10 шілде күні сағат 15.00-де Ұлттық академиялық кітапхананың Мәжіліс залында қазақтың атақты күйші-қобызшысы, композитор, қылқобызда ойнаудың асқан дүлдүл шебері Ықылас Дүкенұлының туғанына 176 жыл толуына орай «Тоғыз тарау» атты кеш өтеді, деп хабарлайды Qazir.kz
Ықыластың өскен ортасында күйшілік өнер айрықша әспеттелетін дәстүрге айналып, дәулескер күйшілердің қалың шоғыры қалыптасқан. Ықылас Дүкенұлы дәстүрді қобыз тілінде жалғастырушы дәулескер күйші әрі Қорқыт атадан кейін тәңірлік аспапқа адамның тілін дарытып, жоғын жоқтатып, мұңын мұңдатқан біртуар композитор.
«Жаңғыру» қоғамдық қоры ұйымдастырып отырған кештің мақсаты – насихатталуы кемшін дәстүрлі музыка мен оның танымал тұлғаларының бірі - Ықылас Дүкенұлының шығармаларын тыңдарман назарына ұсыну және ол туралы тың деректерді рухани айналымға қосу.
Оған белгілі өнер адамдары, музыкатанушы ғалымдар, күйшілер, әншілер және Ықылас Дүкенұлының ұрпақтары қатысып, Ықылас Дүкенұлының шығармалары тыңдарман назарына ұсынылмақ. Кеш барысында күйші туралы 1993 жылы «Қазақтелефильм» түсірген «Ықылас» атты деректі фильм көрсетіледі. Елордада қылқобыз шебері шығармашылығын насихаттайтын кеш өтеді.