«Көне дүние күмбірі» айдарынан біз «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен жобамызда бүгін жалпыұлттық 100 қасиетті нысандар тізіміне енген Оқжетпес жартасы мен Отпан тау тарихи-мәдени кешені жайлы деректермен таныстырамыз.
Оқжетпес жартасы
Оқжетпес Көкшетау қыратының ең биік жері Көкше жанында орналасқан. Төңірегінің табиғаты көрікті. Гранитті жартастан түзілген, беткейі тік, қарағай, қайың өседі. Әулиекөлдің тұнық айдынында тұрған Оқжетпес жартасы туралы ел ішінде көптеген аңыз-әңгімелер тараған. Шоқан Уәлиханов 15-тен аса аңыз-әңгіме жинақтаған. Сәкен Сейфуллин «Көкшетау» атты лирикалық поэмасында тұтқынға түскен қалмақ қызының қайғылы тағдырын Оқжетпес арқылы суреттейді. Бағзы заманда қазақ пен қалмақ бір-бірімен жауығып, соғыс буы сарбаздарды ерлікке жігерлендіріп, атақ-даңқ пен жорықтардың елесі ерлерге рух берген заман екен. Хан Абылай осындай бір сәтті жорықтан Бурабайға үлкен олжамен қайтып келген екен. Бір биік жартастың жанына тоқтап, қолға түскен мүлікті молынан және әділетті түрде жігіттеріне үлестіріп берген. Әрбірінің үлесін берсе де, сарбаздардың арасында бітіспес дау-жанжал басталып кетіпті. Даудың себебі – жүзіктің көзінен өткендей көркем, осы жорықта тұтқынға түскен қалмақ қызы болатын. Жағдай ушығып бара жатқан соң хан тұтқын қызды өзіне алдырып: «Сұлуым! Міне, алдыңда бірінен-бірі өткен ержүрек сарбаздарым түгелімен тұр. Қай-қайсына қоссам да әрбірі де соған лайық, сондықтан бүгін саған зор құрмет көрсетіп, жар таңдау құқын саған бердім!» деген екен. Еліктің лағындай дір-дір қаққан қыз түнгі аспандай қап-қара тұңғиық көзін бір төңкеріп, қанатын қомдаған лашындай бойын тіктеп: «Құдіретті хан ием, көрсеткен құрметіңе рахмет! Таңдау менде болса, сыңарым ең беделді азаматың болсын. Менің мына аппақ орамалым анау жылтыр жартастың ең құзар шыңына ілінсін. Орамалға қай сарбазыңның оғы жетсе, соған өмірлік жар боламын!» – депті. Хан жарлығын орындамақ болып тұра ұмтылған жігіттер белдеріне арқан орап, құзар шыңның ұшына орамалды тіккен екен. Қайсар қыз сайысты құзар шыңның шоқысына шығып қадағалауға ханнан рұқсат сұрайды. Делебесі қозған сарбаздар жебелерін бірінен соң бірін аспанға атқылағанмен, бірдебірі нысанаға жетпей, даурығып жүргенде, елінен, жерінен, сүйіктісінен айырылған ару құзар шың басынан Әулиекөлдің көгілдір тұңғиығына қарғып кетіпті. Сол аты аңызға айналған шыңды халық «Оқжетпес» деп атап кетіпті.
Отпан тау тарихи-мәдени кешені
Ерте заманда елге жау шапқанда кең-байтақ Маңғыстауды ру-ру болып жайлап жатқан халықтың басын жинап, туған жерін қорғау үшін Отпан таудың басында Ұран отын жаққан. Сөйтіп, Адай руы бірігіп елін, жерін жаудан қорғап қалған. Отпан таудың басынан жаққан алау от сонау Үстірттің үстінен көрінеді екен. «Отпан тау – жеріміздің төрі, Адай ата кесенесі – еліміздің мөрі» деген ұран осы жердің барлық құдіреттілігін сипаттайды. Отпан тау – ата-бабаларымыздың аяғы, тұлпарларының тұяғы тиген, батырларымыз бен билеріміздің басын қосып, ақылдасып, елдің тағдырын шешетін шешімдер қабылдаған жер. Аталарымыз осы жерде елдің амандығына садақа беріп, Алладан ұрпақтарына саулық тілеп, алыс жолға аттандырып отырған. Ерте заманда адам баласын суықтан қорғайтын панасы, ыстықтан қорғайтын көлеңке, жауыннан қорғайтын шатыр, жел мен дауылдан қорғайтын ықтасын болған. «Адай ата – Отпан тау» рухани тарихи-мәдени кешені бірнеше құрылыстан тұрады: Ақсарай – Адай атамыздың Ақордасы; «Маңғыстау және жеті жұрт» тақырыбындағы көрме залы Маңғыстау тарихына арналып, ол жердің археологиялық сараптамасы, картасы, макеттер, артефакттер аңыз-әңгімелермен айқындалып, тас дәуірінен осы күнге дейін мекендеген халықтар мен тайпалардың тарихы, мәдениеті бойынша жинақталған мәліметтер жүйеленіп жасақталған.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан