Біз Мұрат мырзамен Швеция қазақ мәдени орталығының үйінде кездестік. Еуропа қазақтарының бірі-бірімен аңсап көрісетін киелі орны – Швеция қазақ мәдени орталығының үйі.Бұл– қазақ меншігіндегі ғимарат. Күрделі жөндеуден өткен зәулім үй ішінен қазақтың иісі аңқып тұр. Қазақстаннан барған сый-сияпаттар, орталықтың жемісті жұмысын паш еткен түрлі марапаттаулар мен спорт ойындарының кубоктары – бәрі-бәрі осы жерден орын алған. Мұнда бізге, әсіресе, қазақ тілін үйретуге бейімделген бөлмелер ерекше ұнады. Орталықта тіл үйренуге қажеттіліктің бәрі бар. Яғни, Вестерос қазақтары өздерінің жас ұрпағын ана тілінің қадір-қасиетімен сусындата беру үшін қолдан келгендерінің бәрін жасап отыр. Бүгінгі «Жырақта жүргендер» айдарында орталық басшысы Мұрат Ермишпен сұхбатты ұсынып отырмыз.
Орталықтың басшысы төрт тілде (қазақ, түрік. швед, ағылшын) еркін сөйлейтін Мұрат Ермиш. Ол - Упсала университетінің түлегі. Оның бір басында бірнеше қоғамдық жұмысы бар. Ол Швеция қазақ қоғамының төрағалығымен қатар, Вестеростағы мешіттің де басқарма төрағасы, Швециядағы 26 мешітті біріктіретін федерацияның төрағасы міндеттерін де атқарады. Сондай-ақ, Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының да тізгіні Мұрат мырзаның қолында. Еуропа қазақтары білімді де іскер азамат Мұратқа сенім білдіріп, Каюм Кесижи мырза заңды түрде негізін қалап, жоғары деңгейге көтерген 10 елден құралған Қазақ қоғамдастығының еуропалық федерациясына басшы етіп сайлапты. Біз де Мұратты сайланғанына бір жеті толмаған Федерация төрағасы лауазымымен құттықтадық. Ол қоғам жұмысымен қатар өзінің жеке фирмасының да жұмысын дөңгелетіп жүргізіп отыр. Сондай-ақ, ол 140 мыңдай халық тұратын Вестерос қаласының мәслихат депутаты лауазымына көтерілген алғашқы қазақ. Социал демократтар партиясы атынан облыстық мәслихатқа қатарынан екі рет депутат болған. Өзге ел, өзге ортадағы қазақ баласының абыройын асқақтатып жүрген Швеция Қазақ мәдени орталығының төрағасы Мұрат Ермиш мырзамен әңгімеміз, қандастарымыз өз отанындай еркін өмір сүріп жатқан Швеция елі, оның құрылымы, тарихы, халқы және қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігі жайлы өрбіді.
Мұрат мырза, өздеріңіз өмір сүріп жатқан Швеция елі жайлы мағлұмат берсеңіз. Тарихы, құрылымы және заманауи Швеция қандай?
Скандинавия түбегінің тең жарымынан астамын алып жатқан Швеция ауа райының суықтығымен және табиғатының әсемдігімен ерекшеленеді. Жер аумағы жағынан Еуропа Одағы елдері арасында үшінші ел болып саналады.
Заманауи Швеция – бірнеше ғасырлық тарих пен қызықты жаңалықтарға толы скандинавиялық аралдың алып елдерінің бірі. 450 мың шаршы шақырым жері бар, 9,6 миллион халқы бар Швеция жасыл орманымен және мөп-мөлдір айдын көлдерімен мақтана алады. Швецияда аумағы 1 шаршы шақырымнан асатын 4 мыңнан аса көл бар. Ірі көлдерінің көбі Балтық теңізіне барып құяды.
