«Қорқыт жастайынан адам өмірінің қысқалығына налып, қашсаң құтылмас ажалға қарсы күрескісі келеді. Бірақ, қайда барса да, оның алдынан қазулы көр шығып: «Қайда барсаң да – Қорқыттың көрі» деген халықтың мәтеліне айналды» Бүгінгі «Көне дүние күмбірі» айдарында біз білетін аңызға қоса Қорқыт баба есімінің мүлдем басқаша мағына беретіндігі жайлы автордың өз пікірі мен пайымдауы ұсынылып отыр.
«Қорқыт ата» деген сөзді естігенде көкейге үрей пайда болары сөзсіз. Мұны табиғи рефлекс (рефлекс – санаға тәуелсіз, жан әрекетінің нәтижесі) ретінде қабылдайтынымыз соншалық, ол адамның есімінің өзі ажалды көз алдымызға алып келіп, «қырық жыл өлімнен қашқан абыздың өзі шарасыз болса, бізге не жорық?» деген пендешілікке тіреліп жатарымыз анық. Өйткені, өткен ғасыр бізге солай түсіндірді.
Сондықтан да көпшілігіміздің санамызда Қорқыт ата – көкейге ажал ұрығын себуші ретінде қорқынышты адам. Шын мәнісінде солай ма? Оның есімі – ажалдың синонимі болғаны ма? Оны зерделеу қажет пе, жоқ па?
Қорқыт атаның ғұмыр кешкен дәуірі Х ғасырдың басында Сырдария бойында өмір сүрген оғыз-қыпшақ тайпалық бірлестігі тұсына сәйкес келеді. Махмұд Қашғари «Диуани лұғат-ат түрік» кітабында «XI ғасырда оғыздарда 22 тайпа болды» дейді. Қалай дегенде, Оғыз мемлекеті кең байтақ аумақты алып жатты. Батыста – Ырғыз, Жайық, Жем, Ойыл, Арал маңын, Шығыста – Балқаш көлінің оңтүстігіне дейін, Сырдария аңғарын, Қаратау баурайын, Шу өңірін мекендеді. Оңтүстікте –Хорезм, Мәуереннахр, Хорасанмен шектесті. Оғыз мемлекетінің астанасы – Янгикент (Жаңа Гузия) қаласы. Янгикент қаласы Хорезм, Мәуереннахрмен шектесіп, Кимектер даласы арқылы Сарысу, Кеңгір, Есіл, Нұра бойларына баратын маңызды керуен жолының үстінде орналасты.
Дегенмен, X-XI ғасырлар шегінде оғыз мемлекеті құлдырай бастайды. Ол жайында «Қазақ Энциклопедиясы» (7 том, 4 бөлім), «Отырар» энциклопедиясы. (Алматы. «Арыс» баспасы): «Оған алым-салыққа қарсылық білдірген оғыз тайпаларының көтерілістері себеп болды. Салжұқтармен, қыпшақтармен болған соғыстарға шыдамай, оғыз мемлекеті ХІ ғасырдың ортасында біржола құлайды. Жартысы қыпшақтардың қысымынан Шығыс Еуропа мен Кіші Азияға, жартысы Мәуереннахрдағы қарахандарға, Хорасан салжұқтарына, қалғаны Дешті-Қыпшақ тайпаларына араласып кетті», – деп жазады. Бұл – өмір шындығы.
Табиғат заңында дәуірдің қалыпты ырғағы күрт өзгерген бұрылыстарында ел тағдырына араша түсе білетін ерекше жаратылған өренді дүниеге әкелуі – табиғи құбылыс. Оның кім болғанын Рашид әд-Дин «Жамиғ Ат-Тауарих» тарихи шежіресінде қайы тайпасынан шыққан Қорқыт Ата десе, Әбілғазы «Түрік шежіресінде» оның тегі – баят, оғыздардың «Ел бегі» болып, 95 жас ғұмыр кешкенін айтады.
