Зымыран заман қанатына ілескен уақыт та өзінің қалыптасып қалған кейбір дағдыларын өзгертіп, жаңа арнада өзгеше сипатпен көрініс танытатын болды. Қайсы бір замандарда ерліктің символы – батырлық, байлық, таңғажайып қияли-ертегілерімен ерекшеленсе,бертінде алып техниканың куатымен өз құдіретін танытуға күш салды. Ал солардың астарында қарапайым ғана ұғым бары, оның өзгеден емес өзімізден, туған өлкемізден басталғанын пайымдай береміз бе? Бұл туралы сіздерге «Көне дүние күмбірі» айдары сыр шертеді.
Бүгінде «ғарыш» сөзі де, ұғымы да ешкімді де таңқалдырмасы аян. Өйткені, «Ғарыш» (арабша – кеңістік, космос) – ғаламның астрономиялық анықтамасының синонимі. Қарапайым түсінікпен атасақ, жерді қоршаған бүкіл дүние – әлем яки ғарыш деп аталады. Ресми деректе, 1957 жылы 7 қазанда дүние жүзінде тұңғыш рет ғарышты зерттейтін Жердің жасанды серігі аспан кеңестігіне шығарылды. Осы уақыттан бастап адамзат ғарыш кеңістігін зерттей бастады деп саналады. Аспан құбылысы осылайша адамзатқа қызмет етуін бастады.
Назар салсақ, «ғарыш» арабтардан енгенін аңғарамыз. Бұл кездейсоқтық па? Тағы бір білеріміз, ғалам – алуан түрлі формада болатын әрі ұдайы өзгеріп отыратын, кеңістік пен уақыт бойынша шеті де, шегі де жоқ бүкіл дүние. Ғаламды зерттеумен тікелей шұғылданатын ғылым – астрономия деп зерттеу, зерделеу, түйінді мәселені соған таңамыз.
Әлбетте, имамдар аузынан бала жасынан естіп өскен жандар «Мұғжиза» – дегеніміздің оқымыстылардың да, қарапайым адамдардың да ақыл жетпейтін, сенімнің (иманның) нәтижесінде ғана сезінуге болатын ғажайып іс екенін топшылап біледі. Мұндай ғаламат істер Аллатағаланың ғылымымен болады. Алайда, пайғамбарлар, машайықтар мен әулиелер жасаған сияқты әсер қалдырады. Аллатағала ғажап істерді адамдардың қатысынсыз тікелей көрсетсе «құдірет» делінеді. Ендеше, аспан құбылысын, ғарышты зерттеу, мағлұматтар алуды өткен ғасырдың еншісіне түбегейлі байлап бергеніміз қалай болар екен?
Ғылымның дәлелдеуінде, егер тек өкпесіндегі барлық ауаны шығарса ғана, адам баласы ашық ғарыш кеңістігінде скафандрсыз 90 секунд қана шыдай алады.
Әлбетте, Ражаб айының 27-түнін – «миғраж («баспалдақ», «түнгі серуен» деген сөз) түні» деп атайды. Алла елшісі (с.ғ.с.) түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушымен қауышып, тілдескен. «Мұғжизаларымызды көрсету үшін (Алла тағала) бір түні Өз пендесін (Мұхаммедті) әл-Харам мешітінен төңірегі тұнған береке-байлық – әл-Ақса мешітіне алып келді», – деді («Исра» сүресі, 1-аят).
Одан кейінгі, кезекті, «ғарышқа жол» 1957 жылы 4 қазанда ашылды. Ол өзге емес, қазақ жерінде болды. Кеңес Одағында Жердің жасанды серігі ұшырылды. 1961 жылы 12 сәуірде Юрий Алексеевич Гагарин ғарыш кемесімен жер шарын айнала ұшты.
«1950 жылы Қазақ даласында ғарыш айлағын салу құрылысы басталғанда ықтимал қарсыластарды алдау үшін Қарағанды облысының Байқоңыр кентінде ағаштан тағы да бір ғарыш алаңы салынған. «Восток-1» («Шығыс-1») кемесін ұшырғаннан кейін (кеменің бортында атақты Гагарин болған) осы кенттен 300 шақырым жерде орналасқан басқа ғарыш айлағына «Байқоңыр» атауы берілді» (http://e-history.kz).
Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер,Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының тумасы. Оны ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, техника ғылымының докторы, профессор ретінде білеміз, бірақ, Түркі әлемінің тұңғыш ғарышкері атанып, әлемдегі ең мықты он сынақшы ұшқыштың тізімінен үшінші орын алғанын екінің бірі жадында сақтай бермейді.
Кешегі қаһарлы Кеңес кезінде қалыптасқан дағдыны да бұзып, ғарышқа ұшар алдындағы сәттілік тілеуді тұңғыш рет қазақ тілінде айту да қазақтың, Тоқтар ағаның ғана қолынан келді.
«Ол кезде ғарышқа тек Тоқтар Әубәкіров емес, бүкіл қазақ баласы ұшып бара жатты. Сонда мен рапортты басқа тілде беруім керек пе еді? Рас, ол уақытта мен қазақ тілін жетік білмейтін едім. Себебі 30 жыл ғұмырым орыстар арасында өтті. Сонда да тілімді бұрап: «Мен – қазақпын! Мен ұшуға дайынмын. Қазақ халқы үшін!» дедім.
«Жалпы, ғарышкерлердің арасында жазылмаған мынадай заң бар. Ғарыш кемесі көтерілгенде, командир «поехали!» деп айтуы керек. Ол сөз Юрий Гагариннен қалған. Бірақ мен осы дәстүрді бұзып:
– Халқым, сен үшін отқа да, суға да түсуге дайынмын! – дедім. Қазақша айттым, ол сөздерім таспада бар» (М.Қаратайқызы, «Ғарышқа тек Әубәкіров емес, бүкіл қазақ баласы ұшып бара жатты» сұхбат, «Айқын» газеті).
«Гиннес рекордтары» кітабына Тоқтар Әубәкіров авиация тарихына алғаш рет реактивті ұшақты кеме бортына қондырғаны үшін емес, кеме бортынан ұшырғаны үшін енді. Одан бұрын әлем тарихында трамплиннен ешкім ұшақ ұшырған жоқ-ты...
Осылайша киелі қазақ даласындағы «Мұғжиза» кереметі әлем халқын таң қалдырған еді.
Тоғанбай Жәменкеұлы