«Мемлекеттік қызметші болу өте жауапты. Істеген ісі халық алдында, қабылданған шешімдер мен жүргізілген саясаттың тиімділігін бақылау уақыт өткеннен кейін ғана мүмкін. Заманның талабына сай мемлекеттік қызметшінің тек кәсіби біліктілігі ғана емес, сонымен қатар адами қасиеттері жоғары болу керек»,- дейді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Қуанышұлы Әбіл Qazir.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Q: Сіз Жезқазған қаласы облыс орталығы мәртебесін алған кезде өмірге келіпсіз. Ата-анаңыз, өскен ортаңыз, туған жерде басталған еңбек жолыңыз жайлы тоқталып өтсеңіз?
- Ата-анам қасиетті Ұлытаудан.Әкем, Қуаныш Хамзеұлы үлкен отбасының екінші баласы болғаннан кейін жастайынан еңбекке араласқанын айтып отыратын. Анам, Рахия Бөлегенқызы қырқынан шықпай жетім қалып, нағашылардың қолында тәрбиеленеді. Екеуі ауылдың орта мектебін бітіргеннен кейін Қарағандыдағы мемлекеттік медициналық институтына құжаттарын өткізіп, емтихандарынан сәтті тапсырып, оқуға түседі. Студенттік үйлену тойын жасап отау құрады. Институттың дипломын алып, Қарағандыда жұмыс істеп жүргенде Жезқазған облыс мәртебесін иеленіп, жас маман ретінде жұмысқа шақырылады. Мен сол 1973 жылы қыркүйек айында өмірге келіппін. Әкем өмірінің соңғы жылына дейін дәрігер болып, анам медициналық колледжде жұмыс істеді.Төрт баласы ата-анамыздың Гиппократ антына адал, елге сыйлы болғанын мақтан етеміз. Әкем «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Үкіметтен айтарлықтай көп марапат болмаса да, ұжымының және халықтың ақ баталарына кенеліп жүргені біздердің қалыптасуымызға үлкен септігін тигізді. Өкінішке қарай, 5 жыл бұрын әкем аты жаман науқастан қайтыс болды, анам оны жоқтатпай алдымызда жүргеніне шүкіршілік етеміз. Анамыздың еңбек кітапшасында «медициналық училище колледж болып ауысқаны туралы» ғана жазу бар, сол жерде табан аудармай, зейнетке шыққанша еңбек еткен.
Отбасымызда алған тәрбиенің арқасында төртеуміз Жезқазғанның қара шаңырағы болып саналатын 8-ші орта мектепті медальдар мен үздік аттестатпен бітірдік. Ағам Нұрлан отставкадағы ҰҚК полковнигі, әпкем Баян Қарағанды облысы Абай атындағы балалар кітапханасының директоры, қарындасым Гүлжан банк қызметкері, қазір бала күтіміне байланысты демалыста. Біздерге терең білім мен тәрбие берген марқұм Нәписа Шенеуқызы басқарған мектептегі ұстаздарға, оның ішінде класс жетекшілерім Теңгеш Жарықбасова және Рысты Есболғанова мұғалімдеріме алғыс айтамын.
Өзім мектеп бітірген жылы Қарағанды мемлекеттік политехникалық институтына түстім. Кейін Жезқазған тау-кен институтына ауысып, 1995 жылы дипломымды қолға алдым. Тау-кен саласында жұмыс істеймін деген ойым іске аспай қалғаны бір бөлек әңгіме. Сөздің қысқасы институтта марқұм Ғабидолла Қабышұлының қолдауымен және Бақытжамал Жәкенқызының ерік-жігерімен ашылған «Кәсіпорындағы экономика және басқару» кафедрасына ассистенттік жұмысқа жолдама алдым. Кафедра меңгерушісі болған Бақытжамал Жәкенқызының сөзін жерге тастамай Қарағанды мемлекеттік университетінде бір жылдық ғылыми тағылымдамадан өтіп, кейін сырттай аспирантурасын тәмамдадым. 2001 жылы диссертацияны сәтті қорғап, алғашында кафедраны кейін институтты басқардым.
1995-2006 жылдар арасында Жезқазған университетінде жұмыс істеген кезім мен үшін әсерлі әрі табысты, үлкен өмір мектебі болды деп айта аламын. Ұстаздарыммен, әріптестеріммен әлі күнге дейін араласып тұрамын.
Q: Еңбек жолыңызда сатылап өсіп, шыңдалғаныңыз байқалады, 11 жыл туған жерде қызмет атқарған уақытта өндірісті қаланың дамуына септігін тигізген қандай игі істеріңіз мен іргелі ізденістеріңізді атап айтар едіңіз?
- Жоғары оқу орнында жұмыс істегеннен кейін қаланың дамуына қосқан үлесіміз деп оқытып шығарған шәкірттерімізді айтатын едім. Алдыңғы буынның ақылы мен тәжірибесі арқасында 11 жыл ішінде мыңға жуық түлектерге жолдама бердік. Олардың ішінде әр салада жұмыс істеп жатқан азаматтар баршылық. Сонымен қатар өзіндік қолтаңбам деп ғылыми ізденіс негізінде туындаған шешімдерді тау-кен кәсіпорындарда қолдануын айтар едім. Үшінші үлес деп сол кездегі Жезқазған университетінің өсіп-өркендеуіне қосқан аз да болса еңбегімді айтуға болатын шығар.
Q: Шағын шаһардан елордасына келгенде бұған дейінгі жинаған тәжірибеңіз бен біліктілігіңізге сендіңіз бе, қандай қиындықтарды еңсеруге тура келді?
- Иә, мен және отбасым үшін бұл көш оңай болған жоқ. Жаңаны жатсынбасам да, бұрынғы жұмысымды қимай кеткенім рас. Газеттен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына бос лауазымдарға конкурс жариялағаны туралы хабарды жұбайым Гүлжаннан естідім. Айта кетейін, жолдасым Гүлжан да дәрігерлердің отбасынан шыққан жан, әкесі Серік Қолданұлы көп жылдар бойын Сәтбаев қаласында оташы болып істеді, анасы Несібелді Қариқызы жұқпалы аурулар бөлімінде көп жылдар еңбек етті.
Ақылдаса келе құжаттарды тапсыруға шешім қабылдадық. 2006 жылдың қазанында Астанаға келіп комиссия алдында өңірлерден арман қуып келген үміткерлермен бірге әңгімелесуден өткенім әлі есімде. Үйге қайтып келіп, жұмысымды жалғастыра бастап едім, Академиядан хабарласып жақын арада жұмысқа шығуымды сұрады. Сол кездегі Жезқазған университетінің ректоры Жұмағали Жөкейұлының рұқсатын алып жолға шықтық.
Академияның мен үшін басты ерекшілігі ересек аудиториямен жұмыс істеу қажет болғандығын айрықша айтамын. Жәй ересектер емес, бір немесе бірнеше жоғары білімі бар ел басқарып жүрген әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілердің алдында дәріс оқу бастапқыда қиынға соқты. Сабаққа дайындалу, жаңа ақпараттарды жинақтау, әр алуан пікірталасқа дайын болу көп ізденісті талап етті.
Алғашқы жылдары пәтер жалдауға тура келді, жұбайым баламен отырғаннан кейін бір жалақыны жеткізуге тырыстық. Ата-аналарымыздың, туған бауырларымыздың қолдауымен бұл қиындықты да бастан өткердік. Бағымызға қарай, бюджеттік қызметкерлерге мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй берілгенде, сол жағалаудан екі бөлмелі пәтерге қол жеткізіп, кең сарайға кіргендей қуандық.
Академияда жұмыс қарбалас болды, жаңашыл ізденістерден жалыққан емеспін, білімім аздық ететін сияқты көрінді. Жұбайым педагогика ғылымдарының кандидаты, ғалым болғандықтан ол да ізденіс үстінде еді. Екеуміз ақылдаса келе, «Болашақ» бағдарламасының стипендиясын иеленіп АҚШ-тағы Индиана университетінде ғылыми тағлымдамадан өттік. Алты және үш жасар ұлдарымызды алып бардық, мен Экономика департаментінде, жұбайым Білім беру мектебінде бір жылдық тағлымдамадан өттік. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды, өзімізге әрі өмірге деген көзқарасымыз өзгерді.
Q: Қоғамда мемлекеттік қызметшіге деген көзқарас бірдей емес, олардың еңбегінің бағалануы мен қызметтерінің ашықтығы дамыған елдермен салыстырғанда қандай деңгейде деп ойлайсыз?
- Сөзімнің басында мемлекеттік қызметті жүйелендіру мен кәсібилендіруге елеулі үлес қосқан жерлесіміз Әлихан Байменовты ерекше атап өткім келеді. Әлихан Мұхамедияұлының басшылығымен қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң арқасында ашық конкурс негізінде қызметке қабылдау, мемлекеттік қызметшілердің саяси және әкімшілік болып бөлінуі және тағы басқа тың істер іске асты.
Мемлекеттік қызметші болу өте жауапты. Істеген ісі халық алдында, қабылданған шешімдер мен жүргізілген саясаттың тиімділігін бақылау уақыт өткеннен кейін ғана мүмкін. Заманның талабына сай мемлекеттік қызметшінің тек кәсіби біліктілігі ғана емес, сонымен қатар адами қасиеттері жоғары болу керек. Жан-жақты дамыған, бойында қажет құзыреттіліктері бар, ойы терең, стратегиялық және сыни ойлауды меңгерген мамандарды мемлекеттік қызметке тарту қазіргі кездегі басты мақсаттардың бірі болып отыр.
Мемлекеттік қызметшілердің бәрі де жемқор немесе сауатсыз деуден аулақ болу керек. Күнделікті өз ісін тиянақты әрі тиімді атқарып жүрген мемлекеттік қызметшілердің саны көп.
Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілердің санын азайтып, сапасын арттыру туралы бірнеше тапсырма бергенін білесіздер. Кәсіби мемлекеттік аппарат құру мақсаты «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыружөніндегі 100 нақты қадам» атты бағдарламасының бірінші бағыты екенін еске түсіргім келіп отыр. Осы жылдың ақпан айының соңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында» адамдарға бағдарланған мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыру мақсаты қойылды.
Аталған Тұжырымдамада мемлекеттік басқарудың жаңа моделі деп тиімді, әділ, ашық, қоғамның сұраныстарына жедел ден қоятын, "халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидаты бойынша жұмыс істейтін мемлекеттік аппарат деп көрсетілген. Мемлекеттік қызметшілердің алдында "белсенді тыңдау" құралдарын кеңейту, қолданыстағы құралдарды жетілдіру және жаңа құралдарды енгізу арқылы халықпен өзара іс-қимылдың дәстүрлі арналарын нығайту тапсырылды.
Бұл дегеніңіз мемлекеттік қызметшілердің сөйлеу мәдениетін жоғарылатуға, мемлекеттік тілді қажетті деңгейде қолдануға, шешім қабылдар алдында халықпен, кәсіпкерлермен ақылдасуға итермелейді.
-Мемлекеттік тіл жайлы айтып қалдыңыз, көп жағдайда мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді дұрыс меңгермегендігі, ойларын еркін жеткізе алмауына халық тарапынан сын жиі айтылады, бұл мәселеге қатысты сіздің ойыңызды білсек...
- «Халық айтса, қалт айтпайды»,-деген сөз бар ғой. Айтылған сынмен келісемін. Сонда да барлық мемлекеттік қызметшінің қазақ тілін білу деңгейі төмен деп айта алмаймын. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметші болам деген үміткер арнайы мемлекеттік тіл мен заңнамаларды білуге арналған тестілеуден өтуі шарт. Тестілеу қазақ тілін меңгергені бойынша деңгейді нақты анықтамайды. Конкурстық комиссия тек сұхбаттасу кезінде үміткердің қазақ тілі деңгейін анықтай алады.
Біз мемлекеттік қызметке қабылданғанда немесе ішкі конкурс өткізгенде мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын арнайы сертификат талап ету қажет деп ұсыныс жасадық. Мысалы, қазір «Болашаққа» өту үшін қазақ тілін кем дегенде В2-ден төмен емес деңгейде білу керек,сонда ғана конкурсқа қатысуға мүмкіндік туады. Қолданыста бар «Қазтест»-ті тапсыру үшін тестілеу орталығына арнайы бірнеше рет барып тапсыру керек. Карантин кезінде бұл мүмкіндіктің осал жерін байқадық.
