«Ұстазым менің, ұстазым, өзіңмен өткен қыс-жазым» ,-деген өлең жолдарындай өткен сенбіде, елордада аппақ қар жауған күні «Astana Musik Hall»- да еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ұстаздардың қуанышты жүздері мен киген түрлі-түсті көйлектері жаздың жарқын күндерінің естелігіндей болып, көңіл жадыратты. ҚР жалпы білім беретін мекемелердің педагог қызметкерлері арасында ғылым мен білім саласындағы «Білім көшбасшысы» Ұлттық сыйлығын табыстау шарасы биыл үшінші рет өткізілді. « Халықаралық экология,инженерия және педагогика ғылымдар академиясы» қоғамдық қоры ұйымдастырып отырған шараның басты мақсаты- білім саласындағы реформаларға белсене ат салысу мен мұғалімдердің мәртебесін көтеру.
Шараға аталған қордың құрылтайшысы Талғат Төремұратов,қордың Астана қалалық филиалының директоры Тілектес Шынғужинова, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Сапаров және білім саласының жауапты өкілдері мен қоғамдық ұйымдар басшылары қатысты.
Жаңашыл ұстаздардың бастамаларына қолдау көрсетіп,арнайы байқау негізінде үздіктерін анықтап,оларды елорда төріне алдырып мемлекеттік бюджеттің қаржысына емес, қордың өз тарапынан ұйымдастырып отырған жұмысы қоғамда еңбегі елеусіз болып,өз деңгейінде бағаланбай отырған ұстаздарға қанат бітіргендей болды. Әрі марапаттардың Абай Құнанбайұлы,Ыбырай Алтынсарин, Қаныш Сәтбаев атындағы деп табысталуының өзі ұлттық тұлғаларымыздың есімін ұлықтау арқылы жас ұрпақты тәрбиелеп отырған ұстаздар еңбегін ардақтау деп түсіндік. Республикамыздың барлық өңірінен 150-дей мектептің жүрегі саналатын мұғалімді жинаған марапаттау барысында сахна төрінде Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауындағы: « Алдағы жылы педагогтардың мәртебесі туралы заң қабылдау қажет. Ол мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге стимул беруі қажет»- деген сөзі бұл бағытта атқарылатын істердің жүзеге асырыла бастағанын да көрсетсе керек. Жыл сайынғы арнайы аталымдар бойынша марапаттау соңында «Көшбасшы педагог - 2018» Ұлттық сыйлығының иегері анықталды. Ол Түркістан облысынан бастауыш сынып ұстазы – Қансұлу Қонысова. Қордың құрылтайшысы Талғат Төремұратов жеңімпаз ұстазға автокөлік табысталатын айтып, сертификатын ұсынғанда зал толы көпшілік ұстазға қол соғып,қошаметтерін білдірді.
Сахнада толқынысын жасыра алмаған Қансұлу Алдабергенқызымен тілдескенімізде ойын былай жеткізді: Түркістан облысы, Сарығаш ауданының, Дербісек ауылындағы № 142 орта мектебінде бастауыш сыныпта сабақ беремін.Бүгінгі жүзден жүйрік шығып,осындай атақ алу-шәкірттеріме берген білімім мен аянбай еткен еңбегімнің жемісі деп білемін. 27 жыл бойы білім негізі қаланатын бастауыш сыныпта мұғалім болып келемін.Бұған дейін аудандық сынып жетекшілерінің сайысына қатысып жүргенмін,жазда осында келіп конференцияға қатыстым.Сонда Қаныш Сәтбаев атындағы төсбелгімен марапатталдым. Қыркүйек айының 5-30 аралығында «Көшбасшы –Педагог -2018» атты портфолио байқауы өткізілген болатын. Байқау нәтижесінде жеңімпаз болған Түркістан облысынан 21 мұғалім қатысты. Мен ғана емес,мұндай жетістіктерге шәкірт тәрбиелеп,осы саланың қиындығына мойымай алға ұмтылып жүрген ұстаздардың барлығы да лайықты.Өзім халықаралық қазақ-түрік университетін бітіргенмін.Сол 1994 жылы Сарығаш ауданында аға тәлімгер болып, еңбек жолымды бастағанмын. Биыл Түркістан облысы болып құрылған туған жерімнің атын осылай абырой биігінде шығарып,еңбегімнің лайықты бағаланғанына қуанып,әрі сондай толқып тұрмын. Осындай ұстаз қауымына ілтипат білдіріп,Астананың төріне оздырған «Білім көшбасшысы» Ұлттық сыйлығын ұйымдастырушылар Талғат Төремұратовқа, Тілектес Шынғужиноваға және байқауға қатысқан әріптестеріме ризашылығымды білдіремін.Аталған мектептен қатысқан бастауыш сынып мұғалімі Абуова Розаға «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі табыс етілсе,тарих пәнінің мұғалімі Хайназарова Айгерім «Алтын қанат» төсбелгісімен марапатталды.Осы сайысқа қатысуға мұрындық болған Түркістан облыстық білім бөліміне,Сарығаш аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Үсіпбеков Нұрманға, әдіскерлер Бұхарбаева Ғалияға және Молдаходжаев Сабырқожаға алғысымыз шексіз.
