Бұрындары әр саланың маманы өз жұмысымен айналысып, өз дәрежесіндегі кәсіби маман екені жұртшылық тарапынан мойындалып, бағаланатын. Бүгінде белгілі бір салада қызмет атқару үшін, жоғары оқу орынын бітірудің қажеттілігі шамалы. Өйткені: «Жоғары білімім бар бірақ, мамандығым бойынша қызмет атқармаймын» дейтін жандарды көптеп кездестіретін болдық.Мұның себебі неде..? Бір ғана журналистика саласын алып қарайтын болсақ, арнайы оқымасам да, тоқығаным жетеді дейтін журналистердің қатары жетіп артылады. Бұл дегеніміз журналистке қойылатын кәсіби талаптың төмендегені ме,әлде заман талабының өзгергені ме? Мереке алдында бұл тақырыпты «Сырласқым келеді» айдарында таразылап көрейік.
Айза Жұмабек, Алматы қаласы,тіл маманы: Менің ойымша, бұрын ол мамандық иелерін тек өз қамдары үшін емес, өзгелердің мұңын жоқтайтын жандар деп құрмет тұтатынбыз. Ата-аналарымыз әлі күнге дейін аға буын журналистерді іздеп отырады,олардың жазған дүниелерін,жүргізген хабарларын естерінде сақтаған. Қазір салмақты дүниелерден гөрі, жастар талғамына сай деген желеумен ойын-сауыққа бейім, жеңіл-желпі шоулар, неғұрлым арзан,жасанды бағдарламалар экранды жаулап алған. Тіл маманы болғасын көп жағдайларда жекеменшік білім беру , балалардың шығармашылығын дамыту сияқты орталықтарда сабақ беремін.Сонда байқағаным,оқушылардың тілі өте жұтаң,сөйлеу мәдениеті түгіл, қарапайым сөздердің мағынасын білмей,ойларын жеткізе алмай жаутаңдап тұрады. Ал өскенде қандай мамандық иесі боласың десең,бәрі бір ауыздан әнші боламын,олар сияқты бай болғанды қалаймын деп айтады. Міне, қаптаған «жұлдыздар» жүргізетін шоулардың жас ұрпақ санасына сіңіріп жатқан тәрбиесі .
Тіпті бір шәкіртіме дұрыс сөйлеу қажеттігін айтып ескерту жасасам, «маған біреудің пікірі маңызды емес» деп қарап отыр. Өткен жолы мен жақсы көретін «жұлдыз» апайым осылай деп жауап берген дейді. Еліктеудің жөні осы болса,болашақта әркім өз ойым бойынша өмір сүремін,жұрт не ойласа бәрібір деген сөз ғой,бұл...
Кәсіби журналистер жайлы әңгіме басқа,тіпті әлеуметтік желідегі жазбалардың өзінде еш қатесіз ойларын жеткізіп,қоғам алдындағы жауапкершіліктерін жақсы түсінетін Қайнар Олжай, Арман Сқабылұлы, Шархан Қазығұл, Серік Жанболат, Серік Аббас-Шах, Анар Төлеухан, Фатима Жүнісова т.с.с аға-апаларымның жазғандарын қызыға оқимын.Сондықтан, заман өзгергенмен, нағыз журналистке қойылар талап өзгерген жоқ ,ол-тіл заңдылығын сақтау,ойын дәл жеткізу, көрермен,оқырман талғамына сай дүниелер ұсыну.
Марат Алшын,кәсіпкер: Мен кәсібіме байланысты,көп жыл Ресейде тұрдым.Қызмет бабымен бірнеше шет елдерде болдым.Олардың эфирге беріп жатқан,әлеуметтік желілерде жазып жатқан мәселелерін,әсіресе сараптамалық бағдарламаларын үзбей қараймын.Әрине,мен олардан үлгі алыңдар,дүниеге өзгелердің көзімен қараңдар деп айтудан аулақпын,бірақ
бізге жеңіл шоулардың көшірмесін емес,ұлттың рухани сұранысына жауап беретін хабарлар керек.Біз Алматыда тұрғанда ата-әжеміз үнемі «Айтыс» пен «Тамашаны» асыға күтетін. Бірақ сол кездерде танымал адамдардың үйі,көлігі,қайда барды, кім-кімнің досы деген сияқты қазіргідей арзан әңгіме,бос уақытты өлтіру үшін дайындалатын хабарлар болмайтын.
Сосын экранда тістеніп сөйлеу, өзін тым еркінсіп ұстау меніңше,мәдениеттіліктің үлгісі емес. Талай ресейлік танымал журналист,жүргізушілерін көрдім, жұлдыз тұлғаларымен араластым,өте қарапайым,білімді.Көлігімен,көрігімен емес,білімімен мақтанатын жандарды насихаттау керек,бір сөзбен айтқанда...
