Бүгінгі «Жырақта жүргендер» айдарында Ресей Федерациясы Омбы облысындағы аймақтық «Мөлдір» Сібір мәдени орталығының төрайымы, ҚР мәдениет қайраткері Жүнісова Алтынай Хайдуллақызымен сұхбаттан келер жылы құрылғанына 30 жыл толатын орталықтың атқарып жатқан игі істерімен таныса аласыздар.
Қанат қағып қарлығаштай жалғаймын
Омбы менен Қазақстан арасын.
Көкіректі жарып шыққан бірнеше шумақ өлеңнің көпшілікке жеткізсем деген тұсы осы. Мұнда жүрегі нәзік болғанмен мінезі ер, сұлу мүсінінде ер азаматтың асып тасқан қуаты бар, орыс жерінде бойына сіңірген білімі мен тәжірибесін шетте жүрген қазақтың ұрпағы ұлттық рухынан айрылмасын деп сарқа жұмсап жүрген Алтынай арудың шын болмысы көрінеді. Алып мемлекеттің бір бөлігі мен ата бабасының елі арасында мәдени байланыс орнатудың ретін тауып, жалғыз аяқ жолды даңғылға айналдыруға ат салысып жүрген Алтынайдың азаматтық істеріне сүйсінесің. Кейде Алтынайды қанатымен су сепкен қарлығашқа ұқсатасың. Өзінің«Мөлдір» атты ұйымы арқылы көптеген істердің ұйытқысы болып жүрген Алтынайдан өзі тұратын қала, ондағы қазақтардың тілі, мәдениеті, келесі жылы 30 жыл толатын қоғамдық ұйымы,атқарып жатқан игілікті істері жайлы айтуды өтіндік.
–Өзіңіз басқаратын Омбы облысындағы аймақтық «Мөлдір» Сібір мәдени орталығы туралы айтсаңыз?
Алтынай Жүнісова:1989 жылдың 12 ақпанында жастар клубы болып құрылған «Мөлдір» орталығы бұл күнде омбылық қандастарымыздың басын қосуға ұйтқы болатын үлкен шаңыраққа айналған. 1992 жылы осы атпен ұлттық мәдени үлкен орталық болып құрылған клуб 2000 жылы Сібірдегі қазақ мәдениет орталығына айналды.Небір қиын күндерді басынан кешкен орталық әлі күнге еңсесін тік ұстап келеді. Бүгінгі күні орталықта ән, домбыра, би, көркемсөз оқу үйірмелері жұмыс істейді. Сонымен қатар фольклорлық-этнографиялық «Мөлдір» атты ансамбліміз бар. Онда жүзден астам өнерпаз өнер көрсетеді.
«Мөлдір» орталығы басқа елдермен де жан-жақты мәдени байланыстар орнатып келеді. 2007 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірігіп «Омбы-Ертіс өңіріндегі қазақтар» атты халықаралық конференция өткіздік. Жыл сайын Ресей қазақтарының проблемасын көтеретін конференция ұйымдастырамыз. Сондай-ақ Пушкин атындағы облыстық ғылыми кітапханамен тығыз байланыс жасап, онда шығармашылық кештер, поэзиялық кештер өткіземіз.
Жыл сайын «Әнші балапан» байқауын өткіземіз. Алғашында бұл байқауға 30-40 бала ғана қатысатын, қазір олардың саны 150-200-ге дейін жетті. Сонымен қатар үлкендерге арналған «Ұрпақ үні» деген байқау ұйымдастырамыз. Онда жас ерекшелігіне қарамай күйші де, қолөнерші де, биші де өнерін ортаға салады. Міне, Омбыдағы қандастардың басын біріктіріп, өнерін жандандыруды мақсат еткен осы шараны «Қазақтың ұлттық шығармашылық фестивалі» деп атадық.
Мұнан басқа, жыл сайын дәстүрлі «Той Думан» аймақтық мәдениет және спорт мерекесі өтеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындаөткен дәстүрлі VIII «Той Думан» аймақтық мәдениет және спорт мерекесіне Германия, Тәжікстан және Қазақстан елдерінен 1000 жуық азамат қатысты.
