«Шаһарларға саяхат» айдарында Алматы облысындағы Алакөл ауданының орталығы болып саналатын Үшарал қаласының өткені мен бүгіні жайлы мәліметтерді ұсынамыз.
1.Қала жайлы қысқаша мәлімет. Ресми мәліметтерге сүйенсек, шаһардың іргесі 1871 жылы қаланған. 1928 жылдан бастап Алматы облысы, Алакөл ауданының орталығы. Қала облыс орталығынан 281 км-дей солтүстік-шығысқа қарай орналасқан. Шаһар арқылы Алматы- Талдықорған-Семей автмобиль жолдары өтеді.
2. Шаһардағы кәсіпорындар. Өткен ғасырдағы қалада орналасқан,тұрғындарға қызмет көрсеткен әрі жұмыспен қамтамасыз еткен ауыл шаруашылығы техника бірлестігі, орман шаруашылығы мен құрылыс кәсіпорындары нарықтық экономика талабына сай жекешелендірілді. Қазір олардың негізінде акционерлік қоғамдар мен жауапершілігі шектеулі серіктестіктер,шаруа қожалықтары құрылып, жұмыс істеуде.
3. Ескерткіштер-елдіктің белгісі. Үшарал қаласы Алакөл ауданының орталығы болғандықтан, аудан бойынша жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің саны 43. Олардың ішінде Аңырақай шайқасына 270 жыл толуына орай ашылған ескерткіш, Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқандарға,ауған жерінде қаза болған жауынгерлерге, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштерді атауға болады. Сондай-ақ, тарихи тұлғалар: Қаракерей Қабанбай батырға, Д.Қонаевқа,Әнуар Әлімжановқа ескерткіш қойылған.
4.Қаладағы әлеуметтік-мәдени мекемелер.
Шаһар халқына 5 орта мектеп,гимназия, музыка,спорт мектептері мен балабақшалар,мәдениет сарайы,халық театры,мешіт қызмет етеді.Сонымен қатар аурухана,тубдиспансер,санэпидстанса, бар.
5. Қаланың көлік әлеуеті. Бұған дейін облыс орталығы Талдықорған қаласынан 300 шақырымдай жерде орналасқан шаһарға республикалық маңыздағы күре жолмен қатынайтын еді. Мұнда ағылып келетін жолаушылар сапарын жеңілдету мен туризмді дамыту мақсатында 2015 жылы «Жетіген-Достық-Жетіген» бағытындағы темір жол қатынасы іске қосылды. Алакөл жағалауына келіп тынығушылардың уақытын үнемдеу мен жол қиындығын болдырмау үшін бүгінде Үшарал әуежайы қызмет көрсетеді.
6.Туризм саласындағы жетістіктері.
Өткен жылдағы мәліметтерде шипалы көл мен ғажайып табиғатымен ерекшеленетін өңірге 1 миллионнан астам меймандар келіп,5,9 млрд теңгенің қызметі көрсетілген.Соңғы жылдары 32 демалыс орны қолданысқа берілген. Әсіресе, солардың қатарындағы 450 орынды «Көктем Гранд» көпсалалы қонақ үйді ерекше атап өтуге болады.
7. Қаланың қазіргі тіршілік-тынысы. Үшарал қаласында 60 пәтерлі тұрғын үй мен Астана демалыс саябағы, «Туған жер» бағдарламасы аясында «Тарлан» спорт кешені, Лепсі, Қарабұлақ ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар, Ынталы, Лепсі, Ақтүбек ауылдарында мешіттер, 6 елді мекенде тұрғын үйімен қатар полиция пунктері салынып, халық игілігіне қызмет етуде. Соңғы көрсеткіштер бойынша шаһарда 17мыңнан аса халық тұрады.
Мәліметтерді интернеттегі ашық көздерден жинақтаған : Раушан Бекмырзақызы.
Фото: ашық ақпарат көзінен