Түркі әлемі құрмет тұтқан Қарашаш ана жайлы аңыз бен ақиқат, оған арналып тұрғызылған кесене жайлы «Көне дүние күмбірі» айдарында.
Шымкент қаласы, Сайрам тұрғын-үй алабының орталық бөлігінде орналасқан Қарашаш ана кесенесі – порталды-күмбезді құрылыс. Құрылыстың мұндай түрі кейінгі орта ғасыр дәуірінде Оңтүстік Қазақстан аумағында кең таралған. Бастапқыда ХІІІ ғасырда салынып, кейіннен уақыт және табиғи жағдайлардың ықпалымен әлденеше рет қирап, қайтадан тұрғызылды.
Қазіргі кесене ХІХ ғасырдың ортасында салынған. 1996 жылы күмбез ақпен қапталып, оңтүстік және оңтүстік-батыс қасбеттері ұзын сүйірленген текшелері бар порталдармен безендірілген. Алдыңғы жазықтықтары терең емес сүйірленген және тікбұрышты текшелермен әшекейленген. Кесененің оңтүстік және батыс жақтарында кіреберіс есіктер бар. Ішкі бөлігінде күмбез ұшы сыланған, кіреберіс үстіндегі жарық саңылауы ағаштан жасалған панжар торымен жабылған. Едендер кірпіштен қаланған.
Кесененің орталық бөлігінде мрамор тақтайшаларымен қапталған Қарашаш ананың бейіті бар. Қарашаш ананың шын есімі Айша бибі, сайрамдық атақты Мұса шейхтың қызы болған. Айша бибі өмір сүрген XI ғасырда өлкемізде ғылым мен өнердің, мәдениеттің дамыған кезі еді. Ұлы ғұлама Қожа Ахметтің анасы өз дәуірінің көзі ашық, әдепті, білімді әйелдерінің бірі болды. Қарашаш ананы бүкіл түркі әлемі ардақ тұтады.
Аңыздар бойынша Қарашаш ана сырқатты емдеп, түс жори алатын. Осының арқасында ел арасында кең танымалдыққа ие болды. Қарашаш ана бала тәрбиесіне көп көңіл бөлді. Қарашаш ана сол заманда ел арасында нағыз ананың идеалына айналған. Сондықтан оны бүкіл түркі әлемі ардақ тұтқан. Ислам дінінің негіздерін, Құранды жатқа біліп, оны жұрт арасында тарата білген. Айшаның иманды да әдепті, кісілікті мінез-құлқына байланысты жұрт құрметтеп, «Қарашаш ана» деп атап кеткен. Жиренше шешен туралы қазақ аңыздарында оның зайыбының есімі де Қарашаш.
Қарашаш көркіне ақылы сай, әйел затының сұлтаны, алтын көрсе жолдан таймайтын, патша қызықса да ерін сатпаған, құдай қосқан күйеуіне адал нағыз асыл жар болып сипатталады. Қарашаш ана ұлы Ахметті Отырардағы ұлы діни мистик, Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) ізбасары Арыстанбабқа тәрбиелеуге жібергеннен кейін қайтыс болады. Аңызға сәйкес, оның Сайрамдағы зиратының басына салынған күмбезде бір тал қара шашы ілулі тұрған көрінеді. Кейін шаш жойылып кеткен екен.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен.