо¬лады.
Қазақстан – ортақ үйіміз. Біріншіден, мұнда 132-ден астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүреміз. Екіншіден, ата-бабаларымыздың тарихы бәрімізге ортақ. Үшіншіден, бірліктің күшімен, найзаның ұшымен демекші, тәуелсіздікке жету жолында бар халық ортақтасып, осы жетістікке жетті. Отанға деген шынайы сүйіспеншілік қана бізді «Мәңгілік ел» идеясын іске асыруға жігерлендіреді. Ол үшін жастар мен жасөспірімдерді ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеудің жаңа жүйесін қалыптастыруды көздеймін.
- Дәрігерлер отбасында өмірге келген Сіздің бірнеше тілді меңгеруге, қоғам мақтанышы марапатын иеленуге дейінгі жолыңызда кімдердің игі әсері мен ықпалы болды?
Қоғамдық жұмысқа белсене араласып, кәсіби маман,тұлға болып қалыптасуыма анам мен әкемнің ықпалы зор болды. Тілге деген махаббатым пен қызығушылығымды анам жүрегіме ұялатқан болса, әкем тілдерді оқып меңгеруімді толығымен қолдады.
«Көп тілді білу – адамның білімін арттырады. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте демекші, тіл үйрену ешуақытта артықтық етпейді. Өзге тілді меңгеру арқылы сіз басқа әлемге енесіз. Оған басқаша көзқараспен қарайсыз. Әлемді басқа қырынан танисыз.Біз өзгелердің мәдениетіндегі дүниені өзімізге сіңістіре аламыз. Қазақ, өзбек,орыс,ағылшын және араб тілдерін жетік меңгердім, бұған қоса урду,түрік және парсы тілдерінде сөйлей аламын. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл!», демекші ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының халықаралық бөлімінің басшысы ретінде қызметімде бірнеше тілдерді білуім қоғамдағы көп мәселелерге терең үңілуге мүмкіндік береді.
Біз бір қоғамда өмір сүріп жатқан соң ұстаздарымның тәлімі, әріптестеріммен достарымның қолдауының да әсер еткені сөзсіз.
Қыркүйектің соңғы жексенбісінде Қазақстанда барлық еңбекшілердің мерекесі болып табылатын Еңбек күні атап өтіледі. Ол – жұмысшы кәсібін насихаттап, жастарды өндіріс саласына тартуға, жұмысшылар әулетінің көп жылғы дәстүрлерін нығайтуға, еңбек өнімділігін ынталандыруға бағытталған. Осы сәтті пайдалана отырып барша еңбекшілерді төл мерекелерімен құттықтаймын.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.