Швеция сөзінің этнонимінің дамуы нақты белгілі емес. Дей тұрғанмен, бұл сөздің көнескандинавия тіліндегі «Svithjoth» деген сөзден шыққандығы туралы деректер бар. Бұл сөз герман тілінен аударғанда, "халық" деген мағынаны білдіреді екен. Заманауи шведтердің ата-бабалары – жүрек жұтқан, күрескер викингтер болған. Олар теңіз жорығына шығып, жер басып алуды мақсат еткен.
Швеция - конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - король. Жоғарғы заң шығарушы органы - бір палаталы парламент - риксдаг. Жоғарғы атқарушы органы - үкімет. Ұлттық мейрамы - швед туының Күні, 6 маусым (1503). Ақша бірлігі - швед кронасы. БҰҰ-ның (1946), Солтүстік кеңестің (1952), Еуропа кеңесінің (1995) мүшесі.
Швецияның бас қаласы – Стокгольм. Меларен көлінің шығысында 8 көлдің ортасында орналасқан ежелгі тарихи ескерткіштерге бай қала. "Стокгольм" – "жақсы сақталған" деген мағынаны білдіреді. Астанада мұражай қалпындағы көретін дүниелер көп. Қаланың аты шатырда тұратын "Карлсон" және Нобель сыйлықтарын тапсыру шараларымен қатар аталады. Сондай-ақ, Стокгольмдегі 750 жылдық тарихы бар "Gamla Stan" орталығы, Патша сарайы, Гамла Стан ежелгі қалашығы, Висби үйі, жоғары сапада тұрғызылған Дроттингхольм сарайы, Кристалдар патшалығы, Стокгольмдік архипелаг көруге тұрарлық орындар.
Динамит, яғни жарылғыш затты алғаш ойлап тапқан атақты швед ғалымы Альфред Нобель осы қалада өмір сүріп, өзінің адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан әйгілі ғылыми жаңалығын ашқан. Жыл сайын Швецияның Ғылыми академиясы химия, физика, медицина және экономика саласы бойынша ерекше жаңалықтар ашқан ғалымдарға Нобель сыйлығын тапсыратын жер осы. Стокгольм – әуе шарларын көкке еркін ұшыруға рұқсат беретін әлемдегі жалғыз астана.
Беделді Monocle журналының жыл сайын дәстүрге айналған өмір сүруге барынша жайлы әлемнің ең үздік қалаларының рейтингісінде Стокольм төртінші орынды иемденген. Сарапшылар қаланың көптеген құндылықтарымен қатар оның атмосфераның либеральдығын, қызықты сәулетін және қоғамдық көліктер жұмысының жайлылығын атап өткен. Әлемнің өмір сүруге жайлы үздік қалаларын анықтауда қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім алу мүмкіншілігі, экология және бизнес жүргізу қарапайымдылығы сынды көрсеткіштер бағаланады.
Енді Швециядағы «қазақ ауылы» атанған Вестеросқа тоқталсаңыз. Қазақтар мұнда қашан келді, қайдан келді?
Қазақтар Швецияның басқа да қалаларында тұрады, бірақ нақ осы Вестероста қазақ диаспорасының негізгі бөлігі тұрақтаған. Олар өткен ғасырдың 60-70 жылдары Түркиядан Швецияға көшіп келген этникалық қазақтар. 1960 жылдардың басында Швецияға алғашқы болып келгендер Қабдолда Шағатай, Осман Алтай, Ахмед Бахадур, Кешенай Ерміш, Кәрмения Шакрах, Кәкім Өзқұл есімді қазақтар еді. Бұлар алғашында «салт басты» келіп, біраз жыл қара жұмыс істеп, ақша жинап алып Түркияға қайтсақ деген ойда болған. Кейін Швецияның әйгілі «АВВ» компаниясының өндіріс, зауыттарында жақсы жұмыс істей келе, үйленіп, отбасын құрған. Сөйтіп, Швецияда қалып қойған, көбі осы елдің азаматы. Қайсы бірінде Швецияның да, Түркияның да азаматтығы бар. Тұрмыс-тіршіліктері жақсы, жеке үйлері, көліктері бар. Ұлттық әдет-ғұрпын, мәдениетін, тілін және дәстүрлерін сақтап қалған қандастар, өздеріне баспана берген елдің экономикасына өз үлестерін қосып қана қоймай, сонымен бірге онда «қазақ» жерінің шағын бұрышын құрған.
