«Айшықты апта» айдарында әдеттегідей аптаның жеті күні ішіндегі мәдени оқиғаларға шолумен таныстырамыз.Бұл аптаның соңы ел үшін ерекше мереке, Ұлттық домбыра күнінің алғаш рет ойлануымен есте қалмақ. Ұлттық домбыра күнінде Астанаға еліміздің түкпір-түкпірінен 3 мыңға жуық күйші келеді деп жоспарланған. Олардың арасында есімі ел ішінде кеңінен танымал өнерпаздармен қатар жоғары оқу орындарының студенттері де бар. «Домбыра – асыл мұра» мерекелік шарасы аясында мыңдаған күйші бір мезетте «Балбырауын», «Адай», «Көңілашар», «Ерке сылқым» және басқа да күйлерді орындап мерекенің шырайын кіргізбек.
Қарағандылықтар да Ұлттық домбыра күніне арналған концерт пен көрмеге шақырады.
Кеше кеншілер мәдениет сарайының алдындағы алаңда Тәттімбет атындағы Академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі және жас домбырашылар өнер көрсетсе,бүгін Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Шет аудандық тарих-этнографиялық мұражайымен біресе ұйымдастырылған «Нағыз қазақ- қазақ емес, нағыз қазақ- домбыра!» көрмесі ашылады. Танымал тұлғалардың аспаптары назарға ұсынылатын болады.
Домбыра жасау бойынша шеберлік сыныбы өтеді. Ашылу салтанатында қазақтың күйлері мен халық әндерін орындайтын домбырашылар өнер көрсетеді.
Енді Астананың 20 жылдығы қарсаңындағы мәдени шаралар тізбегін бір шолып өтейік.
Ақтөбе облысының әкімі Б.М.Сапарбаевтың бастамасымен биыл «Бақытты бала» ауқымды жобасы жүзеге асырылып, 2018 жыл «Бала жылы» болып жарияланған еді. Бұл шара Астана қаласының 20 жылдығы және мемлекеттік қызмет органдарының құрылғанына 20 жыл мерекелік күндерімен тұспа тұс келуде.Осы айтулы даталарға орай облыс әкімі аппаратының басшысы
Н.С. Қалауовтың басшылығымен аппарат қызметкерлері «20 игі іс» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Акция барысында «Әсем» жазғы спорттық – сауықтыру лагеріне 10 балаға жолдама, 5 балаға спорттық киімдер, 1 балаға санаторлық – курорттық емделуге 135 мың теңгеге сертификат, 3 жастағы балаға емделуге көмек көрсету үшін 100 мың теңгеге сертификат және 1 отбасына газ қазандығы орнатылды.
27 маусымнан Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары мұражайларының көрмесі жұмысын бастады.
Аталған көрме «Өткенді еске алу – болашаққа жол» атты өңірлер мұражайларының көшпелі көрмелері жобасы аясында өткізіліп,ондағы экспозицияларды М. Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен оның филиалдары, сондай-ақ, Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы дайындап әкелген.Алматы облысының көрмесі «Жетісудың 20 мұражайы» деп аталса, Шығыс Қазақстан өз көрмесін «Ұлы тұлғалар үндестігі» деп атаған. Екі облыстың мұражайларының көрмелерін 8 шілдеге дейін тамашалауға болады.
29, 30 маусым және 1 шілде күндері аралығында елорда тұрғындары мен қонақтары тегін экскурсияға қатыса алады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты. Үш күн бойы «Red Bus» автобустары Астананың сол жағалауымен тегін экскурсиялар өткізетін болады. Экскурсия «AiLand» (океанариум) ойын-сауық орталығынан және «Hilton Astana» қонақ үйінен басталады. Аудиогидтер қазақ және орыс тілдерінде қаланың көрікті нысандары жөнінде ақпарат тарататын болады (бір рейс - қазақ тілінде, екінші рейс - орыс тілінде жүргізіледі).
Апта бойына республикамыздың түкпір-түкпірінде өткізіліп жатқан мәдени шаралар тізбегі көп болғандықтан,біз оның маңыздыларына ғана тоқталдық.
Мәдени шолуға арқау болған жаңалықтар ашық ақпарат көздерінен алынды.