«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік қызметтер көрсетуді ұйымдастыруда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігін көтеруге ерекше мән беріп отыр, деп хабарлайды Qazir.kz «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Барлық фронт-офистерге келетін мүгедектігі бар жандар көліктерін қоятын автотұрақ, арбадағы мүгедектер үшін пандустар, шақыру нүктелері, көтеру лифті, көзі нашар көретіндерге арналған тактильді жолдар, Брайль мәтініндегі ақпараттық тақташалар орнатылған. Әрбір фронт-офисте мүгедектерге қызмет көрсететін арнайы терезелер жұмыс істейді. Құлағы нашар еститін немесе саңырау жандарға арнайы курстардан өткен сурдоаудармашы маман ымдау-ишара тілімен қызмет көрсетеді», - дейді филиал директоры Данияр Қырықбаев.
Арбаға таңылған мүгедек Алқанов Дәурен Асылбекұлы Алатау аудандық фронт-офистің тұрақты қызмет алушысы. Ол мұнда келген сайын көпшілікпен бірдей, еш кедергісіз қызмет алатынын айтады.
Мүгедектер үшін көптеген қызметті он-лайн режимде алу қарастырылған. Мәселен, азамат мүгедектік тобын анықтау үшін комиссиядан өткенде, басқа еш жерге жүгінудің қажеті жоқ. Оның құжаттары он-лайн режимде мемлекеттік корпорацияға беріліп, осында барлық жәрдемақылар мен төлемдер түрі белгіленіп, оның төленуі ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкіметтің» мамандары 1 және 2 топтағы мүгедектерге, 70 жастан асқан қарт адамдарға, ҰОС қатысушыларына және мүмкіндігі шектеулі балалардың үйіне барып қызмет көрсетеді.
«Жыл басынан бері біздің мамандар /1737 үй/ үйлерге барып 2 мыңға жуық қызмет көрсетті. Ең көп талап етілетін қызметтер - паспорттар мен жеке куәліктер беру. Мүгедектерді сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету, протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін оларға құжаттарды ресімдеу және т. б. қызметтер де сұранысқа ие", - дейді директор.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында әр түрлі қызметтерде 807, Алматы филиалында 67 мүмкіндігі шектеулі жан жұмыс істейтінін айта кеткеніміз жөн.