Қала ел астанасына жақын болғандықтан өзге елдерге барып-келіп тұру да қиын емес. Яғни, қай жағынан алып қарасаңыз да өте ыңғайлы. Швецияға алғаш келген қазақтардың бірден Вестероске атбасын тіреп тоқтауының басты себебі, міне, осы ыңғайлылықта жатса керек. Швецияға Түркиядан алғаш қоныс аударған қазақтар 8 отбасы болған екен. Содан бері Скандинавияға бет алған көш жыл сайын аздап болса да жалғасып, қазір Швециядағы қазақ отбасыларының саны 100-ден асып кеткен. Олардың 55 отбасы осы Вестеросқа орналасқан. Алыста жүрген ағайындар үшін 55 отбасы кәдімгідей үлкен қауым. Және олардың бір-бірімен байланысы да жақсы, негізінен бір көшенің бойында тұрады десе де болады. Енді жақында олардың қатарына Түркиядан жаңадан көшіп келген қазақ 15 отбасы қосылған. Мұның үстіне соңғы кезде Швецияға әртүрлі жағдаймен Қазақстаннан да, басқа елдерден де қоныс аударған қазақтар көбейе бастаған.
Алғаш келген үлкендеріміз қолдарынан келгенше әр сәтті пайдаланып, өз мәдениеті мен әдет-ғұрыптарын жалғастыруға ұмтылды. Ең бастысы оларда береке, ағайыншылдық, бірлік болды. Уақыт өте келе қазақ диаспорасының өсуіне байланысты ынтымақтастық және қор ашу қажеттілігі туындады. 1990 жылдарында ақсақалдар алқасы Қазақ мәдени қауымдастығын құрған еді. Алғашқы кезде мәдени қауымдастық діни және басқа маңызды мерекелерде халықтың басын қосып жиналатын орын ретінде қалыптасты. Уақыт өте келе, жұмыстарын ресми түрде жалғастыруға шешім қабылдағаннан кейін 1996 жылы өтініштерін білдіріп, ұйым болып тіркеледі.
Осы орталықтың құрылуына өз үлестерін қосқан жергілікті ортаның белгілі белсенділері: Әли Қахарман, Абдуллах Чагатай, Женгіз Ақсақал, Кешенай Ермиш, Ахмет Бахадур, Қадыр Макин, Қадыр Құбылай. Соңынан бұл процесті Ибрахим Динчтурок, Байрам Кесер, Меден Сербес, Ибрагим Кұсшы, енді мен жалғастырудамын.
Мәдени орталық жұмысының мақсаты – қазақтар өздерінің ұлттық мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрі мен өзара бірлік-берекесін сақтап қалу. Рамазан, Құрбан айт мерекелерін жақсы тойлаймыз. Қазақ тойлары мен жаназаларын да дәстүрге сай орындаймыз. Ақыл айтар 80-90 жастағы ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз бар.
Қазақ мәдениет орталығы қанатының астында тағы да «Жастар мәдениет орталығы», «Әйелдер қолөнер мектебі», (әжелер бірлестігі) жұмыс істесе, мұндағы «Ислам мәдениет орталығының» қызметі – өз алдына бір төбе. «Ислам мәдениет орталығы» 1995 жылы үкіметтің көмегімен 1 жарым миллион кронға мұсылман мешітінің ғимаратын сатып алған. Әуелі шіркеу болып, кейін жастар театрына айналған бұл ғимаратты бүкіл мұсылманның басын қосатын мешіт жасау ісі оңайға соқпаған. Мешітке 250 кісі еркін сияды. Жұма намазын өтеуге мұнда арнайы 27 өлкеден мұсылмандар жиналады. Әр жылы мұнда мешіт атынан ауызашар беріліп тұрады. Алла үйінің жанынан 13-14 жастағы балаларға діни дәріс медресе, әйелдерге арналған жеке бөлмелер де бар.
