«Шаһарларға саяхат» айдарында Шығыс Қазақстан облысында орналасқан ауданның орталығы болып саналатын Зайсан қаласы жайлы мәліметтерді ұсынамыз.
1. Қала жайлы қысқаша мәлімет. Зайсан қаласы өзі аттас ауданның орталығы болып саналады. Аумағы 18832 гектар жерді алып жатыр. Шаһардың іргетасы 1864 жылы қаланса, ресми қала мәртебесін 1868 жылы алған. Қалада 15712 халық тұрады.
2. Шаһар тарихынан. Өткен күннен сыр шертетін деректерге сүйенсек, Зайсан ойпатына қарай ағатын өзендердің бірі «Жеменей» аталса, сол өзеннің жоғары саласынан қазіргі Зайсан қаласы бой көтерген. Алғашында сол өзеннің атауын иеленген қаланың бірте-бірте көлемі ұлғайып, өзге өңірлерден шаһарға ағылған жолаушылар бұл өңірді «Зайсан» деп атаған екен. Қаланың бұл атауы 1864-1868 жылдардағы архив деректерінде көптеп кездеседі.
3. Зайсаннан шыққан тарихи тұлғалар мен талантты ұл-қыздар. Зайсандықтар Шұлғаубайдай шешенін, Бұланбайдай балуанын, Қоңыр және Ақыштай қажылары мен Ноғайбайдай ақынын мақтан етеді. Сонымен қатар есімі дүние жүзіне танылған шахматшылар Гүлнәр мен Эльвира Сахатовалар, әдебиет әлемінде өзіндік орны бар ақындар Ұлықбек Есдәулет, Гүлнәр Салықбай, Нұрлан Мәукенұлы, жазушылар Кәдірбек Сегізбаев, Марат Қабанбайлар осы топырақта өмірге келген. Айтыскер ақындар Абаш Кәкенов пен Серік Құсанбаев та Зайсан өңірінің перзенттері.
4. Қала кәсіпорындары мен мекемелері. Шаһардағы ең ірі өнеркәсіп «Сайхан» ЖШС. Ол негізінен жергілікті Кендірлік көмір кенінен көмір өндіріп, аудан сұранысын қамтамасыз етіп отыр. 2006 жылы қалада минерал су шығаратын «СМУ Шығыс»су мекемесі іске қосылған. Мәдениет үйі мен аудандық және балалар кітапханасы халыққа қызмет етеді. Жастарға арналған орталық стадион,хоккей корды,су бассейіні,мини футбол алаңдары бар.
5. Шаһардың өзге өңірлермен көлік қатынасы. Қала облыс орталығы Өскеменнен 470 км қашықтықта орналасқан. Шаһарға жақын темір жол станциясы- Жаңғызтөбе 378 км. Семейден - 496, Алматыдан -1200, Нұр-Сұлтаннан- 1200 км қашықтықта тұрғандықтан әуе көлігі немесе автомобиль қатынасы арқылы жетуге болады.
6. Зайсанның табиғаты мен пайдалы қазбалары. Аудан орталығы болып есептелетін Зайсанның жері шұрайлы, суы мол, жайылымдарының табиғаты керемет деп айтуға болады. Сауыр, Сайқан, Маңырақ, Ертіс, Қабырғатал жайылымдарын көпшілік ерекше ауыз толтырып айтатындай киелі жер. Жер асты қазбаларынан мұнай мен көмір,құрылысқа қажетті әк пен құм,топырақ және жасыл алқапты орманы бар өңір. Сауыр тауының ең биік нүктесі- Мұз-Тау.
7.Шаһардың туристік әлеуеті. Аудан орталығы Зайсанда 36 тарихи және мәдени ескерткіштер тіркелген.Туристерді ерекше қызықтыратын орындар қатарында «Айка» шаруа қожалығы аңшылық қызмет түрін ұсынады, «Кіші Жеменей» , «Майшат» пен «Тебеген» учаскелеріндегі базаларында туристерді қабылдайды. «Бәйтерек» спорттық-сауықтыру базасы қысқы демалысқа белсенді спорт түрлерімен айналысуға шақырады (коньки, шаңғы, қар үстінде жүретін машиналармен серуендеу), жазда жаяу және атты серуендер ұйымдастырылады. Зайсан көлінің жағажайында балық аулау, катамарандармен қыдыру, көл үстінде серуендеуге болады.
Қала жайлы мәліметтерді ашық көздерден жинақтаған : Раушан Бекмырзақызы .
Фото: ашық ақпарат көзінен.