Осы аптадағы ел өміріндегі маңызды мәдени оқиғаларға тоқталсақ, жаздың жадыраған күндері әр апта сайын жағымды жаңалықтармен қуантуда. Өткен аптада Ұлттық домбыра күні белгіленгендігі жайлы айтсақ, бұл аптада ең маңызды оқиға- Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан қаласына ауыстырылып, облыс аты Түркістан аталуы болды. Елімізде қала халқының саны миллионға жеткен үшінші мегаполис атанған Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалардың санатына енді.
Астананың 20 жылдық мерейтойы жақындаған сайын өткізіліп жатқан мәдени шаралардың ауқымы да кеңейе түсуде.
Астанада II дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі де бас қаланың 20 жылдық мерейтойына арналып өткізілуде. Әлемнің 13 елінен келген театр ұжымдары бас-аяғы 18 қойылымды көрермен назарына екі апта бойы ұсынады. Шара шымылдығы «Қыз-Жібек» мюзклімен ашылса, халықаралық жобаны италияның атақты «Piccolo Teatro di Milano» театры өз қойылымымен жалғастырды.
Ұлттық домбыра күнінің құрметіне Астанада 1 шілдеде халықтық серуені өтеді. Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұловтың айтуынша, халықтық серуен 1 шілде күні «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда өтеді. Онда киіз үйлер тігіледі және қазақ ұлттық аспаптарының музейі жұмыс істейді.
Мереке көркі еліміздің мыңдаған музыкант-домбырашысының қатысуымен өтетін «Домбыра – асыл мұра» концертімен айшықтала түспек.
Астанада жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін ғажайып жыр кешінің бірі - «Астана-Арқау» 4-5 шілдеде басталады. Биыл бұл фестиваль 11-ші рет өткізілмек. Дәстүрге айналған өнер фестивалі негізінен түркі музыкасының әралуандылығы мен қазіргі заманғы түркі этномузыкасындағы жақындықты көрсетуді мақсат тұтқан. Мәдени шараға түркілік дәстүрлі орындаушылар қатысады.
Прагада елордамыздың 20 жылдық мерейтойына арналған фотокөрме ұйымдастырылды.
Чехиядағы Қазақстан елшілігінің ұйытқы болуымен өткен іс-шараға жиырмаға жуық сурет қойылды. Астананың архитектуралық ажары, бір-біріне ұқсамайтын ғимараттары, әрі аппақ мешіті чех қоғамының өкілдеріне ерекше ұнады. Жиырма жасқа толатын жас қаламызға игі жақсылар ақ тілектерін арнап ,іс-шара аясында кітап көрмесі де ұйымдастырылды.
Алматыда жыл сайын өтетін дәстүрлі «Ұлы дала - көшпенділер әлемі» фестивалі биыл 23-24 маусым күндері «Боралдай сақ қорғаны» саябағында өтеді.
Фестивальге Венгрия, Моңғолия, Украина, Өзбекстан, Башқұртстан, Дағыстан, Саха, Тыва, Алтай Республикасы халқының өкілдері қатысады деп жоспарланған.
Оралда басталған «Жайықтың қасиетті орындары» атты өлкетанушылардың республикалық форумы 23 маусымға дейін жалғаспақ.
Форумның бес күнге құрылған бағдарламасында форум қонақтары мен қатысушыларына жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген нысандарға туристік сапарлар, облыстың музейлеріне экскурсия ұйымдастырылады. Көрермен назарына тарихи қойылымдар ұсынылмақ. Музей саласының мамандары озық тәжірибемен алмасып, БҚО-дағы музей ісінің үздіктерінің жетістіктерімен танысады.
Аталған шара тек Орал қаласында емес, Теректі, Сырым, Жәнібек, Бөкейордасы аудандарында жалғасады.
Апталық мәдени шолуға арқау болған жаңалықтар ашық ақпарат көздерінен алынды.