Сонау қиын-қыстау кезеңдері де ғылыммен айналысып, елге танылған Шоқан, одан бергі советтік кезеңде еңбегімен еленген Әлкей Марғұлан, бүгінгінің ел таныған археолог-ғалымы Зейнолла Самашев сынды ғалымдарымыздың есімі ел есінде. Осындай ғұламаларымыздың сара жолын бүгінгі жас ғалымдарымыз жалғауда. Олардың бірі-археолог, тарихшы Рахымжанов Қалжан Қайратұлы.
Міне, Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласының тумасы,қазіргі уақытта Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің PhD докторанты атанған Қалжан, бүгінгі «Замандас» айдарының кейіпкері.
Өзінің білімін ғылыми жолмен байланыстырып жетілдіруді мақсат еткен жас ғалым ғылымға деген бетбұрысын былай түсіндіреді:
- Менің ғылымға жол тартуыма негізгі ортам себеп болды. Және ұстаздарым мен өз елімнің тарихын білуге деген құштарлығым. Бұл ретте дәріс берген ғалым ұстаздарымыздай болмасақ та «ұқсап бақ...» деген қағиданы серік етіп, алға қойған мақсаттарымызға жетуге ұмтылудамын. Жалпы ғылым жолы таза жол. Оның жемісін көру көп уақытты талап етуі мүмкін. Сондықтан-да асқан шыдамдылықты қажет ететін ғылым жолы –менің жаңалық ашар «ақ жолым» болады деп ойлаймын.
- Бүгінгі археолог-тарихшы маман Қалжан, бала күнінде қандай мамандық иесі болуды армандап еді?
- мен бала күнімде заңгер боламын деп ойлаушы едім.Қара қылды қақ жарып айтатын әділ Би бабаларымыздың жолымен әділетсіздікке заңдық тұрғыда қарсы тұру балалық арманым болатын. Бірақ кейіннен өзімнің кім болатынымды зерделей келе, әрі жаңалыққа құштарлығым болар осы саланы таңдадым.
- Сізді жас ғалым ретінде танимыз. Жалпы осы жолдағы жасап жатқан жұмысыңызға тоқталсаңыз?
-Өткен 2017 жыл қазақ елі үшін жаңа серпіліс жылы болды деп айтар едім. Оған себеп, өткен жылдың сәуір айында жарияланған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы. Бұл мақаланың негізгі мақсаты- мемлекетіміздің болашағы және әлемдік жаһандану процесінде қатар жүруі тиіс еліміздің рухани жаңғыру жолы. Менің ойымша білімді болуымыз, деніміздің сау болуы, тілді меңгеруіміз бен сауаттылығымыз және ең маңыздысы тарихымызды зерделеп, танып-білуіміз жаһандануға қарсы тұратын, төтеп беретін негізгі басты факторлар болып табылады. Міне осы қағидаттар бізді болашаққа жетелейді. Ал енді менің жұмысыма қатысты айтар болсам, Елбасының мақаласынан кейін, тарихымызды зерттеуге бағытталған бірқатар экспедициялар ұйымдастырылды. Осы бағытта арнайы конкурстар да көптеп өткізілді. Бұл кезеңде еліміздің Білім және ғылым министрлігі 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми жобалар ұсынған болатын. Ол бойынша өзімнің ұстазым, профессор Мұстафина Раушан Мұхамеджанқызы екеуміз сол жобада жеңіске жеттік. Онда Елбасының мақаласында көрсетілген бағыттар негізінде еліміздің қасиетті жерлерін аралап,бабалар кесенелеріне зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Бұл «Туған жер» киелі мекеніміздің тарихын ашуға себеп болды.
- әрі осындай жобалардың ұсынылуы елімізде ғылымның дамуына даңғыл жол болып отыр ғой...
-Әрине. Дұрыс айтасыз. Осындай жұмыстар арқылы ел тарихының зерттелмеген дүниелерінің сыры ашылады, әрі ғалымның оның ішінде мен сияқты жас ғалымдарға жақсы бастама болары анық. Мысалы, Есік қорғанынан табылған «Алтын Адам» денесі осыдан бірнеше жыл бұрын табылғанымен, оны зерттеп, дәлелдеу үшін аз тер төгілген жоқ. Нәтижесінде сол арқылы Қазақстанды өзге мемлекеттерге тағы бір қырынан таныта білдік. Екіншіден, осындай мемлекеттің қолдауымен атқарылған жұмыстардың нәтижесі жастарды ғылымға тартуға үлкен себеп болары сөзсіз.
- Қалжан, сенен жас ғалым ретінде бүгінгі қоғамда қарама-қайшы пікір туғызып жүрген үш тілділік қағидасы туралы ойыңызды білгіміз келеді. Осыған қатысты пікіріңіз қандай?
-Жалпы қоғамда үш тілділікке байланысты екі түрлі пікір бар. Оның бірі үш тілділік ол ана тілімізге жасалған қиянат десе, екінші көзқарас оның дұрыстығын, қажеттілігін дәлелдеуде. Мен сол екінші көзқарастағы топпен пікірлес адамдардың бірімін. Неге, десеңіз? Данышпан Абайдың «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегеніндей өзге тілді білу артықтық етпейді. Қайта өзіңнің ойыңды, тіпті мәдениетің мен тарихыңды өзге ұлтқа соның тілінде жеткізуің, өзің үшін үлкен жетістік. Екіншіден бірнеше тілді меңгерген адам-білімді адам. Ал біздің мемлекетіміздің ертеңі сол білімді ұрпақтың қолына өтуі тиіс. Одан бөлек өздеріңізге белгілі алда латын әліпбиіне көшу тапсырмасы тұр. Бұл да оң бастамалардың бірі. Өйткені қазір түркі тілдес елдердің бәрі латын қәрпін қолданады.Ол заман талабы.
Сұхбаттасқан Салтанат Сәдібекқызы