Бүгінгі мәдени шолуымызға өтіп бара жатқан аптадағы маңызды оқиғалар арқау болмақ.
Алдымен елордамыздағы мәдени жаңалықтарға тоқталсақ, Астанадағы шеберлік сағатына әлемнің бес елінен 100-ден астам жас биші келіп қатысуда. Орталық Азия би фестивалінде олар екі апта бойы АҚШ-тың дүние жүзіне белгілі хореографтарынан тәлім алады. Өз тәжірибесімен Кэтрин Пилкингтон мен Тара Комптон бөліспек. Олар неоклассикалық балет, модерн, бродвей, импровизация, джаз және хип-хоп секілді би түрлерінен тегін сабақ өткізеді. АҚШ елшілігі ұйымдастырған мұндай фестиваль елордада алғаш рет өткізіліп отыр.
Париж ұлттық опера театрының балет труппасы Астанада өнер көрсетеді.
Елорданың 20 жылдығына айтулы тартуды еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген. «Gala de Paris» атты ауқымды бағдарлама 3 күнге жоспарланған. Француз балет өнерінің майталмандары, америкалық дирижер, римдік өнер жанашыры мен «Астана Опера» симфониялық оркестрінің ортақ туындысы елорданың 20 жылдығына арналған.
Қазақстан мен Жапонияның бірлескен жобасы – «Барымташылар» кинофильмінің негізгі көріністері Алматы облысының Райымбек және Нарынқол аудандарында түсіріледі. Басты тақырып әлеуметтік мәселе болғанымен, кинода жер жәннаты Жетісудың әсем табиғаты жиі көрініс табады. «Бұл – отандық туризмді кинотуынды арқылы насихаттаудағы маңызды қадам», – дейді фильм авторлары.
Ертісте Алтай тауларында түсірілген фотосурет көрмесі өтуде. Көрермен назарына ұсынылған 70 фотосуреттің авторы - Павлодардың тумасы, бүгінде Новосибирск қаласында тұрып жатқан Вячеслав Семакин. Әуесқой фотограф Алтай тауларына саяхат жасап, өзен-көлдерін, тау сілемдерін, қар басқан шың-құздарын суретке түсірген. Көркем табиғат, қылқан жапырақты ормандар, табиғи ескерткіштер, өсімдіктер мен жануарлар әлемі ерекше көз тартады. Павлодарлықтар сурет көрмесін 5 тамызға дейін тамашалай алады.
Жезқазған қаласындағы тарихи-археологиялық мұражай қоры тағы 300-ге жуық құнды жәдігермен толықты. «Тарихта өз атыңды қалдыр» деп аталатын шара аясында тұрғындар қолда бар дүниелерін мұражайға тапсырып жатыр. Жергілікті тұрғынның бірі Степлаг тұтқындарының жазған хаттарын тапсырса, тарихшы Бақтияр Қожахметов болса бір ғасыр бұрын жасалған келі мен келсапты сыйға тартқан. Мұражай директоры Раушан Қапарованың айтуынша, жәдігерлердің ішіндегі ең бағалысы – ХІХ ғасырдың орта шенінде басылған Фирдоусидің «Шахнаме» кітабының түпнұсқасы. Оны мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов тапсырған.
Түркістан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының орындалуы аясында «Лидер Reader ON» немесе «Үздік оқырман» кешенді іс-шарасы өтуде.Мектеп кітапханаларының арасында қолға алынған жаңа жобаның ережесі бойынша облыс мектептерінің бәрінде айдың, тоқсанның, жылдың 13 үздік оқырманы анықталып, марапатталмақ.
Мәдени шолуға арқау болған жаңалықтар ашық ақпарат көздерінен алынды