- «Нұр-Отан» партиясы ұйымдастырған Праймеризге қатысуға Парламент Мәжілісіне депутаттыққа үміткер ретінде Кәсіподақтар федерациясынан ұсынылған екенсіз. «Ынтымақ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының төрағасысыз. Қоғамдық қозғалыстан заң шығарушы билікке ұмтылысыңызда мақсатыңыз қандай?
- Мен Кәсіподақтар федерациясында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келемін.Төрағаның көмекшісінен бастап,орынбасарлығына дейінгі үлкен өмір және еңбек мектебінен өттім. Осы жылдар ішінде әдістемелік жұмыстар,әйелдер құқығын қорғау,еңбек даулары мен жанжалдарды шешу мәселелерімен айналыстым. Депутат болып сайланған жағдайда басты мақсатым-өзіме үміт артқан сайлаушыларымның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу,еңбек қатынастарында әлеуметтік әріптестікті жүзеге асыру,Еңбек адамының мәртебесін көтеру. Оның бәрін сайлауалды бағдарламамда жеті басты міндеттер ретінде топтастырдым. Түйіп айтқанда, жұмыскер өзін қауіпсіз сезінуі,тамағы тоқ болуы және ертеңгі күнге сеніммен қарай алуы керек. Өзім «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалыссам деймін.
Жақында Кәсіподақтар федерациясының 26 съезі өткізілді, онда 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға-бірлікте» атты маңызды құжат, яғни Стратегия қабылданды. Осы Стратегияда : « халықтың әл-ауқатын арттыру,қоғамдағы теңсіздікті төмендету,экономиканы дамыту және жұмыспен қамтуды қолдау,азаматтық қоғамды қалыптастыру бойынша әлеуметтік әріптестіктің қолдану аясын кеңейту» қажет екендігі атап көрсетілген.Сонда бұдан келіп, Еңбек адамына лайықты жалақы, лайықты өмір және әділеттілікпен даму жолындағы бірлік деген басты мақсат айқындалып тұр.
- «Ынтымақ» 2018 жылы құрылған жаңа салалық кәсіподақ. Аз уақыттың ішінде 50 мыңға жуық мүшеміз бар. Оның құрылуына ұйытқы болған – Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин. Атын қойғаннан бастап, көп жаңашылдықты пайдалануды мақсат еткен,сол басталған сара жолды жалғастыру маған үлкен мәртебе. «Цифрлы кәсіподақ» мобильді қосымшасы арқылы кәсіподақ мүшелерімен жұмыс ашық әрі тікелей байланыста жүргізіледі.
- Өмірбаяныңызға үңілсек, мамандығыңыз тарихшы, Сізді еңбек жолыңызда кәсіподаққа бағыттаған қандай күш, әдетте кәсіподақта тек жасы зейнеткерлікке жақындаған жандар ғана жұмыс істейді деп ойлайды ғой, сіз мұнда 12 жылдай қызмет атқарып келеді екенсіз, яғни 23 жастан бастап...
