Тіл майданында күресіп жүрген сарбаздар қыркүйек айының бесінші жұлдызын асыға күтеді. Дәл осы айда елімізде Тілдер мерекесі тойланады. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан халқы тілдері күні. Осыған дейін бұл мереке 22 қыркүйекте аталып өтсе, соңғы үш жылдан бері 5 қыркүйекте тойлап жүрміз. Себебі бұл күн ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің реформаторы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келгендігімен есте жақсы сақталады. Сөзіміздің басында «тіл майданының сарбаздары асыға күтеді» деуіміздің сыры – осы.
Тіл, діл, ұлттық құндылықтарды сақтап қалудың жалғыз жолы – оны өлтіріп алмау, өміршең ету. Тілімізді шұбарлап, сөз арасында өзге тілді қыстыра сөйлеу, не мүлде қазақша сөйлемеу өз қазағымыздың арасында, әсіресе, даладан гөрі қала қазағында басымырақ. Жастарға «тәйт» деп ескерту жасап жатқанда, ақыл тоқтатқан ағаларымыздың сарнап тұратыны жанды ауыртпайды емес, ауыртады. Мейлі банкке, сауда орталықтарына, әлеуметтік-мәдени нысандарға, мемлекеттік мекемелерге бара қалсаңыз, қызметкердің есіктен «здраствуйте» деп қарсы алатыны кім-кімге де жасырын емес. Енді қайтпек керек? Қолды көтеріп, жеңілдік десек, ұрпақ алдындағы жауапкершілік, бабалар алдындағы аманатқа қиянат. Сондықтан тығырықтан жол іздеп көрдік. Сөзімізді саптарда Ахмет Байтұрсынұлының есімін бекер атамадық. Өйткені ұлтқа керек істе ұйқыдағы намысты сары маса болып ызыңдап оятпасақ болмайды.
Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасымен бірлесіп «Тіл фестивалі» аясында «Мен қазақша сөйлеймін» акциясын өткіздік. Мақсатымыз бір күндік дүрмек емес, мысқалдай болса да ой салу. Акцияда қала тұрғындары мен қонақтарына екі тілде жасалған тілашар, сөздіктер таратылды. «Волонтерлер лигасының» еріктілері бұл іске белсенді қатысып, қолдау білдірді. Екі күн бойы елордадағы халық көп жүретін мәдени орындарда, саябақтар мен сауда орталықтарында түрлі акциялар ұйымдастырылды. Мұның бәрі, сайып келгенде, тіл жанашырларының ортақ іске қосқан үлесі болды.
Акцияның арнайы белгісі бар футболка киген еріктілер қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, Қазақстан халқы тілдері мерекесі туралы дайындалған материалдарды (салалық сөздіктер, мерекелік бағдарлама буклеттері) қоғамдық орындарда таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Акция «Бәйтерек» маңындағы желекжолда басталып, «Хан шатыр» маңында аяқталды. Сонымен қатар аталған акция елордадағы ботаникалық бақ, сапаржай, Нұрлы жол вокзалы, жағажай, «Қазақстан» спорт кешені, Мега, Керуен, Азия парк аумағында да өтті. Тіл фестивалінің бағдарламасы жазылған төрт бұрышты фото рамка қойылып, қала тұрғындарын естелік суретке кәсіби фотографтар түсірді.
Қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Тіл фестивалін» қыркүйектің соңына дейін өткізеді. Әр азаматтың мемлекеттік тілді құрметтеуі – өзі өмір сүріп жатқан елді құрметтеуі. Ал сыйлағанға сый көрсету адами парыз. Олай болса, мемлекеттік тіл тек қазақтың ана тілі ғана емес, бүкіл Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Осыны ұмытпаған жөн
Жанболат Шәкім,
журналист .