Ұрпақ тәрбиесіне қатысты өзекті ойларын ортаға салған Тұрар Шәкен: «Қазақ халқы — рухани зор байлықтың мұрагері. Сол рухани мұрамен ұрпағымызды сусындатып, өнегелі де, намысты, отансүйгіш жастар тәрбиелеуге болады. Бұл - бүгінгі күннің басты бағдары, талабы болу керек!»-дейді бізге берген сұқбатында.
- Сіз «NurOtan» өткізгелі отырған праймеризге қатысуға бел буыпсыз. Не үшін мұндай шешім қабылдадыңыз?
Праймеризге қатысу жайлы ұсыныс түскенде көп ойландым. Шешімге келу оңай болмады. Бірақ ұсынысты ой елегінен өткізіп, жан-жақты таразылап, қоғамды өзгерткім келсем, неге мен қоғамды өзгерткім келсем, отбасымда, шәй ішіп отырып, билікке сын айтқан белсенділігімнен қандай пайда бар, қоғамды, елді өзгертіп, халқыма пайдам тисін десем, неге өзгерісті өзімнен бастамаймын, неге өзіңнің ұстанымыма берік болып, қолымнан келгенше елімнің, халқымның болашағына қызмет етуге күш салмаймын, - деген шешімге келдім.
Бүгінде билік пен халықтың арасы алшақтап кетті. Халық билікке сенбейді. «NurOtan» партиясы халықтың сенімін арттыру үшін праймериз жасап жатса, құр сынап отыра бергенше, қатысып көрейін, бұл да бір бәйге, саяси бәйге ғой, өзімнің қаншалықты деңгейде бәйгеге лайық «тұлпар» екенімді де байқап көргім келеді. Және біраз елім, жерім деп жүрген ұлтжанды азаматтарға да қатысыңдар деп айттым. Сен бармасаң, сенің орныңа басқа барады. Ол ертең үддеден шықпаса, тағы сынаймыз. Қатысып көріңдер, өтсеңдер, Отаныңа, халқыңа қызмет етіп, қоғамды өзгертуге күш салып, еліңе пайдаңды тигізесіңдер дедім.
«Nur Otan» партиясы праймериз жасап, өзгеріске дайын екенін білдіріп отырғаннан кейін, бұл саяси науқанның барынша адал, әділ өтуіне бар мүмкіндігін жасауы керек. Праймеризде халықтың мұң-мұқтажына құлақ асатын, халықпен тіл табыса алатын, халықтың алдына шығуға қорықпайтын, сөзі мен әрекеті сай, адал, белсенді әрі бастамашыл, шын мәнінде ел болашағын өзгертемін деген үміткерлер жеңіп шықса ғана «Nur Otan» партиясы ел сенімін жинап, халық үддесінен шыға алады.
Бүгінде депутат болу үшін ақшаң, бизнесің, тамыр-танысың болуы керек деген түсініктің бары ешкімге жасырын емес. Міне осындай пікірден арылу үшін нағыз ел аманатын арқалайтын, қабілетті, қоғамдағы кез келген келеңсіздікке бейжай қарамай, шын жаны ашып араласа алатын, олардың шешу жолдарын ұсына білетін, бастамашыл, қоғамдық жұмыстың ортасында жүруден қорықпайтын, өресі биік азаматтар халық қалаулысы болуы керек!
2. Иә, Сіз көптен бері ұлт болашағы, ұрпақ қамы деп алаңдап, ойыңызды жасырған емессіз. Бағдарламаңызда нақты нені қолға алсам (тындырсам) деп отырсыз?
Қазақ халқы — рухани зор байлықтың мұрагері. Сол рухани мұрамен ұрпағымызды сусындатып, өнегелі де, намысты, отансүйгіш жастар тәрбиелеуге болады. Бұл - бүгінгі күннің басты бағдары, талабы болу керек!
Рухани азғындаудан арылудың жолы – ұлттық тәрбиені қолға алу болмақ. Осы мақсаттарды орындау жолында алдымен авторлық жобам болған, бүгінде мемлекеттік органда ресми тіркеліп, қоғамдық бірлестікке айналған «Қара шаңырақ» бағдарламасын іске асыруға басшылық жасап жүрмін. Бүгінде «Қара шаңырақ» жобасы аясында ажырасудың алдын алу, жастарды отбасылық өмірге дайындау мақсатында «Жас Отау» орталығының, «Жақсы ата-ана болу мектебінің» жұмысы жүргізіліп отыр. «Сырлы Сарыарқа» рухани-танымдық клубының, «Ертегі-ел ертеңі» жобасы іске асырылып жатыр.
Теледидар – тәрбие құралы екені сөзсіз. Бүгінде отандық телеарналардың өскелең ұрпаққа ұсынып отырған дүниесі көңіл көншітпейді. Отандық аннимация өнімдерінде ұлттық болмыс, ұлтық сипат жоқ десе де болады. Әрине, мүлдем жоқ деуден аулақпын, бірақ аз. Ұлттық өнім аз болғандықтан, көкжәшікті шетелдік дүние жаулап жатыр, ал ол біздің ұрпақтың тәрбиесіне кері әсерін тигізіп жатыр. Біздің Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Қабанбай, Бөгенбай сынды батыр¬ла¬рымыз, Абылай хан, Тәуке хан сияқты хандарымыз, шешендеріміз мен билеріміз мультфильмге кейіпкер бола алмай ма? Желаяқ, Таусоғар, Толағайлар бала еліктейтіндей мықты кейіпкер бола алмай ма?
Егер осы кейіпкерлерден топтамалы мультфильмдер жасасақ, ұрпағымыз Шрек, Өрмекші адам, Маша мен Медведь, Спандж Бобтарды емес, қазақ батырларының атын жатқа біліп өсер еді!
ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ
Шын мәнінде бүгінде елімізде экологиялық сауаттылық,экологиялық мәдениет қалыптастыру керек. Қоқысты көрінген жерге тастау, темекі тұқылын көлік терезесінен лақтыру, күні кеше Көбейтұздың тұзын қаптап әкету. Осындай қылықтың себебі, түп-тамыры тәрбиенің жемісі! Ал шындығында алып қарасақ, экотәрбие біздің қанымызда бар.
Ұрпағын «көк шөпті жұлма, шыбықты сындырма, құс ұясын бұзба, жұмыртқасын шақпа, бұлақ көрсең, көзін аш, судың да сұрауы бар, атадан мал қалғанша, тал қалсын,аққуды атпа, құмырсақаның илеуін бұзба, жануарды қинама»,-деп тәрбиелеген. Өйткені жас тіршілік иесі- тірлік көзі деп санаған. Олар жоғары оқу тауыспай-ақ, профессор болмай-ақ экотәрбиені терең меңгерген, ұрпағына да осыны сіңдірген. Түсіне білгенге ұлттық тәрбие – тұнып тұрған экотәрбие. Оны басқадан іздеудің қажеті жоқ! Мектеп бағдарламасы ұлттық тәрбиеге негізделсе, құстың қос қанаты тәрізді «тәрбие мен білімнен» қалыптасқан бүгінгі ұрпағымыз, ертеңгі қоғам азаматтары мықты болмақ!
«Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз,-деп Ахмет Байтұрсынов айтпақшы, бізге осындай ұланғайыр жерді, рухани мол ұлттық құндылықтарды аманат етіп кеткен бабалар аманатына берік болып, ел азаматы ретінде өзімізге жүктелген міндетімізге адал болайық!
Сұқбаттасқан Бердібек Хабай.