Діни ғұрыптық орындар қатарында еліміздің жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне енген Екідің сәулет өнері ескерткіші жайлы «Көне дүние күмбірі» айдарында.
Екідің – VIII-IХ ғасырлардан сақталған сәулет өнері ескерткіштері шамамен ерте темір дәуірінде пайда болған. Қостанай облысы Арқалық қаласы, Екідің ауылының солтүстік-шығысына қарай, Қараторғай өзенінің екі жақ жағасында орналасқан. Ол ертедегі екі рәсімдік құрылыс жабайы тастан киіз үй тәріздес салынған.
Ескерткішті 1959 жылы Ә.Марғұлан жетекшілік еткен ғылыми экспедиция зерттеген. Академик Әлкей Марғұланның деректеріне сүйенсек, бұл ескерткіш қазақ мәдениетіндегі алғашқы үй құрылысы өнерінің дамуын бейнелейді. Екідің i Қараторғай өзенінің сол жағалауында орналасқан, Екідің ІІ – биігіректе, алыстан жақсы байқалады. Екеуінің арақашықтығы 4 шақырым. Біріншісі (Дің-1) Екідің ауылынан шығар жол жиегінде, өзеннің сол жағында, ал екіншісі (Дің-2) өзеннің оң жағындағы төбешіктің басына тұрғызылған.
Жергілікті аңыз бойынша, XVII-XVIII ғғ. Екідің тұрған төбелер арасындағы алқапта қантөгіс соғыс болған. Бір-бірімен жауласқан рулардың әскери басшыларының ордасы осы жерде орналасқан. Тастардан құралған сфералық пішіндегі ежелгі екі құрылыс діңдер исламға дейінгі кезеңге жатады, сондықтан ауыл да Екідің деп аталады.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан .
Фото: ашық ақпарат көзінен