«Астана Опера» жаз айларында TengriTV және театр сайты арқылы өнерсүйер қауымның назарына жиырмадан астам опера, балет спектакльдері мен концерттерді ұсынбақ, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Онлайн көрсетілімдердің репертуары ересектерге де және жас көрермендерді асқақ өнерге баулу мақсатында балаларға да лайықталған. Осылайша, елордалық театрдың музыкатанушылары мектепке дейінгі және мектеп жасындағы жеткіншектердің назарына «Балаларға арналған классика», «Театрға саяхат» және «Балалар театрға шақырады» топтамаларынан бағдарламалар ұсынады.
Ал керемет балет спектакльдері ересектер аудиториясын тамаша көңіл-күйге бөлейді, атап айтқанда, олар «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың қойылымындағы Людвиг Минкустың «Дон Кихот», Адольф Аданның «Корсар», Фридерик Шопеннің музыкасына «Шопениана» және т.б. атақты хореографтардың қойылымдарындағы өзге де балеттерді тамашалай алады.
Опера жанры ұлттық және батыс еуропалық классика жауһарлары – Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай», Джоаккино Россинидің «Жібек саты», Джаккомо Пуччинидің «Тоска» және т.б. опералармен кеңінен ұсынылады.
«Астана Операның» бас дирижері Алан Бөрібаев театрдың Үлкен залында «Италиядан келген хаттар» және дирижер Абзал Мұхитдин «Жылдың сегіз мезгілі: Антонио Вивальди мен Астор Пьяццолла» жобалары шілде және тамыз айларында көрсетілетін болады. Трансляциялар қатарына «Астана Опера» Камералық залында өткізілген тамаша концерттер де қосылады.
Ұлы ойшыл, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлының туған күні 10 тамызда көрермендер аудиториясына ұсынылатын Ахмет Жұбанов, Латиф Хамидидің «Абай» операсы осы жаздың ең айтулы онлайн оқиғаларының бірі болмақ.
Фото: astana.gov.kz.