Ақтанова Бақыткүл Бекболатқызы, Қарағанды облысы, Балқаш қаласындағы № 15 мектептің химия пәнінің мұғалімімін,еңбек өтілім 29 жыл.Бүгінгі қордың ұйымдастыруымен керемет мерекеге қатыстым. Сол кезде мен ойладым,мұғалімдерді ұлықтап,құрметтеу қалып қалған дүние еді,ол өте қажет қазіргі заманда. Ұстаз болашақтың тізгініне ие болар ұрпақты тәрбиелейді,олар біздің ұлтымыздың жарқын болашағының айнасы. Бүгін келген ұстаздардың бәрі марапатқа ие болып қуанып жатыр.
Өзім бірінші рет қатыстым,байқау жарияланған,республикамыздың әр өңірінен мұғалімдер өз саласындағы жаңашыл бастамалары мен жетістіктерін презентация түрінде жолдадық.Сол бойынша іріктеп бізді осында шақырды.Қаныш Сәтбаев атындағы марапат мен үшін әсіресе химия пәнінің мұғалімі үшін өте жүрегіме жақын ерекше сый болды.Әсерімді сөзбен жеткізе алмай тұрмын.Бір айта кетерім,өз балаларымды да химияға баулыдым,ол менің міндетім деп санадым. Үлкен қызым Айгүл Аманбекқызы Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде химия пәнінің мұғалімі және бір қызым Еркеназ Аманбеккызы Қарағанды қаласындағы № 101 мектеп лицейінде үш тілде химиядан сабақ береді.Шәкірттерімнің көбісі жан-жақта жұмыс істейді.Шет елдерде ,Чехияда осында магистратура мен доктарантураға түсіп жатқандары да көп.Астана қаласында химиядан алған білімін өндіріспен жалғап іске асырып жатқан шәкірттерім де бар.Сондықтан тәуелсіз еліміздің бәсекеге қабілетті мамандарын дайындауда өз үлесім бар екенін мақтаныш тұтамын,әрі өзімнің жолымды жалғап өсіп келе жатқан шәкірттерімнен ұстаз ретінде, ана ретінде үлкен үміт күтемін.
Ғалимов Қуанышбек,Атырау облысы,Махамбет ауданы,Алмалы мектебінен келіп осы байқауға қатыстым.Бастауыш сынып мұғалімімін, бес жыл болды еңбек етіп жүргеніме.Қазіргі таңда ер мұғалімдердің мектептерде көбейгені ұлт тәрбиесіне өз үлесін қосар еді деп санаймын.Негізі бұл мамандықты таңдауыма ықпал еткен өзімнің бастауыш сыныптағы ұстазым Сақабеденова Рая Атауқызы.Осындай ұстаздарға көңіл бөліп,олардың еңбегін бағалау-Елбасы айтқандай мұғалім мәртебесін көтеруге,алдағы күндерге сеніммен қарауға,біз сияқты жастардың осы салаға көптеп келуіне жол ашар еді деп ойлаймын. Жаңа шара соңында сөз алған «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Сапаров Бақыттың жас ұстаздарға болашақта әлеуметтік жағдайларын жақсарту үшін жасалатын жұмыстар туралы айтқанын естіп қуандым. Елорда төрінде ұйымдастырылған мұндай салтанатты шара еліміздің түкпір-түкпірінен келген ұстаздар қауымына үлкен қуаныш сыйлаумен қатар,алдағы уақытта біздің мамандықтың беделін көтеруге бетбұрыс болды.
Qazir үшін мерекелік шарадан материалды әзірлеген: Назерке Төлеген.
Фото: Марат Амиров