Елордалық алаңдарда Х «Астана самалы» үрмелі аспаптар оркестрлері фестивалі жалғасуда, деп хабарлайды Qazir.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
6 шілде күні таңертең шараға қатысатын оркестрлердің шеруі өтеді. Содан кейін қалалық алаңда қала тұрғындары мен қонақтарының назарына плац-концерт ұсынылады.
Сонымен қатар 6 шілдеде Промышленный, Интернациональный, Железнодорожный, Пригородный, Үркер, Көктал-1 тұрғын алаптарында бүкіл отбасыға арналған «Думанды Сарыарқа» мерекелік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылады. Шара аясында эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, мультфильм кейіпкерлерінің киімін киген аниматорлар кішкентай елордалықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Мерекелік бағдарламада спорт сүйер қауымға арналған шаралар да қарастырылған. Олардың қатарында «Болашақ аңыз тұлғалар» атты кәсіпқой бокс кеші де бар.
6 шілдеде «Барыс Арена» мұз айдыны сарайында кештің басты жекпе-жегін бұған дейін жеңіліс таппаған қазақстандық былғары қолғап шебері Жаңқош Тұраров өткізеді. Елорда күніне арналған салтанатты шаралар легін Ұлттық Домбыра күніне арналған концерт аяқтайды. Шара 7 шілдеде «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда сағат 12.00 өтеді.
Сондай-ақ, осы күні кешке сағат 17:00-де Амфитеатрда өнер сүйер қауым «Нағыз қазақ домбыра» атты концертті тамашалайды. Мерекенің соңғы күндері 7-8 шілдеде Амфитеатр сахнасында тай артистері «Тай түндері» атты концерттік бағдарламасын ұсынады. Бұл шара Тайланд Корольдігінің Қазақстандағы елшілігінің елорда күніне тартқан сыйы болмақ.