Байыппенен бір-бірлеп,
Көрсең музей залдарын.
Сөйлегендей күмбірлеп,
Өткенің мен алдағың.
Сырбай Мәуленов
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік міндетіне кіріскеннен кейінгі Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында мәдениеттің үштағаны – кітапхана, музей, театрға қолдау көрсетуді Үкіметке тапсырған еді.
Музей, кітапхана, театр руханияттың үш шаңырағы саналады.
Кез келген елге ең алғаш келген адам, сол елдің тарихын танып білу үшін музейге барады. Ғасырлар қойнауына еніп, ел өмірінен сыр шерткен тарихи жәдігерлерді қолмен ұстап көру үшін, сол елдің музейіне ат басын бұрады.
Музей - ұлттың ұлы құндылықтары сақталған, тарихи құнды жәдігерлермен қауыштыратын киелі шаңырақ, өскелең ұрпақтың бойына жалпы адамзаттық құндылықтарды сіңіртіп,патриоттық, адамгершілік рухта тәрбиелейтін, мемлекеттің мәдени саясатының ерекше идеологиялық ғылыми-білім беру институты.
Ең алғашқы музей тұңғыш астанамыз болған Орынборда 1831 жылы ашылған.
«Неплюев әскери училищесі жанынан жергілікті халықтың тарихы мен этнографиясын сипаттайтын мұралар негізінде губерниялық мұражай ашылды», – деген мәлімет архив беттерінде сақталған. Яғни, қазақ даласында музейдің ашылғанына 189 жыл болыпты.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 240 музей бар. Оның ішінде 234-і мемлекеттік болса, жекеменшік музейлер де бар. Жыл сайын салалық, жеке меншік музейлер, мектеп музейлері көбейіп келеді. Қоғам тарапынан музейге деген сұраныс бар.
Өйткені бүгінгідей жаһандану жағдайында музейлердің тарихи мұраны сақтау, өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру мен патриотизм мен отансүйгіштікке тәрбиелеу ісіндегі мәдени-білім беру және ғылыми-ағарту орталықтары ретіндегі рөлі мен орны зор.
Көпшілігіміздің музей жайлы түсінігіміз аз. Музейді көне заттар тұратын қойма, ал музей қызметкерлері соны қараушылар деп ұғамыз. Музейдің ғылыми-зерттеу орталығы екенін білмейміз.
Музейдің музей болып қалыптасуы үшін ең маңызды рөл атқаратын қоры жайлы айтқымыз келеді.
Музей құрылу үшін ең алдымен қор жинақталады. Қор – музейдің жүрегі. Қор жәдігерлерден қалыптасады. Қорда сақтаулы тұрған жәдігерлердің көрмеге қойылуы музей жұмысының жанданып жатқанын көрсетеді. Музей қорын есепке алу – қор бөлімінің негізгі міндетінің бірі. Қорға жинақталған жәдігерлер есептеледі, реттік нөмірі қойылады, төлқұжаты жасалып, ғылыми және қосалқы қор есебіне алынады. Қордағы жәдігерлер қажетті температурада, ылғалдылық және жарық режимі сақталады. Бұл жұмыстың бардығы «Мәдени құндылықтарды сақтау жөніндегі нұсқауға» сәйкес іске асырылуына қор сақтаушылар жауапты болады.
Шынтуйтына келсек, музейдегі ең құрметті мамандық – қор сақтаушылар.
Тіпті соғыс кезінде музейдің барлық қызметкерін әскер қатарына шақырса, үш адамға бронь береді. Олар: музейдің қор сақтаушысы, директоры және күзетші. Ал егер тағы майдан қатарына шақырылу керек болса, музей директоры мен күзетші шақырылып, музей қор сақтаушысы ғана броньмен қалады екен. Бұл қандай да қиын жағдай болса да, музейдің сақталуы үшін жауапты қор сақтаушы жұмысының мәртебесі мен қадірін көрсетеді.
Өкініштісі бүгінде көптеген мәдениет сала басшылары, музей басшылары, музей қызметкерлері қор сақтаушы мамандығының маңыздылығын түсінбейді. Қор сақтаушылар ескі-құсқы заттарды қорушы деп ғана қарайды.
«Кез-келген елдімекеннің төрінде музей тұруы керек. Себебі музей – ел тарихын насихаттаушы. Бүгінде музейдің қор сақтау жұмысы дұрыс деңгейде жүргізілмейді, көптеген музейлердің қор сақтау орындарының күйі қиын жағдайда деуге болады. Жәдігерлер қойма тәрізді орындарда үйіліп жатады, орын жетпейді. Ережеге сай жағдай жасамаған. Температуралық, ылғалдылық және жарық режимі сақталмағандықтан, жәдігерлер шіріп жатады.
