Тянь-Шань тау жүйесіндегі асқар да заңғар, ұлы тау Хан Тәңірінің биіктігі 7010 метр (басындағы мұздықтың қалыңдығын есептегенде), мұздық қалыңдығын есептемегенде – 6995 метр. Ол шығыс халықтарына, әсіресе түркі әлеміне ерте замандарда-ақ белгілі болған. Бұл туралы толығырақ әр дүйсенбі сайын «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен жобамыз «Көне дүние күмбірі» айдарында.
Текес және Жаңатекес ауылдарын қақ жарып аққан Текес өзенінің төменгі ағысы жағасында орналасқан Қызылшегара ауылынан тау етегіндегі Нарынқолға қарай тік, жоғары келе жатқанда, биік те шынар таулар арасынан күн ашықта ақ күмістей жарқырап, найзадай тік шаншылып, сүйір ұшы аспанмен таласқан Хан Тәңірі көздің жауын алады. Сондықтан да болар халық оны қастерлеп, құдірет тұтып, Аспантау деп те әспеттейді. Түрік тілінен аударғанда «Аспанға табынушы» мағынасын білдіреді. Хан Тәңірі туралы халық аңыздарының бары көпке мәлім. Сондай бір аңызда Тәңір туралы былайша баяндалады: «Бір замандарда не аспан, не жер болмай, ұшы-қиыры жоқ мұхит қана болыпты. Бір кездері мұхит ішінен Ақ жарық пайда болады да, оның ішінде алтын жұмыртқа болады. Жұмыртқа ішінде болашақты жарататын Тәңір ұйықтап жатады. Ол миллион, миллион жылдар ұзақ ұйықтайды да, кенет оянады. Тәңірі жұмыртқаны жарып, сыртқа шығады. Тәңір жұмыртқаның үстіңгі жағынан Аспанды жасайды да, төменгі жағынан Жерді пайда қылады. Аспан жерге құлап, астан-кестен болмау үшін Тәңірі олардың арасына Темірқазық қояды. Тәңірі қазыққа аспандағы аттарды арқандап, жұлдыздарды байлап қойып, Аспанды айналады.
Әлем халықтарына тән мифологиялық сюжетте жер мен көктің жаралуы туралы әпсана жатыр. Аспантау атауы оның қасиетті мекен екенін айғақтап тұр. Хан Тәңірі тауы деп атауы көп замандар бойы барлық жұртты қызықтырып та, мән-мағынасын білуге ынтықтырып келді. Зерттеушілер Хан Тәңірі – «Аспан әміршісі», «Аспан тау», «Құдайлар тауы» деген тұжырымға тоқтады. Хан Тәңірі атауының екінші сыңарындағы теңгір (тәңірі) ежелгі шумер тілінде дингер – «құдай», «аспан», хұн тілінде ченли «аспан» мәніндегі сөз екені айтылса, көне түркі тілінде täңri «аспан», «құдай», «әмірші», «билеуші» деген мағыналарға ие екендігіне ден қояр болсақ, жоғарыда айтылған ғалымдар пікірлерінің сенімді екеніне зер қоямыз. Бұл өңірде «Хан Тәңірінің етегі – Райымбек батырдың мекені» деген қанатты сөз берік орын алған. Хан Тәңірі шыңын ежелгі саяхаттаушылар зерттеп, көрсетіп кеткен. Аспанға жақын, демек Аллаға жақын деген сеніммен келген адамдар шыңды бағындыратын. Тянь-Шань тау жүйесіндегі асқар да заңғар, ұлы тау Хан Тәңірінің биіктігі 7010 метр (басындағы мұздықтың қалыңдығын есептегенде), мұздық қалыңдығын есептемегенде – 6995 метр. Ол шығыс халықтарына, әсіресе түркі әлеміне ерте замандарда-ақ белгілі болған. Оны көне замандардан бергі саяхатшылар да атап өткен. Хан Тәңірі жайлы ХІХ ғасырдың орта кезінде ғылыми мәліметтер алғаш шыға бастады. Тянь-Шаньға деген саяхатын қағаз бетіне түсірген 1856-1857 жылдары атақты орыс географы және саяхатшы П. Петрович Семенов-Тян-Шанский болатын. Қазіргі топографиялық карталарда Хан Тәңірі үш мемлекеттің: Қырғыз Республикасының, Қытай Республикасының және Қазақ Республикасының (Нарынқол ауылына жақын тұсында) шекараларында тұр. Оның шығыс жағы Қытай Халық Республикасына, оңтүстік-шығыс жағы Қазақ Республикасына, батыс жағы Қырғыз Республикасына қарасты. Бұл тау аты – Нарынқол, Кеген өңірлерінде 1960 жылы дейін жергілікті тұрғындар тілінде Хантеңгір деп аталып келсе, 1960 жылдан бері ғана, қазіргі әдеби тіліміздің жазылу нормасына сай Хан Тәңірі деп жазып жүрміз. Қырғыз тілінде Кан-Тенгири деп жазып та, айтып та жүр. Қытай елінде ол атау өз тілінің заңына сай айтылып та, жазылады.Табиғаты мейілінше көркем де сұлу, қазба байлыққа ерен де кең бұл өлке – ғасырлар тарихына тым бай. Түріктердің түбі сақтар мен ғұндар болса, олар Көк Тәңіріне сыйынып, Көк бөріні тотем санаған екен. Көне түркі ұғымында тау – Тәңіріге тіке жалбарынатын жер, сондықтан «Адам күбірін тау естиді, тау күбірін Тәңірі естиді» деп біледі.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен