«Онымен ешқашан жүздескен емеспін… Өйткені саясат қазаны бұрқ-сарқ қайнап жатқан Алматыдан шалғай Арқа жағында көп жылдар бойы тұрдық. Әлі есімде, тоқсаныншы жылдардың басында “Ана тілі” ұлттық апталығы қарапайым қазақтардың қолынан түспейтін. Әсіресе, ондағы “Қазақ, қайда барасың?” айдарымен жарияланған мақалаларды іздеп жүріп оқимыз. Марат Қабанбайдың шамырқанған шабытпен жазылған ұлттық рух пен найзағай намысқа толы публицистикалық дүниелерінен еркін ойдың иісі аңқитын. Бұлқынған бұла таланттың қаламынан бұрқырай төгіліп жатқан өткір де батыл сөздер көптің көкейіне қонып, көңіліне түрлі ой салатын.» Халықаралық Андерсон атындағы сыйлықтың Орта Азиядағы жалғыз лауреаты,ұлттық публицистикада өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген, қара сөздің Қабанбайы атанған қаламгер жайлы Заря Жұманованың эссесін журналистика мерекесі күні арнайы жариялап отырмыз.
Бұрын Оны балалалар әдебиетінің талантты өкілі ретінде ғана білетін қаламгерлер қауымы: “Ойпырмай, осы жігіт ел егемендігін алғанға дейін қайда жүрген осыншама ойларын ішіне тығып?!”- деп таңырқай таңғалған да шығар… Басқаны қайдам, сол сұрақ менің көкейімнен кетпейтін. Оған жауапты уақыт сарғайта бастаған газет беттерінен таптым: “Егемендік алғанға дейін, Қабанбаевыңыз тоталитарлық жүйе кигізген тұмылдырық астында тұншығып жүрді – бұл бір. Тұмылдырықтың “цивилизованный” түрі – противогаз. Оны киген адам тірі қалады, бірақ үні, сөзі естілмейді. Егемендік – есепсіз бостандық емес, үлкен жауапкершілік. Мұны әп дегеннен ұға қоймаған ұлттың белі анау жылдары күтірлеп-ақ кетті. Оны түсіндіретін қазақ баспасөзінің өзінің есі кіресілі-шығасылы еді. Орыс тілді баспасөздің мазағына айнала бастадық. Есі бар қазақ мұндайда намыстан өлмей ме? Журналистика деген “джунгли” – қопаға кіріп кеткенім де сондықтан”- депті оның өзі бір сұхбатында. (“Қалам ұшындағы рух”, “ZAMAN-Қазақстан” газеті, 27.12.1996)
Ондағы мақсаты “ұйықтап жатқан ұлтты түрткілеп ояту” және “қазақ журналистерінің дәл құлағына “Аттан!” деп айғай салу” екенін де жасырмапты. Оның сол кездегі жанайғайынан шошып оянып, дүрліге ат жалына жармасқандар Қазақ Елінде шүкір, бар қазір. Сырт жақта, үлкен оқиғалардан шеттеу жүргенімде ішімнен “Шіркін, ұлт баспасөзінде Марат ағамыз сияқты үлкен жүректі, ұлтшыл, білімді журналистер көп болса ғой!”- деп армандайтынмын, мен үшін сол кезде ұлтымыздың мұңын мұңдап, жоғын кейде: “Өзімнің ғана шыққан тауым биік болып, атым ел-жұрттың ауызынан түспей жүрсе”,- деп әлдекімдер құсап іштарлық жасамай, Ол да, соны армандаған екен-ау.
