Қазақтың қара шаңырағы Қазақ радиосына биыл – 100 жыл. Осы бір ғасырға жуық уақытта халықтың үнін жеткізіп, әдебиетіміз бен тарихымызды түгендеп, рухын көтерген мыңдаған хабарлар эфир арқылы тыңдаушыларға жол тартты. Әр хабардың артында жүздеген радио журналистерінің орасан еңбегі жатыр. Сондай журналистеріміздің бірі әрі бірегейі – Қазақстан Республикасының құрметті журналисі, мәдениет қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері Ғалия Құсайынқызы Балтабай. Қазақ телевизиясы мен радиосына еңбегі сіңген ардагер апайымыз Ғалия Құсайынқызымен ғасырлық мерейтойға орай, арнайы жолығып, сұхбаттасқан едік.
– Ғалия Құсайынқызы, сізді ардагер журналист деп танимыз, жалпы қазақ телевизиясы мен радиосына қанша жылыңызды арнадыңыз? – Қазақ радиосының менің өмірімде алар орны ерекше. Мен орта мектепті тәмамдаған соң қызметімді осы қазақ радиосынан бастадым. Яғни , алғаш еңбек жолым осы қазақ радиосының Алматыдағы студиясынан басталды. Сол кездегі мен жұмыс істеген орта, менің бүгінгі болмысымның қалыптасуына үлкен әсерін тигізген шығармашыл орда болды. Міне сондықтан да бұл киелі шаңырақтың, менің өмірімде алар орны ерекше. Ал қанша жыл қызмет еткеніме келсек, Павлодар облыстық радиода қызмет еткен 8 жылымды қоспағанда, қазақ радиосы мен телевизиясына 36 жылымды арнаппын. Осы жылдар аралығында екі қызметті қатар алып жүрдім.
– 36 жыл, әрине аз уақыт емес. Кемелдену шағына жеткен бір жігіттің жасы. Сіз осы жылдары үлкен-үлкен әлеуметтік мәселелерді көтеріп, жұртшылықтың алғысын алған журналист ретінде танылдыңыз. Сол кездердегі батыл көтерген мәселелерге тоқталсаңыз?
– Әлеуметтік дегенде ең бірінші көптің қажеттілігі - баспана мәселесі. Міне осы мәселені көп көтерген журналистердің бірімін. Басқасын айтпағанда, Павлодар облыстық меншікті тілші болып жүрген кезімде 20 дан астам қарияның үйлі болуына көмегім тиді. Ол үшін Мемлекет басшысына дейін баспана беру мәселесі бойынша жеке хаттар жолдадым. Сөйтіп бір айдың ішінде үйлі болған кісілер болды. Сонымен қатар, Павлодар облыстық балалар ауруханасының салынуына да мұрындық болдым. Оған дейін ескі аурухана болатын. Сол жерге операторымыз екеуіміз сюжет жасауға барғанда ескі ғимараттың төбесі гүрс етіп алдымызға түсті. Әрине ол кезде бізді бір құдай сақтады. Әйтпегенде кім біледі, не боларын? Сол жағдайды көрген мен қатты күйініп кеттім. Мені мазалағаны, жас балалардың сондай қауіпті орталықта ем алып жатқандығы. Ондай қауіптің алдын-алу журналист үшін маңызды да. Міне сондай сәттердің бәрін камераға түсіріп, студияға алып келіп, хабар дайындадым. Ол кезде ондай жағдайлар ашық айтыла бермейтін. Ол материал кешкі жаңалықтардан телеарнадан да, радиодан да берілді. Ертесіне, менің материалдарымды облыстық партия комитеті сұратып, арнайы бюрода қаралып, нәтижесінде облыста жаңа балалар ауруханасы салынды.
– Бұның сыртында сіздің, сол солтүстік өңірде қазақ мектептерінің ашылуына да септігі тиген журналист болғаныңызды білеміз
– Ол алғаш рет Екібастұз қаласында ашылған мектептер болатын. Сол аймақта қазақ мектептері мүлдем болмады ғой. Қазақ сыныптары жуынатын (душевой) бөлмелер мен әжетхана орнында жасақталған бөлмелерде білім алды. Бұлай болғаны менің жаныма қатты батты. Содан тағы да осы мәселені көтеріп, сыни хабар дайындадым. Оны көрген сол кездегі басшымыз Сағат Әшімбаев; "Өз елімізде отырып, қазақ балалары неге сондай орындарда білім алуы тиіс" - деп көзіне жас алыпты. Содан бұл хабарды эфирге шығарды. Артынша оны естіген республикамыздың өзге өңірлерінен тілшілер келіп, арнайы хабар дайындап, олардың да көмегі тиді. Менің сол кездері кеудемді кернегендей намыс әділетсіздікпен күрес болды деп санаймын. Сол сәтте бұл мәселені көтерген барлық әріптестеріме алғысым шексіз. Міне, содан артынша Екібастұзда екі бірдей қазақ мектебі ашылды. Сол білім ордаларын ашуға арнайы Елбасы келіп қатысып, қызыл лентаны кесіп жатқанда , сол жерде тұрған менің екі көзіме еріксіз жас келді. Ол қуаныштың көз жасы болатын. Міне сондай-сондай ірілі-ұсақты әлеуметтік тақырыптарда түрлі хабарлар дайындаппын.
– Ғалия апай, сіздің "Қазақ театры өртенсе де, өнері өртенген жоқ қой" деген сыни материал дайындап, сол солтүстік өңірінде қазақ өнерінің қайта жандануына себепші болғаныңызды да білеміз, ол мәселе қалай өрбіп еді?