Ақарыс Момбек,такси жүргізуші: Бір жолы екі журналист жігіт көлігіме мінді.Түрлері таныс,екеу ара әңгіме барысында өз мамандықтарына көңілі толмайтындарын,қазір жақсы журналисттен гөрі,әншілердің дайын мәтінді оқып,хабар жүргізіп байып отырғанын қызына айтып,кезінде олардың сондай танымал жұлдыз болуына өздері көмектескендерін естеріне алған.Сондағы біреуінің өзімізге де обал жоқ,соңдарынан қалмай,газет-журнал,телерадиоға жазып,апарып енді не істей аламыз «олар біздің іштен шыққан шұбар жыландар ғой» дегені әлі күнге есімнен кетпейді,шындығы солай сияқты... Жұмысыма байланысты,теледидар көре алмаймын,бірақ радио тыңдаймын. Жақсы танымдық ойындар болса,көлік кептелісінде тұрғанда телефон шалып,қатысатын кездерім болады. Ал,жекеменшік радиолардың бітпейтін құттықтауларынан шаршаймын,менің таңқалатыным, қасында отырған әйелін радио арқылы құттықтағанша гүл сыйлап,тілегін үйінде айтпай ма,жалғанға жар салғанша,егер алыс сапарда жүрсе бірсәрі қасымда отырған деп күйдіреді ғой,бір жасқа келген балаға сонша көл-көсір тілек айтқанша,ойыншығың мен сыйлығыңды үйіне апарып бер,ол не түсінеді сенің керемет сөздеріңнен,қайран эфирдің уақыты-ай деп қоямын өзімше,бірақ мені тыңдап жатқан кім бар дейсің,қарапайым таксисті...
Жарас Смағұл,экономист: Көп сөзге жоқпын.Теледидар көруге,радио тыңдауға да уақытым жоқ.Кей кезде ақпарат ала қояйын деп әлеуметтік желілерді қарайтыным бар,сондағы жігіттердің жазбалары қызметі көтерілген достарымен түскен фотосуреттерін жүктеу және менің досым осындай қызметтің құлағын ұстады деп жазатынын қайтерсің? Мен керісінше,әйел адамдардың ұлттық мәселелерде бірігіп,ойлы әңгіме айтатынын байқағанда,ер-азаматтардың жаңағыдай жағымпаздығына қарап қысыламын. Әрине,жақсы адамдар жайлы күнде айт,оның ісін үлгі ет,еш артықтығы жоқ.Тек жадағай,жалаң үгіт пен өзін жарнамалаудан аспайтындар жайлы айтқым келген. Мұның журналистикаға қатысы бар ма,жоқ па, білмеймін,сіздің сауалыңызға қатысты ойымды жеткізгенім ғой.
Дәулетбек Байтұрсынұлы ақын, «Ильһам» сыйлығының иегері
Журналистік шығармашылық екі бағытта екені жалпыға аян. Біріншісі, газет-журнал. Екіншісі, радио-телевидение саласы бойынша. Бүгінге дейін анық болғанындай екеуінің арасында недәуір айырмашылық бар.
Ашығын айтар болсақ, газет-журналдағы жазбалар кәсіптік жұмыстың шын кескінін көрсетеді екенде, радио-телеарнадағы сөз ала-құла. Хатқа түскен жазбалардың сауаттылығы, көркемдігі менмұндалап тұрады. Себебі, жазылады, өңделеді, толықтырылады. Бірінің үстінен бірі қарап байытылады, күшейтіледі. Әріп қатесінен, ой олқылығына дейін көзден таса қалмай түзетуге ұшырайды. Көтерген тақырыпты қалай меңгергені, қалай соңына алып шыққаны бадырайып байқалады. Ойыңды өткірлеп, өзегіңді өрнектеп жұтындыратын тіл. Әр шығарма оқырманның көз алдынан өтіп отыратындықтан қаламгердің қарымы да тез анықталады. Ал, микрофон алдындағы хабарлар мен камера алдындағы бағдарламалар аса қиын. Көбінде тікелей өтетіндері тіпті азапты өткелек. Ол жерде тілдің анықтығы, әуездің әрлі-нәрлі болуы, лек-легімен төгілтіп айтатын шешендік, ойлантып, толғантып жетесіне жеткізіп айтатын көсемдік қажет-ақ. Ойдың қайталанбауы, сөздің шашырамауы, сенімділік аса маңызды.
