2019 жылы ауылдықтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жаңа өңірлік стандарттар бекітіліп, сол бойынша өткен жылда ауылдарды нысандармен қамту 63 пайызды құраған.
Ал жалпы Қазақстан халқының 41 пайызын құрайтын 7 миллион 700 мың ауылдықтардың өмір сүру сапасын арттыруда ел Үкіметі қандай жаңа жобаларды жүзеге асырмақ? Алдағы 4 жылда, яғни 2025 жылға дейінгі ауылдық аймақтарды дамыту жоспары қандай? Оған ел қазынасынан қанша қаражат бөлінбек? Міне, осы сауалдарымызға еліміздің Ұлттық экономика министрлігі берген мәлімет төмендегідей:
Жалпы соңғы 5 жылда ауыл экономикасының оң динамикасы байқалады. Ауылдарда өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында ұлттық экономика министрлігі «Ауыл - ел бесігі» жобасын жүзеге асыруда. Оның аясында 6316 ауылдың ішінен даму әлеуеті бар 3500 ауыл іріктелген, онда ауыл тұрғындарының 88 пайызы тұрып жатыр. Бұл ауылдар демографиялық және экономикалық көрсеткіштері мен инфрақұрылымдық жағдайына байланысты іріктеліп отыр. Осы аймақтарда «Ауыл - ел бесігі» жобасы бірінші кезекте жүзеге асырылмақ.
Ал ағымдағы жылы аталған бағдарлама аясында 1 млн 300 мың адам тұратын 480 ауылдың дамуына 105 млрд қаржы бағыттау жоспарлануда. Бұл қаражат, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымдар мен тұрғын үй және коммуналдық шаруашылықты дамытуға арналған 1 мыңнан астам жобалардың іске асуына мүмкіндік береді.
Ауылдық жерлердегі инфрақұрылым мәселелерін шешу үшін 5 жыл ішінде 800 млрд теңге бөлінетін болады. Бұл 3,5 мың ауылда тұратын 7 миллионнан астам тұрғынның өмір сүру сапасын арттырады деп болжанып отыр. Жалпы ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тәсілі 2025 жылға дейін ауыл халқының әл - ауқатын аттыруға мүмкіндік бермек. Жоба аясында ауылдар таза ауыз сумен 100 пайыз қамтылып, жоғары жылдамдықты Интернетке қол жеткізбек. Сонымен қатар, жолдар 95 пайызға жақсартылып, 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оған қоса 12 мың шақырымға инженерлік желілер салынбақ. Ал агроөнеркәсіп кешені бойынша 845 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 500 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Тағы бір өзекті сала - білім беру сапасын арттыру, бұл бағыт бойынша 5000 мектеп жаңғыртылып, 315 жаңа мектеп салынады деп жоспарланып отыр. 3-5 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен толық қамту да қарастырылған, 1719 спорт және 748 мәдениет орталықтары салынып, жаңғыртылады. Денсаулық сақтау сапасын арттыру бойынша 1095 нысан салынады.
Салтанат Сәдібекқызы.
- Қоғамдағы үш анық