Адамның әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты, қайырымдылық пен жаман қылықта адамға әуел бастан жаратылысынан дарымайды. Жақсылық жасай біл. «Қайырымдылық қылсаң қайырын өзің көресің»,- деген даналық бар, Әбу-Насыр Әл-Фарабиден қалған. Әзгі іс пен ілгерілеу жолындағы түрлі қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің қызметі қайтсе қайырлы болмақ? Жиылып, жұрт болып жұмыла көтерген жүк мүгедектерге қандай мүмкіндіктер ашты? Шығармашыл жандардың жан жауасы, қайырлы іс тамырының қайда екендігі туралы «ДОС-ART» мәдени-сауық клубының үйлестірушісі, көркемдік жетекшісі және вокал бойынша педагогы Әділбекова Жанар әңгімелейді.
Шәкен Айманов көшесінің бойында орналасқан, анадайдан аңғара қоймайтын жалғыз қабатты ғимараттың ішіне кіріп келгеніңде күлімдегеннен басқа келбет көрмейді екенсің. Әрқайсысымен әңгімелескіміз келді. Бірақ бірі саз илеп, бірі сурет салып, бірі дауысын жаттықтырып жатқан жұмыс барысына кедергі келтірмейік деп, көру мүмкіндігі бойынша ІІ топтың мүгедегі, Независимая жизнь «ДОС» мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі Жанармен әңгімелестік.
(фото: Жанар Әділбекова)
QAZIR: Жанар, қайырлы күн! Ән салуларыңыз ерекше. «10» шілдеде оқушылар сарайында Алматы ауданы әкімдігінің «Особые праздники» қоғамдық қорымен бірлесе отырып «20 ізгі қадам» жобасы аясында өткізген қайырымдылық концертінде біз де болдық, төрттік болып түрлі тілде төгілте шырқаған әндеріңіз тамаша болды. Қосылып ән шырқағандар кімдер еді?
Жанар: Қайырлы күн! Иә, қайырымдылық концерті деп ұйымдастырушылардан шақырту алған соң біздің орталық қарап отыра алмады. Квартет болып аз қамтылған отбасынан жиылған балаларға арнап бар өнерімізді көрсеттік. Олардың барлығы біздің ұжымның белсенді мүшелері, біздегілердің қайсысын алсаңыз да шығармашыл. Есігіміз де, құшағымыз да әрқашан ашық. Достыққа да, серіктестікке де зор қуанышпен және ілтипатпен қараймыз. бұл біздің өзгелердің қажетін өтеудегі пайдамызды, өзгелердің бізге деген ашық-адал және шынайы көзқарасын білдіреді.
(Фото: солдан оңға қарай, бірінші қатар – Отарбаев Ардақ, Әлиева Севда, Әбуов Құрбанәли, екінші қатар – Бегленова Айдана, Салов Ғабит, Әділбекова Жанар)
QAZIR: Біздің орталық деп кеттіңіз, сол жайлы оқырмандарға толығырақ мәлімет айта кетейік, орталық немен айналысады, мақсат-мүддесі, қайырымдылық шараларына орталықтың қатысы қандай?
Жанар: Басынан бастап баяндайын. «Независимая жизнь «ДОС» мүгедектердің қоғамдық бірлестігі 2006 жылы құрылған. Көздеген мақсаты айқын: мүгедектігі бар жандардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, өзіне-өзі қызмет етуін және өзін-өзі қамтамасыз етуін, жалпы өз өмірін өзі басқаратын жағдайға жеткізу. Орталық жанында 2016 жылдан бастап 2000 адамды қамтыған, еңбекке баулу арқылы әлеуметтік бейімдеу бағытындағы қыш бұйымдар шеберханасы ашылды. Еш жерде жоқ «инва-СТО» жұмыс жасап тұр, онда мүгедектер техникасы, арбалары, төсек, таяқ пен балдақ, барлығы жөнделеді, жалға беріледі. Автокөлікті де мүгедек адамдардың айдауына болатындай етіп осы жерде жасақтап алуға болады. Жұмыс жасайтындардың барлығы қоғамымыздың мүшелері, мүгедектер. Осыдан екі жыл бұрын концерттік шаралар ұйымдастыратын, сан алуан фестивалдер мен байқауларға қатысатын «ДОС-ART» мәдени-сауық клубы құрылды, себебі ART – өнер, оған барлығы енеді, ал өнер: ән, би, күй, музыка, мәнерлеп оқу т.с.с. мүгедектерді оңалтудың тиімді амалдарының бірі. Қазір осы клубтың көркемдік жетекшісімін. Жақында шоу-рум ашылды. Алдымен Құдайға мың шүкір, содан соң 12 жыл бұрын он шақты адамның басын біріктіріп, бірлестікті ашқан төрайымымыз Ерділдинова Дина Исламқызына алғыс айтамын. Білікті басшы, өте шыншыл және адал адам. Бүгін өзінің туған күні еді, рұқсат болса өз атымнан және «Независимая жизнь «ДОС» мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің барлық мүшелері атынан мейірімді ана, мерейлі әже болып отырған Динаға мәртебелі қызмет, денсаулық тілейміз. Бүгін қоғамға мүшелікте 50 адам тұр. Барлығы белсенді. Бастапқыда тұйық, түрпідей жиырылатын мінезбен келгендердің барлығы қазір ашылып, ортақ мақсатқа бірге жетудің қамын қылып жатыр. Қайырлы іс деген осы емес пе? Тәуелсіз елде тәуелсіз ғұмыр кешу үшін мүгедектерге барлық жағдай жасалған, тек алға ұмтылу керек. Қоғамға пайдалы боламын десең, қайырлы іс қыламын десең алдымен өзіңді өзің жарылқауың керек.
