Жамбыл облысының территориясында орналасқан ғұрыптық кешен немесе мемориалдық ескерткіштер туралы не білеміз? Мыңбұлақта болдыңыз ба, киелі жердің тарихы жайлы аңыздар не дейді? Әр аптаның дүйсенбісінде «Көне дүние күмбірі» айдары өткен тарихтан сыр шертеді.
Батыс түріктердің әдет-ғұрыптық кешені Мерке, Жайсан – Жамбыл облысы Мерке ауданының мұрасы. Жамбыл облысының территориясында, Мерке өзенінің бастауында орналасқан батыс түрік мұрасының ескерткіштері биік таулы жайлауларда, қаптаған қайнар бұлақты жағалай шоғырланған.
Орта ғасырларда ғұрыптық және мемориалдық ескерткіштерге бай бұл өлке Мыңбұлақ деп аталған және батыс түріктердің киелі мекені болған. Мыңбұлақ өлкесінде тас мүсінді ғұрыптық құрылыстар, руна жазулары бар, құрбандық шалуға арналған орындар, рулық таңбалар, жартастағы суреттер көп мөлшерде шоғырланған. Батыс түріктердің қорықтық мекенінің жалпы көлемі 95 мың гектардан артық.
Культтік ескерткіштердің негізгі бөлігі – құдай деп таныған бабалардың тас мүсіндері орнатылған тас үйінділерден тұратын қорған типіндегі құрылыстар. Қазіргі таңда 76 тас мүсін есепке алынды және картаға түсірілді. Тас мүсінді культтік ескерткіштердің көптеп шоғырлануы киелі Мыңбұлақ жері түріктердің шығу тегі туралы аңыздардың шыққан жері болғандығын және ұлы тұлғалар мен Тәңірі мен Жер-Су түрік пантеоны құдайларының аруақтарына сыйынатын ғұрыптарды жүзеге асыратын қасиетті мекен болғанын дәлелдейді.
Орта ғасырларда белсенді жүріп-тұрған, елдер мен құрлықтарды, түрлі халықтарды байланыстырған, сол дәуірдің алдыңғы қатарлы ойлары мен технологияларымен алмасатын жол болған Ұлы Жібек Жолы қазіргі таңда қайта өзекті әрі қажетті болып отыр.
Жібек жолы түрк қағандары жүргізген дипломатиялық қатынастардың арқасында қызмет етті және сұранысқа ие болды. Деректерден Үндістан мен Ираннан, Византиядан және басқа да елдерден келген жат жерлік қонақтарды алғаш рет қарсы алған түрік билеушілерінің дінге еріктігін көруге болады, олар өз иелігіндегі жерге келген халықтардың мәдениеті, діні туралы ықыласпен тыңдаған. Миссонерлер мен қажылыққа бара жатқан адамдармен көп мәрте қарым-қатынас жасай отырып, басқа мемлекеттердегі өмір туралы, осы немесе басқа діннің үстемдігі туралы біліп отырған.
Алғашқы түрік қағаны Естеміс қаған Тараз қаласындағы кездесуден кейін, қонақтарына өзінің сүйікті киелі мекені Мыңбұлақта (қазіргі Мерке ғибадатханасы) салтанатпен құрмет көрсеткен кезде Византия мен Иранның елшілерді «Түрлі келбеттегі пұттарды» көргендігін айтады. Осылайша, будда табынушысы Сюань Цзян (629 жж.) Қытайдан Үндістанға сапары барысында батыс түрік қағаны Тон ябғуда (618-629 жж.) қонақта бір жыл болған екен. Биік таулы Мерке ғибадатханасына барған Сюань Цзян ол жерге баратын жолды бәрі біле бермейді, ал оның өзін көзін байлап апарған деп жазған.
Өз жазбаларында Түрік қағанының киелі ордасы Мерке жайында өз еліне адал қызмет еткен ұлы тұлғалардың мүсіндері бар көптеген культтік ескерткіштерге бай өлке деген естеліктер қалдырған.
Мерке өзенінің бастауындағы биік таулы шоқыларда түріктер құдай деп санаған ата-бабаларына, сонымен қатар тірі кезінде қоғам мен Отан алдындағы еңбегі үшін құрмет пен сыйға қол жеткізген адамдарға арнап жасалған тас мүсіндері бар қорғандар салған.
Әйелдер мен ерлердің құрметіне арналып жасалған көптеген тас мүсіндер табыну нысандары болды және осы жерлерде ұлы ата-бабалардың рухына, Тәңірі мен Жер-Судың бас құдайларына табыну ғұрыптары өткізілетін болған. Ер адам Тәңірінің, қолшоқпарын, биік көк аспанның бейнесін кейіптесе, әйел адам бейнесі Жер-Су құдайының символын кейіптеді.
Түрік қоғамының өкілдері ұлы тұлғалар өмірден өтсе де өз ұрпақтарына қамқорлық жасайды деп сенген, сондықтан олардың Тәңіріне ұшып кеткен рухына табынуының басты мақсаты қоғамдағы тыныштық пен аман-саулықты сақтау туралы жалбарыну болды. Қуысы бар тастан жасалған құрбандық шалатын орындар, қорғандардың жанындағы үстіртте қашалған руна жазулары, петроглифтер мен мүсіндердің қолдарындағы ыдыстардың көптеп кездесуі ғұрыптың әсерлілігін дәлелдейді.
«Қазақстанның жалпы ұлттық қасиетті нысандары» кітабынан .