Швециядағы Қазақ қауымдастығы Вестерос қаласында орналасқан басқа мемлекеттердің қауымдастықтарымен мәдени іс-шараларды жүргізе отырып, өзіміз өкілдері болып табылатын Қазақстан және Түркияны Еуропа жұршылығына танытып, мемлекеттеріміздің ұлттық тағамдарын, киімдерін шетелдік достарға көрсетіп, былай қарағанда елшіліктің мәдени, рухани тыныс-тіршілігі міндетін атқарудамыз.
Швецияның астанасы Стокгольмде жыл сайын ұйымдастырылатын үш фестивальға қатысып, мерекелеу кезінде қолымызда болған қазақ тарихын және мәдениетін танытатын ақсақалдарымыздан қалған қолөнер үлгілері мен қазақтың ұлттық тағамдарын көрсетіп, елімізді ең жоғары деңгейде таныстыруға бар күшімізді саламыз.
Жастарға арналған спорт қауымдастығын құрып, жастарымызды тура жолға салу, жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында Швецияда әуесқой топта ойнайтын қазақ командасын құрдық. Мақсатымыз командалық рухты және көзқарастарды жастарымызға ағаларының арқасында жеткізу, бірлік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету және ең бастысы басқа қауіп-қатерден алыс ұстау еді.
Жастар қауымдастығы жастарды мұражай, саяхат, және осыған ұқсас шаралар өткізіп, ризашылықтарын алуға тырысуда. Әр қауымдастығымызда басқа қауымдастықтардың бір немесе екі өкілі болады. Бұл байланыс ұйымдастыруда жылдамдық және дұрыс түсіністікке жол ашады. Бүгінгі таңда қарияларымыз үшін бір қауымдастық жұмыстарын атқарып жатырмыз. Оның мақсаты қарияларымыздың өмірлерін белсенді өткізулерін қамтамасыз ету, олардың қалаулары бойынша бағдарламалар құрастыру болып табылады. Қазақстан өркениетті, демократиялы мемлекет ретінде қазақ халқын біріктіруші, ынтымақтастырушы рухани жаңарудың орталығы болып табылады. Өздерінің тарихи Отандарынан әртүрлі жағдайлардың салдарынан сыртта жүрген өзіміздің қандастарымызбен өмірдің барлық салаларында жемісті байланыстар орнатуға тырысудамыз.
Еуропаның мәдениетті де ауқатты осы еліне қоныстанғанымызға да 50 жылдан асыпты. Аллаға шүкір, «қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк» дегендей, бұл жерде материалдық тұрғыдан шат шадыман өмір сүріп келе жатырмыз. Осы орайда швед еліне қарыздармыз.
Алыста жүргеннен кейін, әрине, кейбір қиыншылықтар болмай қоймайды. Бізді әсіресе ұрпақ қамы толғандырады. Жастарымыз, балаларымыздың болашағы не болады? Тілін, ділін және дінін сақтай ала ма? Қазақ екенін біліп, қазақ тілінде сөйлеп, мұсылманшылық сенімін жалғастырып, қазақы қалпын ұстап қала ала ма? деген сұрақтар бүкіл ата-аналарды мазалайтыны сөзсіз.
Балаларымыз қазақтық қалпын сақтап қалса екен деп армандап жүрген біз - ата-аналардың өзі ұлттық тіл мен ділді толық бойымызға сіңіріп алған азаматтар емеспіз. Тіліміз келте, діліміз орта болып келе жатырмыз. Бірақ, құдайға шүкір, жүрегіміз әлі «қазақ, қазақ» деп соғып келеді. Оны бізге көптеген қиыншылықтармен өмір кешкен ата-аналарымыз дарытты. Енді біз ата-аналарымыздың сол аманатын олардын немере-шөберелеріне дарытсақ деген ойдамыз.