QAZIR: Демек?
Жанар: Демек, мүгедекпін деп масылданбай, өзіңді қоршаған дүниеге ашыла білу керек. Өзіңнің рухани байлығыңды арттыру да қайырлы іс, себебі осындай амалдардың барлығы мүгедектердің бәсекеге қабілеттіліктерін арттырады. Содан осң өзгелермен бөлесуге болады. Мәселен біз қаламыздың барлық алаңдарында болатын қайырымдылық шараларына шақырту аламыз, қалмауға тырысып, қалт-құлт етіп, бір-бірімізді жетектеп барамыз. Мысалы, өткенде өздеріңіз көрген концерт, Алдияр Қожахметов деген аяғынан айырылған баланың отасына қажетті қаражатты жинау мақсатында ұйымдастырылған концерт, қарттар үйінде, балалар үйінде, «Қайсар» оңалту орталығында, «Солнечный мирда», «Спина бифидада» өткізген концерттер. Осының барлығы қайырлы іс емей немене? Оның үстіне мен вокалдан сабақ беремін, барынша музыкаға баурып, ішкі сырларын, ойларын ашылып айта алатындай, қысылмай-қымтырылмай қарым-қатынас жасай алатындай жағдай жасауға тырысамыз.
QAZIR: Дұрыс айтасыз, Жанар! Қайырымдылық қылудың да өз жосығы бар. Сөзіңмен және ісіңмен өзіңе, өзгеге зияның келмейтін болса ғана қайырлы іс қыл дейді шариғатымыз. Сіздердің қызметтің қайырының барына көпшілік куә. Білуімізше бірнеше шетелдік байқаулардың да жүлдесін еншіленгенсіздер, қайда бардыңыздар? Жетістіктеріңізбен бөлісе кетсеңіз және қандай қызықтар мен қиыншылықтар болды?
Жанар: Қара теңіздің жағасындағы Болгария елінің Несебр қаласында да болдық. Одан соң Минск қаласында байқауға барық. Бұл қалада әуежай жоғын өздеріңіз білесіздер. Пойыздардың арба кіре алатын арнайы вагоны болмайды кейде. Ал біздің алдымен автобусқа, содан соң трамвай-троллейбустар арқылы келесі автобус жүретін жерге, содан соң жеке-жеке жеңіл көлікке мініп, қалай жеткенімізді көрсеңіздер...нағыз квест болды. Бірақ барар жерімізге табан тигенде барлығымыз шаршағанымызды ұмытып қалдық.
Мұқият дайындық пен ұжымымыз ішіндегі татулықтың арқасында «Витебск-2017» Славян базары фестивалінің аясында өткізілген ХІІІ халықаралық мүгедектер шығармашылығына арналған бәйге бізге сәтті болды. Аспапта ойнау номинациясында Темірбаев Азамат бас-гитарасымен 1-орынды алды, Азамат екеуіміз эстрада жанры бойынша дуэттер арасынан тағы 1-орынды иелендік. Елімізді де, өзімізді де тек жақсы қырынан көрсете білдік. Бұл біздерге жаңа мүмкіндіктерді көрсетті. Біз оқушы сияқтымыз. Қатыстық, өнер көрсеттік, тиісті, лайықты марапатымызды алдық. Бұл бір сабақтан алған баға, ал алда әлі талай сабақ бар. Бір орында тұрған жоқпыз. Күн сайын жаңару, жаңғыру үстіндеміз.