- Кәсіподақ - үлкен өмір және еңбек мектебі. Менің де бұл мектепте ұзақ жолдан өтуіме тура келді. Алдымен келу себебім жайлы бастасам, қарапайым отбасында өстім. Әкем ішкі істер органында қызмет атқарды, анам мұғалім. Еңбекке ерте араластым. 2-ші курста оқып жүргенде Жезқазған қаласындағы Тайжан Қалмағанбетов атындағы филармонияда жұмыс істедім. Жас кезімнен өнерге бейімділігім бар, ән айтамын, диктор-жүргізуші болып, сол кезде 4 мың теңге айлық алдым.2003 жыл менің алғаш еңбек жолым басталған,ол кезде 18 жастан енді ғана асқан кезім. Отбасында өзімнен үлкен екі әпкем бар, мен үйде жалғыз ұл болғасын ата-анама көмектессем деген оймен жұмыс істедім. Ө.Байқоңыров атындағы университетті бітірдім, оқу орнының қабырғасында жастар саясаты комитетін басқардым,бойымда ұйымдастырушылық қасиет болды. Университетте өтетін барлық іс-шараларды ұйымдастыруға белсенді атсалыстым. Республикалық дебаттарға дейін қатыстым. Одан кейін 2006 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетіне магистратураға оқуға түскеннен кейін де еңбектен қол үзбей, 2-3 ай медициналық колледжге тарих пен саясаттанудан сабақ бердім. Магистратураны бітіргесін ҚР Тұңғыш Президент музейіне жұмысқа орналастым. Жастайымнан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қарапайым жұмысшыдан басталған еңбек жолы мен тәуелсіз елімізді қалыптастырудағы рөлі мен үшін үлгі-өнеге болды десем, музейде тарихшы ретінде одан әрі зерттеп-зерделеуіме мүмкіндік алдым. Музейде көптеген іс-шараларды ұйымдастырып жүріп, белсенділігіммен ерекшеленген болуым керек, сол музейдің бастауыш кәсіподақ ұйымына төраға етіп сайлады. Міне,алғашқы менің кәсіподақ өміріне араласуым нақ осы кезден бастау алды. Сонда жүргенде Астана қалалық кәсіподақ орталығының басшысы Сәрсенбек Бердіғалиұлы ұйымдастырған бір іс-шараға қатыстым. Форумда сөйлеген сөзім ұнаған шығар ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев өзіне көмекші болуға жұмысқа шақырды. Әлі есімде 2008 жылы 21 мамыр күні үлкен өмір жолындағы мектепке осылай қадам бастым. Қазірге дейін ол кісіні ұстаз санаймын, өзімді толғандырған мәселелер бойынша ақылдасамын, маған кәсіподақ жолында бағыт беруші қайраткер тұлға деп есептеймін.
- Бізде ресми статистика бойынша халқымыздың 30 пайызы жастар, Кәсіподақ федерациясында 32 пайыз, жалпы елімізде жастардың қоғамның қозғаушы күші ретінде орны бар ма? Жастар арасындағы жұмыссыздық заман талабына ілесе алмаудан, кейбір мамандықтарға сұраныс жоқтығынан, кейде нарықтағы еңбек күшін қажет ететін жұмыстарды олар қаламағандықтан деп айтылып жүр, бұл тұрғыда ойыңыз қандай?
- Мен Маңғыстау өңірінде жұмыс істеген кезде 5-6 разрядты дәнекерлеушіге сұраныс өте жоғары болды, ал жастардың қарапайым слесарь немесе электр дәнекерлеуші болғысы келмейді, жылы орында отырып қызмет атқарсам дейді. Бәріміз қаржыгер,заңгер болуға ұмтылғанмен, қазіргі нарық талабы оны қажет етіп отырған жоқ. Уақыт талабына сай озық технологияларды енгізу, автоматтандыру процестеріне IT мамандарға сұраныс көп, ал ол салаға өзге ұлттың жастары көбірек ұмтылады. Мен мұны жанашырлықтан айтып отырмын. Дәнекерлеушінің де,мұнайшының да жалақысы жақсы.Кеншінің де жалақысы жоғары. Ал, неге ол мамандықтарға ешкім бармайды дегенге келетін болсақ,алдыңнан кесе көлденеңдеп, еңбек орнындағы қауіпсіз еңбек жағдайын жасау мәселесі шығады. Шахтерлардың жер астындағы еңбегі үлкен қажырлылық пен қоса тәуекелді қажет етеді. Әркім өз баласының өміріне алаңдайды. Сондықтан қазір кеншілердің орта жасы 45 болып тұр. Жастарды кенші мамандығына тарту үшін баспана мәселесіне жеңілдік қарастырылса, зейнетке шығу жасы төмендетілсе,бір сөзбен айтқанда атқарған ауыр еңбектің бейнетіне –лайықты еңбек жағдайы жасалса бұл мәселе шешімін табар еді.Өзім куә болған мұнай саласындағы еңбек ететіндердің жағдайлары жақсы, жатын орындары бәрі талапқа сай жабдықталған. 700 мың теңгеге дейін жалақы алып, 15 күндік вахтада жұмыс істейтіндер бар.
- Сіз солай дегенмен, мұнайшылардың да мұңы жеткілікті, шетелдік мамандар олардан әлдеқайда жалақыны көп алатыны, қарапайым жұмысшыны да жергілікті тұрғындар емес, басқа елдерден әкелетіндері жасырын емес қой. Бұл тұрғыда қаншама еңбек даулары мен жанжалдар болды. Маңғыстау өңірінде 4 жылға жуық қызмет атқарыпсыз, өзіңіз шешімін табуға атсалысқан қандай ерекше жағдайлар есіңізде қалды?
- Маңғыстау жері өте киелі өлке. Туған жерім - Арқа өңірі, ата-бабамыз Жаңаарқада туып-өскен, өзім Жезқазғанда дүниеге келдім. Маңғыстауға қызметке 2015 жылы бардым.Ол кезде Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов еді. Маған Маңғыстау өңіріне қызметке баруға ұсыныс жасады. Ол жақта туған-туысым жоқ,ойланып қалдым. Бірақ, жанжалдарды зерттеуші саясаттанушы ретінде теория жүзіндегі білімімді тәжірибеге асыруға үлкен мүмкіндік туды. Мен «Маңғыстау кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы болып қызметке барғанымда 30 жаста едім. Еліміз бойынша сол кезде қиын өңір болып саналатын жерге менің келуімді бірден бәрі қабылдай қоймады. Сын көзбен қарады.Сол кезде Кәсіподақ федерациясының төрағасы облыс әкіміне: «егер ол жұмыс істей алмаса,бір жылдан кейін ауыстырамын» деген.Сонда 100 күндік жұмысымды қорытындылап,брифинг өткізгенде үлкен жастағы Маңғыстау облыстық газетінің тілшісі : «Бауырым өзің қай жақтансың,мұнда не іздеп келдің?» деді, мен ол кісі атқарған жұмысым жайлы сұрақ қоятын шығар деп ойлағанмын ғой, бірден тосылмай,байыппен: «Жүйріктігіңді білгің келсе, арғымақ өсірген ауылға бар, жігіттігіңді көргің келсе, азамат өсірген елге бар» деген. Мен үшін қазақтың барлық жері қасиетті, киелі Маңғыстауға тәжірибе жинап,өзімді шыңдауға келдім», деп жауап берсімен,ол кісі : «Әбіш ағамыздың сөзін айтып,тәнті еттің, бауырым,» - деп риза болып қолымды алды. Мен сол жылдары кәсіподақ мүшелерін 28 мыңнан - 85 мыңға дейін көбейттім, 30 еңбек дауына қатыстым. Оның дені бейбіт жолмен шешілді.Соның ерекше есімде қалғаны- Жаңаөзенде бұрғылау компаниясында болды.Мың адам далада тұрды.Қоятын талаптары бар.Мен мұндай жағдайды бірінші рет көрдім,бұған дейін теориясын оқысам,тәжірибем мүлде жоқ. Ол жердегі тәртіпке жауап беретін орган өкілдері: «Сізді кіргізбейміз,олар тас лақтырып, жарақат алсаңыз, біз жауап береміз» деп жібермегесін, «өзім қол қойып беремін, сыртта тұрып не бітірмекпін,өзімнің халқым», деп бардым. Мың адамның сөзін қалай тыңдай аласың,мүмкін емес қой,содан араларыңыздан 7 адам шықсын,барлық талаптарыңызды солар айтсын деп келістік. Олардың қойған 7 талабын қарап,танысып, оның барлығын болмаса да қаншасын шешсек тарайсыңдар деп сұрадым. Олар оның 4-і шешілсе болды деді. Сол кезде «Бұрғылау»ЖШС кәсіподақ жетекшісі Сәдуақас Бекқалиев деген азамат,беделді кісі,онымен сөйлесіп, сосын жұмыс берушіге бардым,ол барлық талабын да шеше алмаймын, жұмыстан шығарамын деп отыр. Ақыры 3 талабын шешемін деді, 4 талабын облыс әкімі шеше алады екен, ол кезде облыс әкімі Алик Айдарбаев болатын,ол кісіні жолдан күтіп алып,мән-жайды түсіндіріп, «жұмыс берушіге айтып, қалған талаптарды өзіңіз шешуге көмектесіңіз» дедім. Дөңгелек үстел басында әкім жұмыс берушімен келісе отырып, сол даудың 6 талабын орындатты. Бұл менің қатысқан еңбек дауымның алғашқысы, үлкен тәжірибе мектебі әрі кәсіподақ тарихында да оңтайлы шешілген еңбек дауы болып есте қалды.