2015 жылы ҚР Президентінің сайлауына сәттілік тілеп,орталықтың «Әйгерім» би тобының арнайы концертін өткіздік. Кеш кезіндегі өнерпаздардың «Қазақстан» атты биі Қазақ елінің басшысын сайлауға арнайы дайындалған болатын.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Омбы қаласының 300 жылдығы, сонымен бірге Зуқа батыр Сәбитұлының 150 жылдығы қатар келіп, осыған орай 29 мамырда еске алу шараларын өткіздік. Той кезінде түрлі концерттік нөмірлер қойылып, қазақ күресі қатарлы ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті. Мерекелік дастархан жайылып, қазақтың ұлттық құндылықтары дәріптелді.
Қазір Омбы облысындағы қазақтар тұратын аудандарда осындай мәдени орталықтар көптеп ашылып жатыр.
Омбы қазақтары 1989 жылдан бері наурыз мерекесін тойлап келеді. Осы мерекеге облыстың түкпір-түкпіріндегі қазақтар өнерлерін сайлап, үлкен дайындықпен, ерекше толқыныспен келеді. Қазір концерттік бағдарламаны 1200 орындық үлкен залда өткізіп жүрміз. Әрине, айтулы мерекеге мықты өнерпаздарды іріктеп алғанмен, ешкімнің кеудесінен итермей, кішкентай композиция жасасақ та бәрін қатыстыруға тырысамыз. Осындай мерекеге қазақтарды неғұрлым көп жинасақ, соғұрлым олардың қарым-қатынасы кеңейеді ғой. Біз ұйымдастырған шараларымызда 10 жасар баладан ересектерге дейін қазақша күрес өткізіп, тоғызқұмалақ, асық ату сияқты ойындардан сайыстар өткіземіз. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен дастархан жаю, ән айту, би билеп, өлең оқу, мақал-мәтел, жұмбақ, өсиет, аңыз, ертегі айту бойынша «Әжелер сайысы» да ұйымдастырылады. Ұлттық ас мәзірлерін дайындау, қолөнер шеберлерін анықтау және ең үздік ұлттық киімдерді бағалау бойынша да жарыстар өткізілген іс-шараны қоғамның келесі жылы келетін 30 жылдық мерейтойына да орайластырып отырмыз.
Сондықтан осындай шараларды жиі ұйымдастырып, ұлттық діңгегімізді мықты ұстап тұрсақ дейміз.Бүгінде Омбы облысында 300 мыңға жуық қазақ тұрады.
–Алтынай, өзіңіз Омбыда туып-өсіп, орыс мектебін бітірсеңіз де қазақ тілінде жақсы сөйлейсіз. Ата-баба қанымен келген ана тілді бойыңызда қалай сақтадыңыз, қалай дамыттыңыз?
Алтынай Жүнісова:Қазақ тілінің тағдыры Ресей қазақтарының, басқа да шет елдердегі қандастардың арасында, тіпті осы қазақ елінде де әлі шешімін таппаған күрделі мәселе болып тұр. Сондықтан бұл жайт жүрегі ұлтым деп соққан екі қазақ бас қосқан жерде де жиі көтеріледі. Бірде Еуропадан келген бауырларымыз және осында диаспора мәселесін жан жақты зерттеп жазып жүрген белді журналистермен болған басқосуда осы тіл мәселесі сөз болды. Сонда бір Еуропадан келген ғалым ағамыз «бұл мәселені шешу үшін мына біздің буын кетіп, одан кейінгі жастар қарқынды жұмыс атқаруы керек шығар» деген пікір білдірді. Сонда біз қолымыздан ештеме келмейді деп қарап отыра беруіміз керек пе? Әрине, тіл мәселесін оңалту – инемен құдық қазғандай. Десе де, әркім шама-шарқынша атсалысу керек деп ойлаймын. Омбыда таза қазақтар тұратын ауылдар болғанымен, таза қазақ мектебі деген жоқ. Бірақ, Омбы облысындағы аудандардың 17 мектебінде қазақ тілі пән ретінде жүргізіледі. Бұл теңізге тамған тамшыдай ғана нәрсе. Алайда, өзім басқарып отырған «Мөлдір» мәдени орталығы арқылы қазақ тілін жандандыру жолында жұмыс жасап келеміз. Айталық, орталыққа қазақ тілін білмейтін 5 жастағы бала келеді. Оған тілін бұрап тұрып «Қайда жүрсем Атамекен, Көкейімде жатады екен» деген әнді үйретеміз де, сосын «атамекен» деген не, «көкейімде» деген сөз нені білдіретінін ұғындырамыз. Қазақтың ұлттық биін үйретіп, ұлттық киім киіндіріп сахнаға шығарамыз. Сөйтіп, ән арқылы баланың санасына қазақтың тілін, рухын сіңіруге тырысамыз.