QAZIR: Біраз жерге барыпсыздар, бәйгеден де кенде емес екен бірлестік мүшелері. Ал осындай сапарлардың жол-ақысын, жүріп-тұру, тамақтану ақысын кім көтереді? Киетін костюм бар дегендей.
Жанар: Мына өмірдің қызықтығы соншалық, сел соғып жатса да, соқыр болсаң да сұлулықты сезінуге, аңғаруға болады. Мылқау, не мүгедек болсаң да толғанысқа бөлейтін әндерді шырқап, тепсіне билеп, толғана жырлап жіберуге болады. Қаланың, жалпы еліміздің мәдени өмірінің әсерлірек, әдемірек, жан-жақты және қол жетімді болуына неге ат салыспасқа. Бізде тек арбаға таңылған мүгедектер ғана емес, көру қабілеті, есту-сөйлеу қабілеті сияқты кемшіліктері бойынша мүше болып табылатын мүгедектер бар. Жұмысқа, әрекетке қабілеттілік – бұл бәсекеге қабілеттіліктің басты көрсеткіші. Олардың жеке топ болып емес, біртұтас мәдени кеңістікте дамуы керек. Қоғамның «қалыпты» мүшелері мен «ерекше» мүшелерін жіктейтін, бөліп-жаратын жағдайлардың түбегейлі жойылуы керек. Мәселен, жаңа айтып кеттім, Севда, бірнеше класс муызка сыныбын бітірген, былтыр университет бітірді, қолынан келмейтіні жоқ, тоқыма, қыш құмыра құю, саз балшық илеу, ән айту. Кімнен, қай жері кем?! Басқа қыз-жігіттеріміздің де өнерге таласы бар, он саусағынан өнер тамған. Мүмкіндігі шектеулілерді қоғамға интеграциялау не мемлекет, не мүгедектер ұйымдарының өздері болып бір тарапты атқарылатын жұмыс емес, бірігіп, бас қосып, бірлесе атқарылатын шаруа, әркім өз бетімен бір-бір жобаны бастаннан гөрі бір шаңырақ астына жиылып, жақсы нәтижені көздеу керек. Сондықтан, барлық қоғамдық ұйымдарды серіктестікке шақырамыз. Қаржы жағын толық біле бермейді екенмін. Бірақ, бастапқыда өз қалтамыздан өтеп жүретін кездер болды, бірлестіктің қаражаты жетіспейтін тұста серіктестер бар, қаржылап бермесе де қолдарында бар көмегін аямайды. Мысалы, тірек қимыл-қозғалысы мен психонврологиялық кемшілігі бар жандарды оңалту үшін ART-терапия бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында атқарылатын жұмыстарға қажетті барлық жабдықтарды, дыбысталымы пианинодан кем түспейтін толық октавалы синтезатор, микрофон, дыбыс үдеткіш және т.б. бізге «Zeken-moda» дизайнерлік үйі алып берді. «Дегдар» гуманитарлық қоры көмектесті. Мұндай демеуші, достарымыз бар, оларға рахмет.
QAZIR: Севданың өзін сөзге тартайық. Севда, Сіз сонау Болгария жеріне барып «Нәзіктік» ханшайымы аталымын иеленіпсіз. Тартыс қандай талаптар бойынша жүрді? Пианинода өзің шығарған композицияларды орындайды деп естідік, композиторлық қырың да бар екен ғой?
Севда: Қайырлы күн. Қазір мен өзіміздің цехта жасалған құмыраның сыртын қолша әрлеп, сурет салып отырмын. Ал былтырғы жылы Новосибирск қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі арулар арасындағы халықаралық сұлулық байқауында «Нәзіктік ханшайымы» номинациясын маған берді. Төрт кезеңнен тұрған байқаудың шарты бойынша мен Қазақстанның видео-таныстырылымын ұсындым, өзім жазған «Токийский дождь» туындысын пианинода ойнадым, үнді биін билеп, берген ұлттық киімді ұсындым. Сөйтіп Қазақстаннан барған әзірбайжан қызы үнді биін билеп, жапондық әуенді аспапта тартып, қазақы көйлекті киіп, орысша сөйлеп, бар білерін салып бәйгесіз қайтпады.