Жақында музейлер арасында сайыс болды. Музейлер өздерінің жұмысын көрсетіп жатыр. Тамаша-ақ! Бірақ бірде-бір музей өзінің қор жұмысын, ережеге сай сақталуын, тәртібін көрсете алмады. Көрмелер, экспедициялар, насихаттау жұмыстарының барлығы екінші кезектегі мәселе. Музейдің ең бірінші кезектегі міндеті - қор сақтау, жәдігерлерді қорғау болуы керек. Мұны музей қызметкерлері де, басшылары да түсінбейді. Өйткені қандай музей болсын, оның басты құндылығы – жәдігерлерден жинақталған қоры.
Кез келген музейдің қор сақтау бөлмесі төрде, қор сақтаушы қызметкерлер құрметті мамандық иесі болуы тиіс.
Музейдің қорын қалыптастыру – жәдігерлер жинаудан басталады. Бүгінде музей қорын құрауы тиіс қаншама жәдігер халықтың қолында қадірі бағаланбай, қорада, сарайда, далада, аяқтың астында шашылып жатыр.
Кейбір жәдігерлерді көненің көзі деп сақтаған ата-әжелеріміздің бүгінгі ұрпағы тарихи құндылығын білмей керексіз етіп лақтырып тастаған. Ауыл-ауылды аралаған кезде осыдан бес жыл бұрын музейге сұраған кезде бермеген жәдігерлер, қарттардың көзі кеткен соң, далада күл-қоқыстың арасында жатқанын да көзімізбен көріп жүрміз.
Үкімет, салалық министрліктер, музей басшылары бюджетті жоспарлаған кезде музей қорын қалыптастыру үшін, жәдігер жинауға қаржы бөлу мәселесін қадағалауы керек, арнайы экспедициялар ұйымдастыруды қолға алған жөн.
Еліміздегі мемлекеттік музейлерден басқа, өндірістік музейлер, салалық музейлер, мектеп музейлер, жеке меншік музейлер бар, сондағы жәдігердердің есеке алу жұмысы жүргізілмейді. Ол музейлерде қаншама жәдігерлер сақталғанының жалпы есебі жоқ. Осы жұмыс ақсап тұр. Бұл музейде сақталған заттар да ұлтымыздың құндылығы емес пе?,-дейді «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының директоры Бақтияр Қожахметов.
Музей «қазақ мемлекеті болмаған» деген қасаң пікірді желеу етіп жүрген кейбіреулердің сөзін жоққа шығару үшін, тамыры терең тарихымыздан сыр шертететін, ұмыт болып бара жатқан құнды жәдігерлерімізбен қайта табыстыратын рухани орда екені сөзсіз. Ендеше, ұлт тарихын көзінің қарашағындай қорғап, дәріптеп отырған кез келген музей қызметкерінің мойнында үлкен жауапкершілік бар. Ал сондай жауапкершілік арқалап жүрген, жанкешті музей қызметкерлері екенін ұмытпауымыз керек.
Музейлердің бүгінгі ахуалы, музей мамандарының тапшылығы, жалақысы аз қызметке жастардың тұрақтамауы, қаржы тапшылығы, ғимарат мәселесі, қор сақтау бөлмелерін стандартқа сай болмауы, заманауи технологиялармен жабдықталуы, қорды сатып алу мәселесі, қызметкерлердің біліктілік арттыруы, әлеуметтік жағдайы, тұрғын үй проблемасы сынды проблемалар өте көп. Бұл мәселелер әлі де шешімін таппай келеді. Музей саласының мамандарының жалақысы көп жылдан бері көтерілген емес.
Шетелде музей саласына меценеттар тарту тәжірибесі жақсы жолға қойылған. Музейлерді қамқоршылар кеңесі басқарады. Музейлер елге туристтер тарту мақсатында жақсы жұмыс жүргізіп отыр.
Еліміздегі музейде сақталған, ашық аспан астындағы музейлердің құнды жәдігерлері туризм саласын дамытуға үлкен мүмкіндік. Бірақ сол мүмкіндікті өз деңгейінде пайдана алмай отырғанымыз өкінішті.
Шәкен Тұрар Сәттарқызы,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының қызметкері
Фото: музей архивінен.