Қазақстан бойынша жыл басынан бері 10- нан аса адамның өмірін жалмаған қауіпті дерт мамандардың айтуынша әр 10-12 жылда бір өршіп тұрады екен. Бұл туралы Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс балалалар инфекционисі Әділ Қатарбаевтың тілшілерге берген сұхбатында айтылған. Маман дерттің ендігі өршу қаупі 2025-2026 жылдарына тұспа-тұс келуі мүмкін екендігін де болжап отыр. Себебі 2014 пен 2015 жылдары бұл дертке шалдығып тіркелгендер саны 400- ден асқан.
Eл арасында дүрбелең тудырған инфекциялық дертке қатысты ақпарат, бұқаралық ақпарат көздерінде аз жазылып жатқан жоқ. Оның себебі бұл ауруға шалдыққандарды өлімге жеткізуі, жалпы мамандардың айтуынша адамдардың өзінің салғырттығынан екен. Осыны ескере келе, бізде Qazir оқырмандарына менингит қаупі,одан сақтану жолдары туралы арнайы маманнан алған сұхбатымызды «Қоғамдағы үш анық» айдарында жариялауды жөн көрдік.
ҚММУ Медициналық орталығы бас дәрігердің емдеу жұмысы бойынша орынбасары Айгүл Мәжитқызы Асанова:
- Мен де соңғы кезде дабыл ретінде хабардар етіп жатқан әріптестеріммен бірге кезекті рет, жұрт арасында тудырған менингитке қарсы екпеге қатысты түрлі дүрбелеңдерге сенбеуге шақырамын. Қазір Мемлекеттік медициналық мекемелер аталған жұқпалы ауруға байланысты кез келген адамды қабылдауға дайын. Сондықтан оның белгілері байқалған жағдайда шұғыл түрде дәрігерге қаралған жөн.
-Айгүл Мәжитқызы, өзіңіз айтқандай алғашқы белгілері қандай? Ол балаларда қалай байқалады?
-Жалпы менингит дерті, инфекцияның жұғу жолы және жұқа ми қабатының зақымдалуы мен қоздырғыштың түріне қарай деп үшке бөлінеді.
Осы аталған бойынша қай түрі болмасын науқастардың барлығында алғашқы синдромы бірдей болады. Яғни, адамның қатты бас ауруы. Дене температурасының жоғарылауы және жүрек айнып құсуы бұл үш негізгі симптомдары. Және қосалқы белгілері ол науқастың жарықты ұнатпауы яғни, адам жарыққа қарай алмай көзінің ауратындығын сезінеді. Одан да басқа құлақтың шыңылдап ауыруы мүмкін Ал өзіңіз сұрағандай көбіне кішкентай балаларда ішінің ауыруы кездеседі.Менингитке шалдыққан кішкентай балалар көбіне түнде айқайлап оянады. Желкенің тырысуы сынды түрлі неврологиялық симптомдары болады.
- Айгүл ханым, жалпы бұл инфекциялық дерттің таралу жолдары қандай?
-Көбіне ауа тамшысы жолдары арқылы таралады. Егер менингококкты менингитке қатысты айтсақ, ол тығыз қарым-қатынас арқылы, яғни ара қашықтығы 1 метрден жақын арадағы тасымалдаушы адамнан немесе жедел кезеңде ауырып жүрген адамнан жұғуы мүмкін. Ал жалпы менингококкты инфекцияның қоздырғышы сыртқы ортаға тұрақсыз болып табылады. Егер бөлмені жиі желдетіп таза ұстап, оған күн сәулесі түсетін болса ондай жерде вирустар тіршілік етпейді.
-Демек, қарапайым тілмен айтсақ, жұқпалы дертті қоздыратын инфекция жарықтан қорқады ғой?
–Ия, солай деуге әбден болады. Себебі оның қоздырғыштары жарық түскен сыртқы ортада тез өледі.
-Жақсы, ал сақтану жолдарын да айтып өтсеңіз.....
-Көп адам жиналатын жерлерден алшақ болу және ашық су қоймаларына түспеу, себебі оның су жолымен тез жұғатындығын да ескерген жөн. Сондай-ақ, дұрыс уақытылы тамақтану, жалпы айтқанда иммунитетті көтеріп, қалыпты ұстау көп дертке қарсы тұру болып саналады.
-- Айгүл Мәжитқызы, біздің сұрақтарымызға жауап беріп, сұхбат бергеніңізге алғысымызды білдіреміз.
Қадірлі оқырман, жалпы жыл басынан бері аталмыш дерт бойынша тіркелгендер саны-58, оның 18-і он төрт жасқа дейінгі балалар. Ал көз жұмғандары-12, оның бесеуі балалар екен. Бұл туралы жақында ҚР ОКҚ де өткен баспасөз брифингінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеген болатын. Дегенмен бар мәселені айтпау мүмкін емес. Сондықтан, сақтанудың қарапайым ғана жолын ұстансақ. Мәселен,бөлмедегі ауаны жиі ауыстырып, міндетті түрде серуендеуге шығуды әдетке айналдыру, уақытша адамдармен қарым-қатынасты мүмкіндігінше шектеп, қолды жуып, мұрын мен тамақты шайып отыру маңызды. Тіпті,сөз түйінінде қосымша айтар едім, отбасыңызбен аурудың алдын-алу мақсатында, күнделікті кешкісін және таңертеңгілік ауызды қара тұзды сумен шайып отыру артықтық етпейді.
Арнайы маманнан сұхбат алып, ақпарат жинақтаған Салтанат Сәдібекқызы.
Фото: amic.ru