Қазақ философиясы тарихында түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт Ата – ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист.
Осы тұрғыдан алғанда, өзге ғалымдар тұжырымына қарсылығымыз жоқ десекте: «Қорқыт» сөзінің этимологиясын түрколог, филология ғылымы докторы профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың: «Құтты адам, құт әкелетін адам» деп көрсетуі көкейге қонады.
Ел ішіндегі берекесіздіктен қажыған ел дүниеге келген жас сәбидің алғашқы қадамынан-ақ, жақсылық нышанын күткенін аңызға айналдырып, «Қорқыт дүниеге келер алдында әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басады. Сұрапыл қара дауыл соғып, ел-жұртты қорқыныш сезімі билеген. Осыған орай баланың атын «Қорқыт» деп қойған дейді». (www.zharar.com/kz).
Ойлап қарасаңыз, қазақ халқында «Бақ қорқытып қонады» дейді. Қорқыт атаның нақыл сөздеріне құлақ салсақ, «өмір барда өлім бар, өзгеру бар, өлмес өмір жоқ, сынбас темір жоқ, бәрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады, тек мәңгі-бақи өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе – адамның өмірінде істеген игілікті ісінің нәтижесі» дейді. Әлгіндегі пікірімізге бұл да негіз болады. Демек, өлімге мойын ұсынып, пендешілікке салынбай алға жылжып, ұдайы күресуіміз қажет. Аңыздың да айтары осы. Қорқыт ел тілеуіне орай халқының қамын жеген азамат болды. Қорқыт – күй атасы, аңыз – адам! Осының нәтижесінде құрып кетуге айналған елі де, ес жиып, бұрынғы «Дешті Қимақ», «Оғыз даласы» деп аталған өңірде ХІ ғасырдың басында қыпшақтардың саяси жағынан күшеюіне байланысты этнографиялық өзгерістер болды. Х ғасырда өмір сүрген географтар (Истахри, ибн әл-Хаукал) Оғыздар даласы (Мафаззат әл-гузз) деп атаған ұлан-байтақ жер енді «Дешт-и-Кипчак» атымен атай бастады.
Өткенді жоқтап боздай беруден опа жоқ. Сондықтан кобызын күңіренткен Қорқыт еліне кемел ойынан туған ақыл-кеңесін айтып, ақылға, сабырға келуге шақырды: «Ескі темір біз болмас, ескі дұшпан дос болмас», «Ел арасындағы ер мен езді қолына қобыз ұстап аралаған жыршы білер».
Қорқыт жастайынан адам өмірінің қысқалығына налып, қашсаң құтылмас ажалға қарсы күрескісі келеді. Бірақ, қайда барса да, оның алдынан қазулы көр шығып: «Қайда барсаң да – Қорқыттың көрі» деген халықтың мәтеліне айналды.
Аңыз адамның өмірі де, арман тілегі де – халқының «Мәңгілік ел» болуын аңсаған тәтті қиял еді. Сол себепті еліне құт әкелгісі келген абыз қобызын күңірентіп, күй төкті, жастарға аманатын жолдады. Ол өлімнің насихаттаушы болған емес. Жастар мұны білуге тиіс.
Береке бірлікке ұмтылған бүгінгі таңдағы біз бабалар аңсаған сол тәуелсіз елдің тұғырында «Мәңгілік ел» болуына ат салысып жатқан ұландарымыз. Қорқыт атаның ажалдан қашқандағы мәңгі ғұмыр іздеген арманы, Асан қайғы бабаның елінің кемел болашағы үшін іздеген жер ұйығы – Қазақ елінде жүзеге асып жатыр.
Сөйтіп, Мұхтар Әуезов айтқандай: «Қобыздың ішегінде, халықтың жүрегінде» мәңгілікке ұмтылмастай сақталады!
Тоғанбай қажы Құлманұлы , өлкетанушы-журналист
Фото: e-kyzylorda.gov.kz