12 шілде күні «Астана Операның» Камералық залында тыңдарман назарына «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» бірегей концерті ұсынылмақ, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Керемет әнші-сопрано, театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина, танымал баритон, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов көрерменге қазақ музыка жауһарларынан құралған мазмұнды да сан алуан бағдарламаны тарту етпек.
Сондай-ақ музыкалық кешке жарқын аспапшылар – ҚР еңбек сіңірген әртісі Мақпал Бекмағамбетова (скрипка), Асқар Мұқанов (виолончель), Раушан Бескембирова (фортепиано) қатысады.
Елорда тұрғындары мен қала қонақтарының назарына баршаға сүйікті халық әндері – «Япырай», «Бір арпа бидай», «Шәпибаяу», «Тілеуқабақ», «Екі жирен», «Ақ қурай», «Баянауыл», «Сұржекей», сал-серілердің әндері, ұлттық классика жауһарлары, атап айтқанда, Ақан Серінің «Сырымбет», Сегіз Серінің «Қарғаш», Мәди Бәпиұлының «Қаракесек», Естайдың «Құсни-Қорлан», Жаяу Мұсаның «Ақ сиса», Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы», Мұхит Мералыұлының «Айнамкөз», Зілқара Байтоқаұлының «Жиырма бес» шығармалары ұсынылады.
Атақты қазақстандық композиторлар – М.Төлебаевтың Скрипкаға арналған поэмасы, К.Күмісбековтың Виолончельге арналған поэмасы, Ә.Мәмбетовтың Трио – Элегиясы (1-2 бөлімдер) сынды аспаптық туындылары орындалады.
Фото: театрдың баспасөз қызметінен.