Екі саланың да түбі бір журналистика болғанымен түйіні бөлек. Бірінде қаламның қарымы, жазудың шеберлігі алға шықса, енді бірінде тапқырлықтың, тартымдылықтың , жүйелі сөздің жүлгесі мойнын созады. Бүгінгі таңда қағаз бетінен оқу азайып, тыңдау мен көру алға шықты. Бояудың иісі бұрқыраған басылымды парақтағаннан гөрі, экранның бетінен шолып шығып, сыдырту әдетке айналды. Сол себепті, телеарнаның жүргізушілері «жұлдызға» айналып оның аузынан шыққан сөз көпке «сабақ», ұрпаққа еліктейтін «қызыққа» өзгерді. Осыны сезе қойған әр телеарна әлде неше, кемінде бір, сахнада жүрген шоу «жұлдызын» жүргізуші «журналист» етіп отырғызып қоюды сәнге айналдырды. Мақсаттары белгілі рейтінгті көтеру. Олар мықтап қателеседі, әншінің жылтыраған ажары, әуелеген атақ-дәрежесі бағдарламаның бағасын арттырмайды. Қайта күлкіге қалдырғанын байқап жүрміз. Сонда да қоятын түрлері жоқ.
Ешкі айтыпты дейді ғой: «Мені кім сойса да, жанымды қинамай қасапшы сойса екен» деп. Осы мәтелді осы жолбике журналистерге айтуға болады. Әркім өз мамандығын, өзі білетін терісінің пұшпағын илегені абзал. Әлгі «жұлдыздың» аузына мың жерден сөз салсаңда, «Жетелеген ит ауға жарамайды, үйреткен сөз дауға жарамайды» болып шығады. Бұдан не келіп шығады? Не төрт жыл бойы оқыған журналистерде білім және сапа жоқ. Не болмаса ақпарат кеңістігінің қадірі кетіп, үлкен бір «шоу» алаңына айналды деген сөз.
Бұрынғы және қазіргі журналистер деп бөліп қарайтын болсақ, екі жақтың ой-өрісі мен шығармашылық ізденісінде айырмашылық бар ма?
ҚР мәдениет қайраткері, ғалым-журналист:Қуандық Шамахайұлы
Социализм дәуіріндегі журналистика цензураның қатал бақылауында болса да, дамудың өзіндік кезеңдерінен өтті. Шығармашылық ізденіспен жаңашылдыққа ұмтылумен болды. Соның арқасында бүгінгі қазақ баспасөзі қалыптасты.Техника-технологиялық жағынан келгенде, қазіргімен салыстыруға келмейтін жағдайда болса да, өзіндік шығармашылық жаңалықтары мен тың қадамдары болғанын жоққа шығаруға болмайды. Қазақ әдебиетінің классиктерінің бәрі журналистиканы қатар алып жүрді. Олар журналистиканың түрлі жанрларымен мақалалар жазып, оқырмандарын тамсандыра білді. Соның арқасында қазақ баспасөзінде журналистиканың көркем-публицистикалық және талдамалы жанрлары қарқынды дамыды. Очерк, фельетон, памфлет, эссе, проблемалық мақалалар көптеп жазылып, баспасөз тарихын жаңа парақтармен толтырды.Социализм дәуіріндегі журналистер бәрін көзбен көріп, оймен тоқып жазуды әдетке айналдырған болатын. Іссапарға тұрақты шығатын, рейдтерге қатысатын, тексеріс жүргізетін, ауыл-аймақтарды аралап, көрген-білгендерін халыққа жеткізетін.Ол кезеңде газет редакциясы мен баспа өндірісі тығыз байланыста болды. Қазіргідей компьютерлік техника болмағандықтан газет, журнал шығару, радио телехабардайындау өте қиын, күрделі болды. Оны қазіргімен салыстыруға да келмейді. Соған қарамастан, әр журналистің ақпарат алуы мен оны жазып жеткізуінде өзіндік шеберліктері мен тәсілдері болды. Оқырман қауымнан үнемі алда, озық тұру үшін өз туындыларын қызықты, тартымды жеткізудің жолдарын үздіксіз ізденулерінің арқасында,шеберлікпен шыңдай білді.
Қазіргі журналистер үшін газет шығару, сайт-портал жасау, телерадио бағдарламалар жасау бұрынғымен салыстырғанда әлде қайда оңай әрі жеңіл болып кетті. Әрине, оның бәрі жаңа технологияның арқасы. Ақпарат көздерін таңдау мүмкіндік те кеңейді. Соңғы жылдары әлеуметтік желілердің өзі елеулі ақпарат көзіне айналып, журналистердің сілтеме жасайтын нысандарының біріне айналып үлгерді.
Бүгінде бізде БАҚ тек сан жағынан ғана өсіп отырған жоқ. Ақпарат құралдарының жаңаша түрлері де пайда болуда. Атап айтсақ, онлайн баспасөз, кабелдік телевизия, қысқа толқынды радио, смартфон немесе ұялы байланыстар арқылы ақпарат тарату, мобайлдық ақпарат қабылдау мүмкіндік туып отыр. Сонымен қатар медиа жүйесі өз ішінде интернет журналистика, із кесу журналистикасы, азаматтық журналистика, БАҚ жарнамалық насихаты, экономикалық және, экологиялық журналистика, талдау журналистикасы т.с.с. бағыттарға бөлінді.