Академия көптен бері мемлекеттік қызметшілерге ресми мемлекеттік тілді оқытып келеді. Көп жылдық тәжірибені жинақтап біз «Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді оқыту тұжырымдамасын» жазып, оның негізінде тест жүйесін жасадық. Бұны Qazaq Resmi Test деп атадық, арнайы www.qrt.kz деген сайт аштық. Академияда оқып жүрген магистранттар мен докторанттарға, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және Президент Әкімшілігінің бірқатар қызметкерлеріне тестті өтуге ұсыныс жасап, апробация өткізгеннен кейін оң баға алдық. Осы жылдың қаңтарынан бастап ресми түрде тестті қолдана бастадық. Қазір қалаған уақытыңызда ешқайда бармай-ақ, компьютер арқылы ақылы негізде өз деңгейіңізді анықтауға болады.
Осы жылы Академия еліміздегі жоғары оқу орындарының ішінде бірінші болып оқуға түсем деген үміткерлерден мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын сертификат болу талабын енгізді, онсыз құжат қабылданбайды. Магистратура мен докторантураға түсу үшін мемлекеттік тілді білу кем дегенде В1 (орта) деңгейінен төмен болмауы тиіс. Оқуға түскен мемлекеттік қызметшілердің тілдің білу деңгейін сатылап В2 (орта ілгері), С1 (озық) немесе С2 (еркін меңгерген) деңгейлеріне жеткізуге мақсат қойып отырмыз.Айта кететін бір жәйт бізде пәндер үш тілде оқытылады- 40 пайызы қазақ, 30 пайызы орыс, 30 пайызы ағылшын тілінде.
Менің ойымша келешекте мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілді қажетті деңгейде білу шарты міндетті болады.
Q: Тәуелсіздіктің 30 жылында жаңа бір буын қалыптасып үлгерді, жастардың қарым-қабілеті, жаңашылдық ізденістері елдің дамуына тиімді пайдаланылып отыр ма, «милыбастардың» өз болашағын шетелден іздеуінің сыры неде?
- Қазақстан тәуелсіздік алған кезде өсіп-өнген, тәуелсіздіктің арқасында бар мүмкіндікті қолдана алған көбінесе «Болашақ» бағдарламасымен немесе өз қаражаттарымен оқыған жастар шетелдік танымал компанияларында жұмыс істеп жүр. Бұл табиғи үрдіс. Жастар өз мүмкіндіктерін көрсетуге, әлеуеттерін ашу мен пайдалануға ұмтылады. Жастар кетпеу үшін өз елімізде оларға қолайлы жағдай жасауымыз керек. Бір мысал келтірейін, АҚШ-тың ірі қалаларда бар игіліктер біз тағлымдаманы өткен Блумингтон сияқты шағын қалада да бар болды. Оқимын десе оқуы, жұмыс істеймін десе жұмысы бар, басқа қалаға барып келемін десе жетілген әрі қол жетімді инфрақұрылымы да бар. Бізде ауылдан не кішігірім қалалардан көшудің себебі сол жерлерде жастарға қажетті дүниелер жоқ екенін айтып кетуіміз керек. Әлемде мемлекеттердің дамуы халықтың өмір сапасымен тікелей байланысты. Ауылдың жағдайы қалаға қарағанда төмен немесе бір өңірдің жағдайы екіншісінен нашар болмауы тиіс. Мемлекет ішінде осындай бірқалыпты жағдай жасалып, өмір сүру сапасы жақсарған кезде, жастар бақыт іздеп, басқа жаққа кетпейді, туған жерін түлетуге атсалысады, алтын бесігі ауылында тұрақтайды деп ойлаймын.
Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан жастарға қолдау көрсетіліп келеді. «Болашақ» бағдарламасы арқасында мыңдаған жастар әлемнің үздік оқу орындарында білім алып, елде қызмет етіп жүр. Өз басым «Президенттік жастар кадр резервіне» іріктеуді ұйымдастырып жобаны басқарғанымды мақтан тұтамын. Осы жоба арқылы 300 талантты жас мамандар резервке кіріп, қазіргі таңда жартысынан көбі әрбір салаларда әртүрлі басшы лауазымдарда жұмыс атқарып келеді. 2019 жылы жарияланған «Жастар жылы» жас буынның мәселелерін қозғап, біразы шешімдерін тапты. Креативті жастар өз идеялары мен бастамаларын жүзеге асыруға, бәсекеге қабілетті жаңарған қоғам құра алатына сенімдімін!
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.