«Төртеу түгел болса-төбедегі келеді»-демекші,еліміздің жүрегі, жақында 20 жыл толатын Астанада да бүгінде төрт аудан бар. «Елорданың дидары» айдарында әр аудан жайлы кеңінен мәлімет беріледі.
20 жылдың ішінде халқының саны бір миллионнан асқан Астана қаласы 4 ауданнан тұрады: Сарыарқа, Алматы, Есіл, Байқоңыр.
Сарыарқа ауданы. Астана қаласының әкімшілік-аумақтық бірлігі. Бұрынғы Ақмола қаласы Астана атанғаннан соң, 1998 жылдың 6 мамырында құрылды. Шекарасы оңтүстігінде Есіл өзенінің орталық жағажайынан басталып, батысында Астрахан тасжолы, солтүстігінде теміржолдың бойымен өтіп шығысында Бөгенбай көшесіне жалғасады да Республика даңғылында аяқталады. Қала төрт ауданға бөлінгеннен кейін, аумағы 2018 жылдан бастап бірнеше есеге ықшамдалып қалды. Сарыарқа ауданы бұрын Ақмола қаласының орталығы болған, сол себепті бес қабатты тұрғын үйлер мен көше бойында жапырағы жайқалған биік ағаштар көптеп кездеседі. Қандай тарихи-мәдени орындар бар десеңіз, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, С.Сейфуллин мұражайы, Тұңғыш Президент музейіне барып көруге болады. Ауданның қазіргі басшысы – Арман Алашұлы Тұрлыбек. Аудан әкімінің аппараты Сарыарқа даңғылы 13 мекен-жайында орналасқан.
Алматы ауданы. 1998 жылы 6 мамырда құрылды. Алматы ауданында ең үлкен күмбезді Әзірет Сұлтан мешіті, Қазақ елі монументі, Бейбітшілік және келісім сарайы, Отан қорғаушылар монументі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Оқушылар сарайы, Жерұйық саябағы, «Аружан», «Еуразия» сауда орталығы және т.б. орналасқан. Шекарасы оңтүстігінде Есіл өзенінің бойымен батыстан солтүстікке қарай Ақбұлақ өзеніне өтеді, шығысында Қарағанды-Астана жоларнасына жалғасып жатыр. Әкімі – Әділбек Зейнуллаұлы Сәрсембаев. Алматы ауданы әкімінің аппараты мына мекен-жай бойынша орналасқан : Тәуелсіздік даңғылы 7.
Есіл ауданы. Аумағы жағынан Астананың ең үлкен ауданы – 31,2 мың га. Есіл өзені арқылы солтүстігінде Сарыарқа ауданымен, ал шығысында Алматы ауданымен шектеседі. Түгелімен сол жағалауды қамтиды. Есіл ауданы - елорданың көрікті келбеті мен мақтанышы. Сұлулығы көз жауын алар сәулет нысандары осы жерде қаланған. Мәселен, ҚР Президентінің резиденциясы Ақорда, Астананың символы Бәйтерек монументі, әлемнің ең биік шатыры ретінде Гиннес рекордтар кітабына кірген «Хан шатыр» СОСО, әлемдік деңгейдегі өнерпаздар өнер көрсететін «Астана опера» театры, ел тарихында қалған ЕХРО-2017 көрмесінің негізгі нысаны «Нұрәлем», Назарбаев университеті, еліміздегі ең үлкен «Мега» СОСО және т.б. Есіл ауданы 2008 жылы 5 тамызда құрылды. Басшылық жасайтын әкімі – Төлеген Қабыкенұлы Закарьянов. Әкім аппаратының мекен-жайы: Қабанбай батыр даңғылы 33.
Байқоңыр ауданы. Астана қаласының жаңадан құрылған ауданы. Халық тығыздығы мәселесін шешу және инфрақұрылымды жақсарту мақсатында қала картасында 2018 жылдың 21 ақпан айында пайда болды. Ауданның шығыс бөлігі Алматы ауданымен, батыс және оңтүстік бөлігі Сарыарқа ауданымен, ал Есіл өзені арнасымен Есіл ауданымен шекараласады. Нақтылап атап айтса, Байқоңыр ауданының шекарасы Астана-Қостанай бағытындағы теміржолдан солтүстікке қарай қаланың қазіргі шекарасынан Ақбұлақ өзеніне дейін, одан әрі Есіл өзенінен Республика даңғылына және Бөгенбай батыр даңғылын бойлай Алаш тасжолынан қаланың батыс шекарасына дейінгі аумақты қамтиды. Аудан әкімі болып Ерлан Ермекұлы Каналимов тағайындалды. Байқоңыр ауданы әкімінің уақытша мекен-жайы: Тәуелсіздік даңғылы 7.
Қазақстан орталығындағы басты шаһар Астанаға жан-жақтан көшіп келіп жатқан адамдардың саны күрт өсуде, салынып жатқан құрылыс нысандары да жылдан-жылға көбейіп барады. Алдағы болашақта қала құрамына тағы бірнеше аудан қосылуы әбден мүмкін.
Өсіп-өркендей бер, Астана!
Мақпал Аманбай
Фото: eu.ironman.com