«Теледидар, компьютер түгілі, электр жарығы жоқ қараңғы қазақ ауылдарында туып-өсіп, бала кезінен ата-әжелерінің ертегілері мен батырлар жырларын естіп өскен аға ұрпақтың сөз өнерін кие тұтып, ұлттық қасиеттерімізді көзінің қарашығындай сақтап, “соңғы жаңқасы қалғанша” халқына, еліне адал қызмет етіп өткенін де, қазақ балаларының ұлттық бастау-бұлақтан алшақтап, қатыгездікке, безбүйректікке бейімделіп бара жатқанын қазақ қаламгерлері жазудай-ақ жазып жатыр. Бірақ олардың жан айғайы желге кетіп жатыр ма, жоқ елге жетіп жатыр ма? »- деп көптің көңіліндегі сауалға жауап іздеген жазушы Заря Жұманованың ой толғаныстарын бүгінгі «Ұлттың тірегі-дәстүр» айдарынан оқи аласыздар.
Біздің ұлтымыздың рухани әлемін микроскопқа үңілгендей байыппен қарап, сырттай бақылап, ерінбей зерттеп отырған Батыс Еуропа да, басқалар да қазақ ертегілерінің тәрбиелік мәні тереңдігін мойындағалы қашан! Халықаралық кітап көрмелерінде жапондықтар, орыстың “ақымақ Иванушка” жайлы ертегілерін емес, өздерінің ұлттық болмысына бір табан жақын, бауырмалдық сезімі басым қазақ ертегілерін бекер таңдамаса керек.
Ертегі демекші, анау-мынауға таңғала қоймайтын такаппар Батыс қаршадай ғана қазақ қызы – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті Ағила Сауранның бұдан бірер жыл бұрын шетелдерде айтулы жүлдеге ие болған ертегілерін таласа кітап қып шығаруда. Тіпті кейбір Еуропа мемлекеттері тәрбиелік мәні жоғары, мейірім мен шуаққа толы оның ертегілерін қосымша құралы ретінде оқу бағдарламасына енгізгені де біздің ұлтымыз үшін үлкен мақтаныш. Жас қаламгердің Құдай берген талантына таласымыз жоқ, алайда, халық ертегілеріне деген құштарлықты оның бойына сіңірген отбасындағы ұлттық тәрбиенің де нәтижесі емес деп кім айта алады?!.
Қазақстандық басылымдардың бірінен Польша мемлекетінің бұрынғы Президенті Лех Качынскийдің жұбайы қазақ халық ертегілерін поляк тіліне аудартып, кітап қып шығаруға мұрындық болғаны жайлы қысқа ғана хабарды оқып, ойға қалған едім. Бұған тек екі елдің мәдени байланысын нығайтуға бағытталған ізгілікті іс-шара ретінде қарауға болмайды. Біздің халықтың қиялы ұшқыр, тілі бай, тапқырлыққа толы ертегілері балаларды бауырмалдыққа, адалдыққа, қайырымдылыққа баулып, олардың бойына адамгершілік дәнін себетіндіктен ғана поляк тіліне аударылғаны ақиқат.
Поляк халқының бала тәрбиесіне терең мән беретініне Варшавада журналистердің Халықаралық интернатурасында жүрген кезімде көзім жеткен. Әсіресе, олар үшін тәрбие құралы ретінде, әдеби кітаптардың алар орыны ерекше екенін ел аумағында “БАЛАҢЫЗҒА КІТАП ОҚУҒА КҮН САЙЫН АЗ ҒАНА УАҚЫТ БӨЛІҢІЗ” атты акция жаппай жүріп жатқанынан-ақ пайымдағам. “Біреудің қаңсығы біреуге таңсық” деген, бізде бәрі жаман, шетелдегінің бәрі керемет деп, құр тамсанудың, жалаң қызықтаудың не қажеті бар деп мені кіналауға асықпаңыздар, құрметті оқырмандар. Өйткені... “Көштің жүре түзелетіні” де рас. Өзге елдерден көріп, көңілге тоқыған тұстарымызды ортаға салғаннан, көп болып ойласып, жұрт болып игілігін ортақ көргеннен ұтпасақ, ұтылмасымыз тағы анық.
***
Бірде уақыт тауып, Варшава қаласының қазіргі заманға лайық жабдықталған, көлемі біздегі ең үлкен супермаркеттерден артық болмаса кем емес, орталықтағы тек қана кітаптар сатылатын дүкендерінің біріне бас сұқтым. Бас сұқтым дегенім жай сөз, тамаша мұражайға тап болғандай, негізінен, басым көпшілігі бірыңғай өз ана тілінде жазылған, сапасы әлемдік талаптарға сай келетін кітаптар “көшесіне” сүйсіне қарап, қас қарайғанша жүре беріппін.
Арғы шеті мен бергі шеті ат шаптырым дүкен ішіндегі жасыл өсімдіктермен оқшауланған орындардың бәрі жастарға толы. Жайлы креслоларға жайғасып ап, ерінбей-жалықпай кітап ақтарып, өздеріне керек тұстарын ноутбуктарына жазып алып жатқан олар кітап дүкені емес, тап бір кітапханада отырғандай. “Алсаң ал, алмасаң ақтарма, орнына қой, кірлетесің!”-деп зекіп, ескертпе жасап, қолдарындағы кітапты жұлып алып жатқан ешкім жоқ…(Сол сәт қажет кітаптарының бәрін түгел сатып алуға қалтасы жұқа өзіміздің студент, аспирант жастар ойыма оралды.)