(Фото: Әлиева Севда).
QAZIR: Бұл да үлкен жетістік. Өздеріңіз бір орында тұрмаймыз дедіңіздер. Қандай жоспар құрып отырсыздар?
Жанар: Білесіз бе, мүгедекпін деп мақтана алмайсың ғой, оны жасырасың, әркімнің басынан өтетін жағдай, дүниеден түңіліп тұңғиыққа кететін. Маған да өзгелердің көмегі керек болған, бірақ мен ол кезде кімнің нақты не көмек көрсетуі керек екенін ұқпадым. Тым болмаса адамдармен араласайын деп осы бірлестікке келгем, аңдап басып қайта айналыса бастаған музыка, өнер менің өмірге құштарлығымды қайта оятты. Бұл менің өмірімде жасалған қайырлы істің ең кереметі еді. Мен түсіп кеткен тұңғиықтан жұлып алып шығып, міне, алдарыңызда жарқырап жүруме көмектескен осы бірлестік.
Ал бірлестік алдағы уақытта эстрада жұлдыздарымен бірлесіп өнер көрсетуді көздейді. Осы айдың «27» жұлдызында Қостанай жеріндегі «Сосновый бор» шипажайында жеке концертіміз өтпек. Қош көрісейік, келіңіздер! Бұл алғашқы концертіміз болмақ, бұрын жеке концерт берген емеспіз. Белгілі жоба, белгілі шара аясында, әкімдіктің белгілі мерекелік шаралары аясында ғана ұжымымыз өнер көрсетіп келді. Енді өз кемеміздің желкенін жекелеп көтермекке бекіндік. Абайдың «Желсіз түнде жарық айынан» бастап, Ададжиоға дейін айтамыз. Мақсатымыз мәдениет пен өнер арқылы мүгедектерді қоғамдағы тұтас мәдени кеңістікке кіріктіру, әлеуметтік бейімдеу.
QAZIR: Іске сәт, Жанар, жолдарыңыз болсын! QAZIR жақсылықтың жаршысы, сіздердің жетістіктеріңізге қашан да қуаныштымыз және ізгі ілтипатымызды білдіреміз. QAZIR қысқа-нұсқаға шақырады.
QAZIR: Мені қозғаушы күш...
Жанар: ...музыкаға махаббат.
QAZIR: Мені бақытқа бөлейді...
Жанар:...өзімнің өзгеге керек адам екенімді сезіну.
QAZIR: Ең керемет күн...
Жанар:...әр күн өзінше керемет.
QAZIR: Адам бойындағы ... ұнатпаймын
Жанар: ...музыкадағыдай, фальшты ұнатпаймын, ол бәрін бұзады.
QAZIR: Адам бойындағы қандай қасиетті ұнатпайсыз?
Жанар: кез-келген кемшілікті түзетуге болады, орны толмайтын олқылық жоқ.
QAZIR: мен үнемі
Жанар: қозғалыстамын.
QAZIR: Қайырлы іс деген не?
Жанар: Түсіністікпен қарау, өзгенің өз үнін жеткізуге мүмкіндік беру.
QAZIR: мен бояу болсам...
Жанар:...табиғаттың тыныштығын қатты жақсы көремін, көзім көрмесе де судың сылдырын естігенде оның сұлулығын көремін.
QAZIR: Басты үш құндылық...
Жанар:...өнер, отбасы, тұмса табиғаттың тыныштығы.
QAZIR: Біздің оқырмандарға тағы не айтқыңыз келеді?
Жанар: Сіздің кез келген әрекет сіздің имиджді қалыптастырады. Сіздердің медиа кеңістіктегі имидждеріңіз кіршіксіз болсын, беделді болыңыздар! Оқырмандарыңыз көп болсын, жағымды жаңалықтарыңыз таусылмасын! Жақсылықта жүздесейік! Ал көпшілікке не айтайын, келіңіздер бізге, шақырыңыздар бізді. Біз алдарыңызға келіп, үстемдігімізді көрсетіп, кемшіліктеріңізді түгендейтін не санақшы, не ресми тұлға емеспіз. Өздеріңіз сияқты қарапайымбыз, өзгелердің жоғын жоқтап, қажетін түгендесек деген ниетпен қайырлы қызмет етудеміз.
QAZIR: Рахмет, Жанар! Амандықта болайық.
Әңгімелескен Жәннат Манасбайқызы. Фото - (Әділбекова Ж., Әлиева С. жеке мұрағатынан)