«Көне дүние күмбірі» айдарынан Маңғыстау жеріндегі Масат ата жер асты мешіті жайлы деректермен танысасыздар.
Масат ата қорымы және жерасты мешіті шамамен Х–ХIХ ғғ. жатады. Тбилиси қаласындағы жарық көрген «Маңғыстау жерінде өмір сүріп, қайтыс болған Ханафия сектасының қасиетті адамдары» атты кітапшада баяндалғандай, Масат ата Хорасаннан, Мешхед қаласынан келген.
Түбек жерінде ислам дінінің орнығуына атсалысқан белгілі тұлға, елін жаудан қорғаған батыр. Қалмаққа қарсы қанды жорықтар жасаған ерлердің арасында айрықша аталып, дәріптелетін, елін жаудан қорғап, арпалысып өткен батыр. Аңыз бойынша, жаулары Масат атаны өлтірудің сан алуан әдісін жасайды, бірақ еш нәтиже шығара алмайды. Масат ата таң намазына тұрғанда денесінің жүйе -жүйесі босап, әлсізденеді, ал төңірек, құм мен тас та ериді екен деседі. Міне, осындай сәтте жау да келіп Масат атаның басын шапқан. Шабылған бас жаюлы жайнамазға түседі. Масат ата басын жайнамазға ораған күйде үйден шыға жүгірген, сонда үй қасындағы құлыны бар сауын бие де артынан ерген екен. Әулиенің де, құлын мен биенің іздері де, атаның мойнынан тамшылаған қанның ізі де жолдың құбыла тұсындағы көктасқа айна-қатесіз түсіп қалған. Құлынды бие жан тәсілім етеді. Ал опасыз адамның қолынан өлген батыр өзінің денесін қалдырмас үшін көкке ұшып кеткен деседі. Бірақ жерасты мешіті сол күйінде қалған деген аңыздар бар.
Масат ата қорымы – Маңғыстау ауданы, Ұштаған ауылынан 35 км оңтүстік-шығыста орналасқан. Бұл ескерткіштер – негізінен ортағасырлық оғыз-қыпшақ дәуіріне жататын қойтастар, тас қоршаулар, тас белгілер. Қорымның оңтүстік-батысында жартасты жерден ойып жасалған Масат атаның жерасты мешіті орналасқан. Мешіттің ішкі аумағы төрт қанат үйдей, төбесінде шаңырақ тәрізді ойық бар.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан .
Фото: ашық ақпарат көзінен.