Мұның бәрі қазақ аудиториясы үшін әлемнің әр тарабынан түрлі ақпараттар қабылдауға және жеткізуге, өздерінің көзқарастары мен ой, пікірлерін интернет арқылы көпке жеткізуге кең мүмкіндік беріп отыр. Қысқасы, ақпарат үшін уақыт пен кеңістік ұғымына тәуелділік барынша азайды, тіпті жоғалды деуге де болады. Мысалы, телекөрермендер кабелдік телевизияның 70-тен астам арнасы арқылы бірнеше тілде ақпарат алып отыр.
Ақпараттық сұранысты өтеудің жиілігі осыншалық тұтасып, қарқынды өсуі қазақ журналистикасына елеулі ықпал етіп отырғанын ерекше атап айту ләзім. Ең алдымен ерекшелеп айтарымыз, таңдау мүмкіндігі мейлінше артты. Нәтижесінде, БАҚ арқылы ақпарат қабылдаушылар бірнеше топқа бөлінді. Оларды жас ерекшеліктеріне, кәсіби мамандықтарына, білім деңгейлеріне, әлеуметтік сипаттарына қарай бірнеше топтарға бөлуге болады.
Онлайн журналистикасының қарқынды дамуы дәстүрлі мерзімді баспасөздің оқырмандарын азайтып, олардың таралымын кемітті. Әсіресе, жастардың арасында газет-журнал оқитындардың саны күрт төмендеді. Олардың ең негізгі тұтынатын дүниелері интернет, телевизияның ойын-сауықтық бағдарламалары болып тұр. Күнделікті және апталық сапалы газеттердің оқырмандары жасамыс егде адамдарға айналды.
Сонымен қатар блогерлер де өз оқырмандарын тапты. Сайт, порталдардың саны күн өткен сайын артып келеді және оған деген оқырман қауымның назары мен ынта-ықыластары да айырықша. Соңғы жылдары түрлі-түсті бояумен әсем безендірілген ақпараттық, танымдық журналдар санының күрт өсуі дәстүрлі оқырмандардың біраз бөлігін белгілі деңгейде жаулап алды. Радиохабар бұрынғыдай ауыл тұрғындарының ғана емес, енді қаладағы автокөлік жүргізушілерінің, ұялы байланысты жиі қолданатын жастардың ақпарат алатын негізгі құралына айналды.
Қазақ медиа жүйесінде орталықтану үрдісі де кең өрістеп келеді. Бұл қазақ журналистикасы тәжірибесінде тәуелсіздік жылдарында пайда болған тың көрініс.
Сонымен қатар конвергенциядан да біздің медиа саламыз тыс қалып отырған жоқ. Оның өзі бір ақпарат құралының БАҚ-тың әртүрлі сипаттарын өн бойына қатар сіңіріп, таратып отырған ақпараттарымен, оны дайындау тетіктерінің өзінде ұқсастырылу үрдісінің кең өріс алуы болып табылады. Мұндай үрдіс соңғы жылдары елеулі түрде қарқын алып келеді. Оған ықпал етіп отырған басты фактор жаңа ақпараттық технологиялар.
Медиа қызметіне сандық технологияның енгізілуі арқылы интернет жүйесі кино мен телевизияның қимыл-қозғалысын, іс әрекетін, радионың дыбыс-дауысын, фотожурналистиканың бейнелеу тетіктерін, мерзімді баспасөздің мәтіндік барлық нұсқаларын, онлайн кітап, құралдарды және пошталық байланыстың барлық мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланатын болды. Барлық газет-журналдар дерлік өздерінің интернеттік нұсқаларын жасап алды. Радио мен телеарналар да бағдарламаларын интернет арқылы ақпарат қабылдаушыларға ұсына алатын жағдайға жетті. Мұның бәрі ақпараттық кеңістік пен уақытқа тәуелділікті азайтып, оның жеделдігі мен баршаға ортақ болу мүмкіндігін кеңейтті.
Қазақта қызыл тілдің құдіретіне жүгініп, қара сөздің қазанында қайнап, сүбелі сөз өнерінің қадіріне жете білген жазудың нағыз жанашырларына айналған журналистер жоқ емес. Тек төртінші биліктің төңірегін торуылдап жүрген, жеңіл әрі арзан ойсыз дүниеге әуестігіміз, рухани жеңіліске ұшыратып жүрмесе болғаны.
Сауалнама жүргізіп,пікірлерді жинақтаған: Назира Сұлтанмұрат