Балаларға арналған кітаптар бөліміне барғанымда, кәдімгі балабақшаға тап болғандай сезіндім. Еденге тұтас төселген, ашық түсті, түгі жұмсақ төсеніштің үстінде (Варшаваның тас көшелері тап-таза, таң атпай шаңсорғышпен сорғызып, жуып жатады), түрлі-түсті, қуыршақтай құлпырған сан алуан кітаптардан бас ала алмай, қызыға үңіліп отырған кішкентай бүлдіршіндерге көзім қызықты. Кейбіреулері тіпті әкесінің үйінде жатқандай еркін: етпетінен жата қалып, кітаптағы күлкілі суреттерді бір-біріне көрсетіп, сықылықтай күліп, мәз. Қайда қарасаң да көретінің – көздің жауын алатындай тамаша кітаптарға тамсанған сәбилер.
Үлкенді-кішілі кітаптар құшақтап, бақытты жүзі бал-бұл жана, әке-шешесінің ортасында бара жатқан балалардың сыртынан сүйсіне қарап тұрғанымда, көз алдыма: “Балам мектепте үздік оқушылардың бірі.
Алайда, әдеби кітап оқымайды. Қолы боста оқысын деп тартымды да қызықты кітаптар ұстатып қойсам, сәлден соң көзімді ала беріп, не телехабар көріп, не компьютер ойнап отырады. Не істеуге болатынын білмеймін тіпті. Ал, біз бала кезімізде қолымызға жақсы кітап түссе, таң атқанша оқып тауыспай, жанымыз тыншу таппайтын еді ғой,”- деп мұңын шаққан жұмыстас келіншектің кейпі елестеді... Осындай ренішке толы сөздерді жалғыз одан ғана емес, талай адамнан қазір де жиі естіп жүремін.
Бұдан бірер ай бұрын жұмыстасымның үйіне бір шаруамен бара қалдым. Әшейінде алдымнан жүгіріп шығатын кішкентай немересі тырп етпестен қолындағы планшетімен ойнап отыр екен. Мен кетер-кеткенше тапжылған жоқ. Әкелген тәтті-пәттімді бергелі, қасына таянсам, “Тәтешка, это – я!” деді мақтанышпен, қолына автомат ұстаған, жүн-жүн білегіне түрлі суреттер салынған түрі сүйкімсіз дөңкиген біреуді нұсқап, – “Енді чуть-чуть қалды. Мынаны өлтірсем, мен чемпион боламын!”- деп кәмпитке қарауға мұршасы келмей, экранның ішіне кіріп кете жаздап, ойынын жалғастыра берді. “Бұрын тыным таппай, үйдің ішінде безектеп жүгіре беретін. Қазір рахат, тып-тыныш ойнап отырады. Әке-шешесі планшет сатып әпергелі жақсы болды!”-деп әжесі мәз. Қылмыскерлер арасында жылдан-жылға жастар мен жасөспірімдердің қаулай көбейіп бара жатуының бір ұштығы осындай “бейкүнә” ойындарда жатпағанына кім кепіл?!.
Теледидар, компьютер түгілі, электр жарығы жоқ қараңғы қазақ ауылдарында туып-өсіп, бала кезінен ата-әжелерінің ертегілері мен батырлар жырларын естіп өскен аға ұрпақтың сөз өнерін кие тұтып, ұлттық қасиеттерімізді көзінің қарашығындай сақтап, “соңғы жаңқасы қалғанша” халқына, еліне адал қызмет етіп өткенін де, қазақ балаларының ұлттық бастау-бұлақтан алшақтап, қатыгездікке, безбүйректікке бейімделіп бара жатқанын қазақ қаламгерлері жазудай-ақ жазып жатыр. Бірақ олардың жан айғайы желге кетіп жатыр ма, жоқ елге жетіп жатыр ма?
Біздің бала кезімізде кітап болып шыққалы жатқан тың шығармалардың үзіндісін алдымен “Жұлдыз” журналынан оқып алып, енді қашан кітап боп шығып, ауыл дүкеніне келіп түскенше дегбірсіздене күтуші едік. Үлкен қалаларға іссапармен барғанда әке-шешеміз, аға-апаларымыз базарлық ретінде жаңа кітап әкелсе, аптапта шөліркеп кеп мұздай мөлдір бұлақты сімірген жандай, ұйқы-күлкіні ұмыта бас қоятынымыз бүгінгі балаларға ертегі сияқты... Кітаптан басқа қызығы жоқ, компьютер, интернет, планшет дегенді білмейтін біздің бала кезімізді, әрине, қазіргі заманмен салыстыруға болмайтыны түсінікті. Алайда бүгінгі ғылыми-техникалық прогресс “жемістерін” бала тәрбиесіне оңтайлы қолданудың тетігін таппай жүргеніміз жаныма батады.
Заря Жұманова, жазушы
Фото: veta.kz