С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Ақылбек Күрішбаев өзінің фейсбук парақшасында университеттің биылғы түлектерін оқуды аяқтауларымен құттықтап,ізгі тілегін жеткізді.
«Мен Қазақстанның болашағы зор екеніне сенімдімін. Ең бастысы, басқарушылардың жаңа буыны өсіп келеді. Олар ерекше қабілетті жастар, «ұстаздан шәкірті озар» дегендей өте дарынды! Мен мұны С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің жастарына және барша еліміздің білімді жастарына қарап айтып отырмын. Осы жылы университет түлектеріне бакалавр және ғылым магистрі дипломдарын табыстадым. Жастардың қуанышына ортақ болуды өзіме міндет санаймын. Сіздерді тағы да құттықтаймын, сіздер - еліміздің болашағысыздар! Биылғы жылы ҚазАТУ ды бітіріп шыққан барлығы 2444 түлектеріміздің әрқайсысына өз қолымнан дипломдарын табыс еттім. Ақ жол тіледім.», - деп атап өткен өз сөзінде ректор А.Күрішбаев.
Ақылбек Қажығұлұлы 2011 жылғы 18 қазаннан бастап С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Басқарма төрағасы қызметін атқарып келеді. Оған дейін ол Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарған болатын.
Сондай-ақ, қазіргі таңда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті еліміздегі ауылшаруашылығы саласы бойынша алдыңғы қатардағы білім ордасына айналып отыр.
Заман талабына сай білім беретін оқу орыны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рейтингісіне сәйкес, білім беру бағдарламаларының сапасы және ақпараттық технологиялар саласындағы мамандарды даярлау жүйесі бойынша ауылшаруашылық жоғары оқу орындарының арасында І орынды иеленді
С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың 8 факультет құрамына 42 кафедра, 27 ғылыми-зерттеу орталығы және әскери кафедра кіріп отыр. Аталмыш ғылыми зерттеу орталықтары жаңа заманғы зерттеу аппараттарымен жабдықталып, ғалымдардан бөлек студенттердің де ғылыммен айналысуына зор мүмкіндік берілген. Ал осы 2019 жылы ҚР ЖОО-ның ТОП-20 бас рейтингісінде ІІІ орынды иеленуі ғылымдағы зерттеулер көкжиегін одан әрі кеңейте түсті .
Парижде әлемдегі ең үздік 10 аграрлық ЖОО-ның қатарына кіретін AgriParisTech университетімен (Франция) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл меморандум негізінде алдағы бес жылдықта С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін бітіріп шыққан түлекке Францияның AgriParisTech университетінің дипломы қоса берілмек. Бұл дегеніміз Еуропа біздің мамандарды, олардың дипломын мойындайды деген сөз. Осыған сәйкес университетте француз профессорларымен халықаралық деңгейдегі жаңа оқу бағдарламаларын бірлесе әзірлену жұмыстары жүргізілу үстінде.
Бізге осындай ауыл шаруашылығы бағытында білім беретін әлемдік көшбасшының келуін «тың өзгерістерге жасалған алғашқы қадамның басы» деп бағалаған жөн. Дегенмен, бұл шешімді француз әріптестеріміз ҚазАТУ-дың оқытушылары мен студенттерінің әлеуетті мүмкіндіктерін жан-жақты зерттеп, ұзақ ойланып барып қабылдағанын айта кету керек. Мұндай көшбасшылармен серіктестікке қол жеткізу де оңай емес, себебі бұл жерде AgriParisTech университеттері мен олардың жеке имиджі бірінші орында тұрғандығын да естен шығармаған абзал.
Алдағы уақытта өз елімізде әлемнің үздік университеттеріндегі сияқты ауыл шаруашылығының кәсіби мамандарын дайындауға болады. Біз «білім беруге салынған инвестиция– қайтарымды инвестиция» дейміз. Ендеше, мұны нақты жобалармен іске асырудың уақыты келгендей.
Бердібек Хабай .