«Шаһарларға саяхат» айдарында бүгін тарихы терең, қазыналы Қаратау қаласы жайлы өткен мен бүгінді салыстыратын мәліметтермен таныстырамыз.
1. Қаратау атауы жайлы сөз қозғай қалсаңыз, ең алдымен 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды,алқакөл сұлама» аталған халқымыздың тарихындағы қилы кезеңдер мен «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді»,- деген мұңды да,зарлы жыр жолдары еске түседі. Бұл өңірдің аты жайлы ғылыми деректерде сонау адамзаттың алғашқы қоныстары Тәңірқазған мен Бөріқазған сияқты көне тұрақтармен белгілі. Ал халық арасында «Қаратау» қарайып жататын малға жайлы,қыстап шығуға қолайлы болғасын солай атаған деген болжам да бар.
2.Қаратау қаласының іргесі 1946 жылы Шолақтау кенті болып қаланған.Қала мәртебесі 1963 жылдың 24 тамызында берілген. Тарихи деректерге жүгінер болсақ, Қаратау кеніші өзінің алғашқы өнімін 1946 жылы 5 желтоқсанда бере бастады. 1963 жылы кен байыту фабрикасы іске қосылды. ХХ ғасырдың 60 – 90-жылдары, КСРО және республика экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырған Қаратау қаласының гүлденген шағы да осы уақыттармен байланысты болған.
3. 1965-85 жылдары Қаратауда республика деңгейдегі құрылыс ұйымдарының сала аралық кәсіпорындарының жұмысы жанданып,халықтың тұрмыс тіршілігіне ыңғайлы жағдайлар жасалып, қаланың өсіп өркендеуіне айтарлықтай көңіл бөлінді. Қалада Кеншілер саябағы ашылып, 1970-80 жылдары қалалық кітапхана, балалар кітапханасы, спорт ғимараттары және тағы да басқа маңызды нысандар бой көтерді. 1964 жылы Қазақ политехникалық институтының бөлімшесі де осы Қаратау қаласынан ашылса, 1966 жылы құрылыс техникумы, кәсіби-технологиялық училище құрылып, қарқынды жұмыс істей бастады.
4. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қаратау қаласындағы өндіріс орындарының жұмысы тежеліп, өнім көлемі күрт төмендеп кеткен кездер де болды.Бұл экономикалық қиындықтардың себебі кезінде Қаратау фосфорит кен тасын пайдаланып отырған көршілес елдердің Самара, Волгоград, Пермь, Қоқан, Алмалық, Самарқан, Чарджев сынды қалаларындағы химия кәсіпорындары фосфор шикізатын сатып алуды тоқтатуына байланысты туған қиыншылықтар-тұғын. Өздеріңізге белгілі бұрын Қаратау қаласы тікелей Мәскеудің құзырында еді және 1990 жылға дейін Қаратауда 40-тан астам өндіріс орындары болған.
5. 1997 жылдан бастап аудан әкімшілігінің орталығына айналған қалаға биыл 55 жыл толмақ. Жамбыл облысының Талас ауданында орналасқан Қаратау қаласы да шағын қалалардың қатарына еніп отыр. Облыс орталығынан 105 шақырым қашықтықта орналасқан қалада 2012 жылғы есеп бойынша 27,378 халық тұрады. Соңғы уақыттарда Қаратау қаласында республикамыздағы өзге де шағын қалаларға тән мәселелерді шешу жолында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр.
6.Деректерге сүйенсек, пайдалы кен орындарының ішінде жетекші орынды фосфорит кені атқарады және әк, доломит, мрамор, гранит, минералдық су және тағы да басқа пайдалы қазба байлықтары бар.Қаратауда 2020 жылға дейін шағын және бір салалы қалаларда іске асырылуға жоспарланып отырған қолданыстағы индустриялық-инновациялық жобалар қолға алынған.
7.Қаратау қаласы,Талас ауданының орталығы болып саналады. Әкімшілік алдындағы алаң- Батырлар алаңы деп аталып,оған осы өңірдің мерейін еңбегімен,ерлігімен өсірген алпыс бір Батырдың қола бюсті қойылған.Қалада құнды материалдар жинақталған өлкетану мұражайы жұмыс істейді. Қалаға ат басын бұрғандар мұражайға барып, қазыналы Қаратау тарихынан сыр шертетін мәліметтермен таныса алады.
Қаратау қаласының өткені мен бүгіні жайлы мәліметтерді жинақтаған: Раушан Бекмырза .