Ал қазақ тілін жақсы сөйлейтінім – біз отбасымызда тек қазақша сөйлесеміз. Қазақтың ораза ұстау, құрбандық шалу, тұсау кесу деген барлық салт-дәстүрі мен дінін жақсы ұстанамыз. Әжеміз намаз оқитын. Екіншіден, қазақ тілін меңгеруіме кітапты көп оқып, өзімше ізденгенім де көп пайдасын тигізді. Оның үстіне «Мөлдір» атты Сібір мәдени орталығын басқарып, онда қазақ жастарының санасына ұлтының тілін, ділін сіңіру жолында жанталасып жұмыс істеп жүргеннен кейін мен қазақша бұдан да жақсы сөйлеуге міндеттімін деп ойлаймын. Осылайша, Ресейде қазақ халқының ұлттық мәдениеті ұлықталып тұрады.
–Омбыда Шоқан Уәлихановтың ескерткішінің ашылуына сіздің көмегіңіз көп болған деп естиміз.
Алтынай Жүнісова:Омбы – тарихи қала. Онда Шоқаннан бастап С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Ә.Бөкейханов, Н.Нұрмақов, С.Мұқанов, Қ.Кемеңгерұлы, Ж.Шаяхметовтар оқыған.Бізде Шоқан Уәлиханов атындағы көше бар. Сол көшенің басына Шоқанның ескерткіші тұруы керек деп орын белгілеп қойғанбыз. Алайда қанша жыл өтсе де сол жақтың әкімшілігі қолға алмады. Осы Қазақстанға келген бір сапарымда Талдықорғанға бардық. Қалада Шоқанның үлкен ескерткіші тұр екен. Кетіп бара жатқанда Шоқанның ескерткішіне қарап көзіме жас алдым. Уақап аға «Неге жылайсың?» деді. Шоқанның осындай бір ескерткіші бізде де болса ғой деген арманымды, сол істің қанша жылдан бері атқарылмай келе жатқанын айттым. Сосын елге келген соң ескерткішті орнату жайында жан жаққа хат жаза бастадым. Омбының әкімшілігі қиын заманда ондай ескерткішке қаржы жоқ деді. Қазақстанда осы мәселе жөнінде шарт жасасқандай болғанбыз, ол кісілерден «біз ескерткіштің дизайнын көріп, оның дұрыс-бұрыстығын тексеретін маман ғана жібере аламыз, ал қаражатын сол жақ шығару керек» деген жауап алдық. Сосын қазақ елінің Елбасына хат хаздық. Ескерткішті орнататын орынды жан жағынан суретке түсіріп қоса салып жібердік. Сол 2004 жылы сол кездегі Қазақстанның Ресейдегі елшісі Қ.Көшербаев, Петропавл қаласының әкімі Т.Мансұров бастаған делегация Н.Назарбаевтың сыйлаған Шоқан бейнесін әкеліп орнына қондырып берді. Омбы қазақтарына Елбасы Шоқанның қайталанбас тұлғасын, өр рухын сыйлады. Қазір қаладағы ең әдемі ескерткіш. Қазақ жастары Шоқанның қасында кездеседі, үйленгендер гүл шоқтарын қояды.
–Алдағы мақсаттарыңызбен бөліссеңіз?
Алтынай Жүнісова:Тарихи дүниелерімізді көздің қарашығындай сақтау, қазақтың дәстүрін қайта жаңғырту, өсіп келе жатқан жас ұрпақты ұлттық мәдениеттің қайнар бұлағынан сусындату және әлем халықтарымен мәдени қарым-қатынас орнатып, Омбы облысының барлық тұрғындарымен бейбіт және ынтымақта өмір сүру біздің бұрыннан келе жатқан мақсатымыз. Келесі жылы 30 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған қоғамымыз ұлтымыз үшін ұлағатты жұмыстар жасауға тырысуда.
Інжу Алтайқызы