Бүгінгі «Елорданың дидары» айдарында қала тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама бойынша анықталған демалыс орындары туралы баяндаймыз.
«Орталық саябақ». Астаналықтардың айтуынша, бұл жерде Арбат бар, жағалаудың бойында тізіліп тұрған дәмханалар ас талғайтын жанның көңілінен шығады, әрі өзеннің көрінісі жанға жайлылық сыйлайды. Отбасылық серуен үшін әмбебап саябақ. Тар жабық жерде емес, ашық аспан астындағы аттракционда, аквапаркта бала-шаға уақытын көңілді өткізеді. Сонымен қатар романтика іздеген ғашық жұптардың да, топтасып жүретін құрбы-құрдас жасөспірімдердің де сүйікті орны. Жазғы демалыста Астанаға келген қонақтарға, ең алдымен, осы саябақты көрсетіп кемемен серуен құрса, естен кетпес естелік сыйлауға болады.
«Нұржол» желек жолы. Сол жағалаудың орталығында тұратындардың күнде серуен құратын сүйікті орны. Қала тұрғындарының айтуынша, зәулім ғимараттарымен сәнді жер. Одан бөлек, «Бәйтеректің» айналасында жайқалған ағаштардың көлеңкесі жанға сая, субұрқақтары жұмыстан кейін жүйкені тыныштандыруға жақсы, әсіресе, «Биші субұрқақтың» әуелеген классикалық әуендерінің сиқыры бар. Сонымен қатар «Керуен» СОСО кіріп тамақтануға, кино қарауға ыңғайлы және жаздың күні «Astana Fest» суретші-мүсіншілерінің шығармашылықтары көзді қуантады. #МенАстанадамын, #ILоveAstana деген фотосуреттерге түсу үшін керемет әдемі жер.
«Есу» су арнасы. Таза ауада серуендеуді ұнататындар үшін таптырмас жер. Айналасы жасыл желек. Көпірлері еуропалық қалалардағыдай. Жан-жағында көліктер ағылып жатқанымен, «Есу» су арнасының жағасында жайбарақат өмір асықпай ағып жатыр. Неге десеңіз, студенттердің әсерінен. Себебі ЕҰУ-нің студенттері серуен құрып әрбір жастықтың қызықты дәуренін еске салады. Қармақ ұстаған балықшылар да қазіргі сәтпен рахаттануға шақырғандай.
«Хан шатыр». «Хан шатыр» Астана халқына сауда-саттықпен қатар, демалыс пен мереке күндері келушілерге арнайы ұйымдастырылатын тегін концерттерімен ерекше көрінеді екен. Қыс мезгілінде сұр бұлтты суық күндерден жалыққан жағдайда, жасанды жағажайда демалуға мүмкіндік бар.
«Мега» СОСО. Астаналықтарға сауда орталығының кеңдігі ұнайды. Ата-ана емес, керісінше, балалар ата-анасын жетектеп әкелетін сауда орталығы, себебі бүлдіршіннен бастап жасөспірімнің ойын-сауық құруына жақсы жағдай жасалған. Мәселен, балалар аттракционда ойнаса, жасөспірімдер батутта секіріп, коньки тебеді, жанұясымен тамақтанып, киноға кіреді. Оның дәл жанында ЕХРО қалашығының «Нұрлы әлем» павильоны тұр. Сол жерден шығып, қала қонақтарымен экскурсияны «Мегада» жалғастырасың.
Бұдан бөлек, сауалнама барысында елордалықтар «Жерұйық», «Бауыржан Момышұлы», «Ғашықтар», «Арай» сияқты саябақтарда және тұратын жеріне жақын өзге де жерлерде демалғанды жақсы көретіндерін айтты. Жалпы, байқағанымыз, күннің салқындығы кедергі болмаса, астаналықтар жыл бойы табиғат аясында уақытын өткізуге дайын. Әмбебап сауда орталықтары мен жайлы дәмханаларға көбінесе күннің суығынан ғана келеді.
Ал біз өз тарапымыздан, тұрғындарға шуақты күндеріңіз көп болсын деп тілейміз!
Мақпал Аманбай