«Жануарлар – менің достарым!» байқауының жеңімпаздары марапатталады
Бұған дейін балалар суретінің «Жануарлар – менің достарым!» республикалық байқауы өтіп жатқанын хабарлаған болатынбыз. Жеңімпаздар есімі 19 тамызда сағат 12:00 байқаудың бас демеушісі Edu Stream компаниясының Youtube парақшасында онлайн марапаттау салтанатында жарияланады. Топ жарып шыққан 12 бала Бас жүлдені – Венаға сапарды (пандемиядан кейін) қанжығасына байлайды.
Конкурсты ұйымдастырушылардың мақсаты – адамзаттың санасына ой салып, жануарларға деген қатігездік пен қоршаған ортаға немқұрайлы қарамауды бала кезден сусындату. Байқау діттеген мақсатына жетті десе болады. Туындымен бірге эссе жазып жіберген жас суретшілер, үлкендерді жануар аулауды доғарып, табиғатты аялауға шақырды.
1 сәуірде бастау алған байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен төрт мыңнан астам бала қатысты. Жеңімпаздар төрт жас тобы бойынша марапатталады. Ұйымдастырушылар онлайн марапаттың ерекше болатынын алға тартады. Бас жүлдемен қатар, барлық қатысушыға арналған сыйлық бар.
Әділ қазылар мүшесінің құрамында сондай-ақ Қазақстанның көркемөнер академиясының академигі, көркем суретші, график, иллюстрациялаушы Нелли Бубэ, Т. Жүргенов ат. ҚҰӨА Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы кафедрасының профессоры Ольга Батурина, Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Ғаламдық коммуникация департаментінің жетекшісі Властимил Самек, эко-белсенді, балалар мен жасөспірімдер фестивалінің кураторы, «Балалар Әлемді Бейнелейді» қоғамдық қорының директоры Мөлдір Бекжан бар.
Конкурс Қазақстан Президентінің қамқорлығымен, БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында, Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Балалар Әлемді Бейнелейді» Қоғамдық Қоры, бас серіктес «Edu Stream» компаниясының және «Технодом» мен «Настоящий Буратино» серіктестерінің қатысуымен өтеді. Жас суретшілердің туындыларымен www.alembala.kz және www.drmfund.com сілтемеден таныса аласыздар.
Фото: рисунок Акжан Асанова.