Өзіміздің елдің компанияларынан гөрі сырттан келгендермен мұндай жағдайларда бір шешімге келу қиын. Сондай Қытай компаниясы « Buzachi Operating» бұл 2016 жылғы болған жағдай,онда барлық процедуралардан өттік, татуласу,еңбек арбитражы,комиссия мүшелері кім болады білмейміз,бұған дейін мұндай жағдай 1997 жылы «Арселлор Митталлда» болған екен,ол кезде заң басқа,талап та өзгеше. Қазақстанда болмаған жағдайда қатысып көрдім, жұмыс берушіден екі адам, жұмысшылардан екі адам, әкімшіліктен бір адам, ешқайсына қатысы жоқ тәуелсіз сарапшы болу керек және кәсіподақтан мені арбитраждың төрағасы қылды. Бұл еңбек дауы шешілмесе олар тұра береді,аштық жариялауы мүмкін,менде екі дауыс бар. Дау екі-үш күнге созылды, жалақыларын 15 пайызға көтеріп,сол кезде 200 мыңға дейін жеткізу ,бұл үлкен жеңіс болды. Республика деңгейінде кәсіподақтар үшін де үлкен абыройлы іс болды, КАЗГЮУ-да дипломдық жұмыс қорғалды арбитраж бойынша. Мен ғылыми мақала жаздым.
- Баланы жастайынан еңбекке баулу деген бар, сіз өскен отбасының ұстанымы қандай болды, өзіңіз балаларыңызды қалай тәрбиелеп жүрсіз?
- «Отан отбасынан басталады», демекші, мені жастайымнан отбасымда еңбекпен тәрбиеледі. Жаңарқа ауданында Ақтай деген ауыл бар.Сол ауылда ата-әжемнің қолында өстім.Мен туғанда атам атымды Қайрақбай деп қойды, «түсімде аян берді,би болатын бала деп,заң жағына барар» деп айтқан екен. Қазір сол дау-жанжалдарды реттеу,саясаттану бойынша жұмыс істеген кезде атамның айтқаны есіме оралады. Мәскеуде Еңбек және әлеуметтік қатынастар Академиясында аспирантурада оқыдым,саясаттанудан кандидаттық диссертация қорғадым. Әжем барлық немерелерінің ішінде жалғыз ұл болғасын, атымды атамай «жаман» деп еркелетеді. Ауылда еңбекке баулу деп айтылмай-ақ, өзің жұмысқа араласып кетесің, үйдің жұмысы таусылмайды. Мал қарайсың, шөп саласың, қазіргідей қолыңа планшет ұстап жатып алмайсың. Өзімнің екі қыз,бір ұлым бар. Әке-шешеммен бірге тұрамын. Балалар ата-әжесінен барлық отбасылық құндылықтарды бойына сіңіріп өсіп келеді. Жақында ауылға барғанда қызым айтады « ауылда тұру қандай қиын,бәрін қолмен істейді» деп. Ауылда интернет жоқ, бірақ кітапты көп оқуға мүмкіндік бар.
«Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» , деген ән жолдарындағыдай, ауылды аңсап тұрамын, бүгінде 84 жасқа келген әжемнің құшағына еніп, «жаман» немересі алдағы жақсы армандарын орындау үшін батасын алып, сағынышын басып қайтады.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.