– Иә, Павлодар облысында соғыс жылдары қазақ театры өртеніп кеткен екен. Оның себебіне қатысты әртүрлі әңгімелер айтылып жүрді. "Біреулер әдейі, қасақана өртеді" деген әңгімелерді де еститінбіз. Бірақ сол кезде солай болғанымен, кейінгі қазақ жерінде қазақ театры болуы шарт қой. Бізге қазақ театры керек екені де рас. Содан мен тағы да сыни хабар жасап, мәселені жауапты ортада көтердім. Нәтижесінде, бір жылдан соң, Павлодарда "Қазақ театры" салынды. Ең алғаш рет режиссер Ерсайын Тәпенов бастаған топ, марқұм жатқан жері жайлы болсын, өз үйлері болмаса да қазақ өнерін дамыту үшін, Алматыдан осы солтүстікке қоныс аударды. Кәукен Кенжетаевтың да өз шәкірттерімен осы театр жұмысының алға басуына қосқан үлесі зор.
– Ғалия апай, алғаш тәуелсіздік алған жылдары, экономикамыз құлдырап біраз мемлекеттің қаржыландыруына қарасты мекемелер жабылып жатты. Сол кезде осы қазақ радиосының тағдыры да қыл үстінде тұрған екен. Міне, сол уақытта да табандылық танытып, жабылып қалғалы тұрған радионы сақтап қалуға барыңызды салыпсыз....
– Бұл еліміздің тоқырау кезеңі болатын. Оны сол кездегі замандастарым жақсы түсінеді. Мемлекет қазынасы көпті көтере алмайтын деңгейде болды. Бірақ қалай болғанда да сол уақыттағы басшылық пен ұжымның алға қойған мақсаты бір болды. Ол қазақтың үн жариясы қазақ радиоларының жабылуы оң шешім емес екенін түсіндіру еді. Сол жолда көп істе тәуекелге де бару керек болды. Ол кезде мен радионың Астанадағы филиалында жұмыс істеп жүрген кезім болатын. Барлық облыстағы меншікті тілшілер қысқартылып, облыстық радиолар жабылу алдында тұрды. Тіпті Шалқар радиосы да жабылып жатты. Ол кезде мен қатардағы тілшімін. Сонда да радионы сақтап қалу үшін депутаттарға шығып, сол жайында мәселе көтеріп, хабар жасадым. Бірақ ол хабар эфирден берілмеді. Өйткені, керісінше кесіріміз тиіп жүре ме деген оймен эфирге шықпай қалды. Бірақ осы мәселені депутаттық мінберде көтеруін сұрап, сол кезде марқұм Фариза Оңғарсынова және өзге де депутаттар Шарипов, Сәбденов деген азаматтарға шықтым. Олар бізді қолдады. Тіпті облыстардан да қолдау хаттары келіп жатты. Содан ол мәселе жоғары жақта бірнеше мәрте көтеріліп, Радио басшылығының белсенді жұмысының нәтижесінде қазақ радиосы сақталып қалды. Ол күрестің де оңай болмағанын бірі білсе, бірі біле бермейді
– Жаңа осы қазақ радиосын сақтап қалу жолында "Тәуекелге бару керек" болды деп айтып қалдыңыз. Сондай тәуекелге бел байлап, қазіргі уақытта өзіңіздің шәкіртіңіз Раушан Сыбанжанова басшылық етіп отырған Павлодар облыстық радиосын да аяққа тұрғызғаныңызды білеміз. Ол жолдағы күресіңіз де оңай өтпеген болар?
– Ол кезде Үкімет басшысының орынбасары болған Даниал Ахметов мырза, Павлодар облысына Әкім болып ауысқан кезде мені сол жаққа облыстық радиосын сақтап, көтеру мақсатында шақырған болатын. Содан облыстық радиоға келсем, радиода ештеңе жоқ. Тіпті лицензиясы да жоқ болып шықты. Сөйтсем, ол құжат облыстық телевидение мен радио бөлінген кезде телеарнаның еншісінде кеткен екен. Радиода жөні дұрыс техникалық құрал-жабдықтар да қалмаған. Содан мән-жәйді түсінген соң көп тосылмадым. Бірден тәуекелге барып, қаражат тарту жолын іздедім. Бірінші кезекте сол кездегі облыс әкімі Даниал Ахметовке кіріп, қаражат бөлуді сұрадым. Басқа да қажеттіліктерге жеке қолдаушылар іздеп тауып, алдымен қалаға, сосын облыстың аудандарына, кейіннен үшінші жылы тендер арқылы жиілікті облыстың ауылдарына жеңіп алдым. Сөйтіп шаруам дөңгелене түсті. Міне бүгінде сол радио, күллі облыс аумағын қамтып отырған жәйі бар.
– Ғалия апай, 40 жылдық еңбек жолындағы осындай ерлік істеріңіз кейінгі біздерге үлгі. Енді сұхбатымызды "Нағыз журналист қандай болу керек?" деген сауалымызға берген сіздің жауабыңызбен түйіндесек...
– Нағыз журналист өзі көтерген мәселенің байыбына жетпей ізденуді тоқтатпауы керек. Халыққа жақын, шыншыл болуы қажет. Сонда ғана әр ісінің нәтижесін көреді.
Сұхбаттасқан Салтанат Сәдібекқызы.
- Қоғамдағы үш анық