Алтын бесігіміз ауылды көркейтіп, сол жердің жастар идеясымен нығаюына жол ашқан, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының ауқымы кең. Оның аясында көп жастар жұмыспен қамтылып, қаржылай көмек алуда.Айтар болсақ, 2016 жылы 2 892 жас маманға 8,6 млрд теңге, 2017 жылы 3 412 маманға 11 млрд теңге бөлінсе, осы жылы 3786 маманға 13,7 млрд теңге бөлу көзделгендігі мәлім. Ал алдағы 2019 - 2021 жылдарға арналған үш жылдық бюджетті қалыптастыру шеңберінде,осы бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселесі қаралатындығы тағы белгілі болды. Бүгінгі «Қоғамдағы үш анық» айдарында аталған бағдарламаның жүзеге асырылуы жайында сөз қозғамақпыз.
Әрине, бұл орайда бағдарламаның түлектеріне мемлекет тарапынан жүктелген сенім мен үмітті ақтау міндеттеледі.Десе де, жас мамандарымыздың ауылдық жерлерге жұмысқа барудан бас тартпайтындықтарын көптеген көрсеткіштер айқындап отыр. Оған, осы бағдарлама іске асырылған 9 жыл уақыт ішінде ауылдық елді мекендерге 54 мыңнан астам жас маман тұрақты жұмысқа орналасқандығы дәлел.
Бұл мамандар мемлекет қазынасынан 12,5 миллиард теңге сомасында көтермеақы алса және жартысынан көбіне 57 миллиард теңге сомасында тұрғын үй алуға несие берілген.
Бұл «2009 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Дипломмен ауылға!» әлеуметтік бағдарламасы - жастарымыздың өз мамандықтарына сай жұмысқа орналасып, баспана алып, өмірден орындарын табуларына ықпал етті.Және де тиісінше ауылдық елді мекендерді денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ауыл шаруашылығы салаларын жас мамандармен қамтамасыз етуге қолайлы мүмкіндік те берді. Бірақ әлі де ауылдағы мамандардың аздығы өзекті мәселе болып отыр. Осыған сәйкес, соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі күні ауылдық жерлерде 580 дәрігер жетіспейді екен. Бұған қоса, Білім және ғылым министрлігінен алынған деректе, республика бойынша қазір 4952 мұғалім мамандығы сұранысқа ие. Міне осындай мәселеде «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы жұмыс іздеген жастарға да, ауылдық жердегі кадр тапшылығын жолға қоюға да тиімді болып отыр.
Қорыта айтқанда,қайнаған тіршіліктің ортасы саналатын ауылды аймақ-жастар үшін үлкен мектеп. Ал нағыз маман сол саланың ісін көзімен көріп қолымен ұстаса ғана қалыптасатыны өздеріңізге белгілі. Сондықтан шағын ғана ауылдың қиыры көп тіршілігін құрықтай алған бүгінгі жас маман, ертең үлкен саланың білікті қызметкері болары анық. Бұл орайда,бағдарлама түлектері -қазіргі ауылдың ертеңгі мемлекеттің көркеюіне зор ықпалын тигізетін капитал іспетті.
Яғни,ертеңгі ел тұтқасын ұстар нағыз мамандарды шыңдайтын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы- кадр біліктілігіне қатысты ескеріле бермейтін, бірақ маңызы зор мәселелердің шешімін табуға ықпал етуші бастама екені сөзсіз.
Салтанат Сәдібекқыз