Осы орайда, біздер өзіміздің ата-аналарымыздай қазақтың тілі мен діліне бай болмасақ та, ұрпақты ұлттық мәдениетте тәрбиелеуде олардан көбірек мүмкіншілікке иеміз деп ойлаймыз. Өйткені әлем социалистік және капиталистік топ болып екіге бөлініп, қырғи-қабақ салқын соғыс болып тұрған және қазақ мәдениетінің кәусар бұлағы – елмен байланысуға мүмкіншілік болмаған шақта ата-аналарымыз бізді өсірді. Ал біз болсақ, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған қазіргі бейбіт заманда, туған елмен қоян-қолтық араласып тығыз байланысып жүрміз.
Швециядағы бүгінгі қазақ жастары қандай? Болашағы қалай болмақ?
Аға ұрпақ білімді жастарымыз қазақ екендіктерін ұмытпай, болашақта ұлтқа қызмет етсе деп армандайды.
Бүгінде мақтанар жастарымыз аз емес. Швецияға келген алғашқы буын - ата-аналарымыз қара жұмыс істеп, ұрпақтарын оқытпаса болмайтынын түсінді. Сондықтан балаларын оқытты.Кейінгі ұрпақ қазір ірі-ірі кәсіпорындарда жұмыс істей бастады. Жастардың 80 пайызы жоғары білімді.
Соңғы уақытта Швецияда тұратын қазақтардың арасынан жоғары білім алып, қоғамның түрлі салаларында қызмет істеп жүрген белгілі жастар көбейген. Мысалы Айсу Ақсу деген қызымыз Стамбул қаласындағы метроны басқарған, қазір Швециядағы әлемде үшінші орында тұратын әйгілі «АВВ» деген компанияда жұмыс істейді. Яуыз Қахарман деген жігіт Лондон мен Адана метросының жобасымен айналысатын өз фирмасы бар. Отыз жасар Гүлбаршын Кесер деген қызымыз Швецияның сыртқы істер саласында жемісті еңбек етіп жүр. Ал, Жеңіс Шағатай жақсы хирург-дәрігер ретінде есімі танымал. Сол секілді, Скандинавия елдеріндегі ІВМ компаниясының басшысы Дария Ермиш. Ол 700 швед ішінде Америкада сертификатты тұңғыш алған маман. Райхан Ермиш – «Ериксон» компаниясының Швеция бойынша басшысы. Асан Алтай деген жігітіміз Американың Кастролл деген фирмасының өкілдігін Швецияда ашты. Оның қол астында 80 швед инженері жұмыс істейді. Айшагүл Шағатай ішкі істер қызметінде ерекше көзге түссе, Оғыз Шағатай компьютер маманы ретінде Жапонияға барып жақсы жұмыс істеп жүр. Жан деген жігітіміз – патшалық университет мұғалімі. Жиырма жеті жастағы Арман атты жігітіміз Сыртқы істер министрлігінде, бүгінде Сицилияда қызмет істеп жатыр. Сондай-ақ, ғалымдарымыз да бар. Бұлардың тізімін бұдан ары соза берсек біразға жетеді. Шетелде білімді, білікті қазақ жастары көп. Солардың интеллектуалдық қуатын қазақ елінде неге пайдаланбасқа.
Енді өсіп келе жатқан балаларды да Қазақстанда қазақтың салт-дәстүрін насихаттайтын арнайы бағдарламалар және тілдік курстарға жібере бастадық. Мақсатымыз – қазақ тамырынан ажырап қалмау, қазақ екенімізді ұмытпау.
Сұхбаттасқан Інжу Алтайқызы