Оған дәлел – аталмыш газеттегі мына сөздері: “Шіркін, қазақ баспасөзінде бір Марат Қабанбай емес, он Марат қайрап, жүгіріп жүрсе; жалғыз “Ана тілі” емес, кем дегенде бес қазақ газет, журналы бір-бірінен басып озып, қатарласа шапқыласа…” Құдайға шүкір, ол армандағандай қазір қазақ газет-журналдарының саны да, сапасы да жылдан-жылға өсіп, қалың ел сүйіп оқитын басылымдар қатары көбейіп келе жатқаны көңілге тоқ. Алайда, олардың арасынан, Марат ағамыздың өзі сияқты бойындағы барын да, нәрін де туған халқына аямай беріп, бір уыс күлі қалғанша жүрегінің жалынына өртене отырып, апта сайын етектей-етектей мақала жазатын, рухы биік журналистерді тап басып тану қиын… Ол салған айғай жаңғырыға ауада ілулі тұр әлі де:
…“Енді ауыл қазағы бостан. Солай екенмін деп, ерте күнді кеш қылып, үйде жатып алса, аштан өледі. “Тырбаңда, қазақ, тырбаңда!” дейді мына заман бізге.”
…“Үкімет қазақты “жаһандағы жалғыз ағаш” қып қалдырмай, баяғы МТС секілді орталықтар құрып, күш – ауыл қазағынан, қалған керек-жарағы мен қарызы мемлекеттен болатындай тетіктер аса қажет.” (“ZAMAN-Қазақстан” газеті, 27.12.1996)
…”Арақ пен темекіні аластамасақ, құрып бара жатқан солтүстік халықтарының кебін құшамыз.”
…“Не оқулыққа, не білгір ұстазға жарымаған қазақ мектептері жарым жанды, жарты санды.”
…“Азияның сүтті емшегін қатар емген осы екі ұлт қалай ғана өсу мен өрлеу және азып-тозудың екі жолына түсіп кетті? Жапон неге әлемде 1-орында да, біз 101-орындамыз? Ерте дүниелік ұстындарымыз бен қағидаларымыз бір екен, ендеше жапон неге оң, қазақ неге теріс ақты? Жапон “ой қайда?”деп жүгірсе, қазақ неге “той қайда?” деп желігіп тұрады? Және несіне жетісіп желігеді?”
…“Ата-бабаның зиратын баққан деген бұл заманда айтқанға ғана жақсы. Сол зираттың қасында аузыңа су тамбай, ата-бабаңның соңынан жөнеліп кетуің де ықтимал..” (“Ана тілі” ұлт апталығы, 19.12.1996. №51)
“Кісікиік”деген роман жазып жүрген Марат Қабанбайдың бір арманы ішінде кетті. “ZAMAN-Қазақстан” газетінің (27.12.1996) тілшісімен сұхбатында: “Мына заман киіп кетіп, қолыма журналистік қаламды ұстата қойды. Қазір басы қатып жүрген ұлтта роман оқитындай күй жоқ, оның кепкен таңдайына өткір мақалаларды – шындықтың тамшыларын тамызу керек. Кеңсірігі кепкен бұл заман да зырылдап өтер, жазушылық үстелге сонда оралатынымыз анық,”– деген екен. Өкінішке орай, Ол өзі армандаған жазушылық үстеліне содан қайтып орала алмады. Ол күн мен түн теңесіп, ұлтымыз Ұлыстың ұлы күнінде шыр етіп жарық дүние есігін ашқан екен. Өмірге наурызда келіп, сәуірде өмірден өтіпті…Биыл тірі болғанда 70 жасын тойлар еді.
“Сәби шырылдап туа қалғанда түптің түбінде көрге түсетінін соқыр сезіммен білгесін шырылдап жылайды. Алғаш рет жерден бауырын көтеріп, қалтылдап қаз-қаз басқан жас бала сол бір мәңгілік мекеніне қарай жайлап аяңдай бастайды екен. Әлімсақтан бергі өмір мен өлім, күн мен түн, от пен күлдің жазылмаған заңы осы Оған қарсы ем, дауа жоқ. Әйтсе де, қай заман болсын, сол ажал шіркінге арбалып қалғандай арсалақтап, елден бұрын қарсы жүгіретін алаңғасар бір қызық қауым бар: ол – ақын, жазушылар, өнер адамдары.
…Ұлт аспанындағы осы бір үркердей ғана шоқ жұлдыз неге мезгілсіз уақта жиі-жиі ағып түседі – ол жағын қырықтан асқан қырқылжың жаста ғана ептеп шет жағалап ұға бастадық”,– деген екен Ол “Қазақ әдебиеті” газетінде (1992 ж. шілде) жарияланған “Тірісінде таптап, өлген соң мақтап” деген мақаласында. Өзі де бергенінен берері көп, нағыз дер шағы елуге келер-келместен, “ұлт аспанынан” мезгілсіз ағып түсті?
Оған да жауапты кезінде жарық көрген өз мақаласынан іздеп көрелік: “…әдебиеттің тірі пайғамбарлары бұрын “Жас қой, мас қой” деп қызықтады ма, әлде таңсықтық па, қолынан келген жақсылықтарын аямап еді. Қырық жастан аса бере ол жақсылықтар шұғыл тиылды. “Мына бала өңмеңдей кимелеп, қайда барады, ей өзі? Тұмсығынан шертіп қап, шегіндіріп қоймасақ болмас”, – деді ме, көпе-көрнеу тобық, тізе, қылтадан қағу басталды. Өзіме де обал жоқ, оңып тұрған мінезім шамалы еді, астамсу да болған шығар. ”, – депті ағынан жарыла, бүкпесіз ақтарылып. Үндемей келіп қабатын сол қызғаныш деген қызыл итке, сол жылдары асқынып тұрған ру, жүз деген «ауру» да қосылады:
«Атың шығып, қатарға қосыла бастасаң бітті, сенің мәселең екі жерде шұғыл қаралады. Әуелі өз жүзіңнің атқамінер ақсақал, қарасақалы сырттай «емтихан» алады. Олардың ойынша, бұдан былай бас көтерер азамат ретінде солардың сойылын соғып, шоқпарын сілтеуге тиіссің. Сілтемеймін, соқпаймын деп бүйректен сирақ шығарсаң, «жазаң» және әзір: тістелеп, тепкілеп, үйірден айдалаға қуып тастайды. «бір-екі сілтегенге нем кетеді?» –деп көңілі үшін болса да көне салсаң, жүз, ру деген пәленің қамытына мойын сұқтым дей бер және енді осыдан өле-өлгенше келтек сүйреп, шоқпар жинап, өмірің алыс-жұлыспен өксіп өтетініне кәміл сене бер. Өстіп жүн-жұрқаң ұшып, жүдеп жүргенде, қарсы жақтың «штабында» тағы талқыланып, шұғыл қаралып жатады. Онда «жүз, ру» деген алапеспен ауырмайтыныңды, «жеке шаруа» екеніңді біле тұрса да, орысша айтқанда, «на всякий случай» май құйрықтан мықтап тұрып бір теуіп өтеді…»
Ол осындай шымбайына батқан жәйтті ол осыдан аттай жиырма алты жыл бұрын жазса да, өкінішке орай, бүгінгі әдеби ортадағы жағдай содан бері әлі сол қалпында екені соқырға да көрініп тұр емес пе?!.
“Өзіме де обал жоқ, оңып тұрған мінезім шамалы еді”,- деп өзі мойындағандай, әділетсіздікке жаны төзбейтін мінезі мен туғанына жақпас турашылдығы да басына сор болып тиген сияқты. “Қашқалы тұрған қоянға тәйт деген соң не жорық” дегендей, 1985 жылдың көктемінде Горбачевтің “Қоғамды қайта құрамын, халыққа сөз бостандығы беріледі, сын мен өзара сынды өрістету керек, таланттыларды қолдаймын, қорғаймын”, – деп жер-жаһанға жар салғанына имандай сенген Марат Қабанбайдың өзі қызмет істеп жүрген журнал басшысының жұмысындағы кемшіліктерді сынайды. Сол сөздері өз басына сор болып тиген сол кез жайлы:
“Ол кезде бастықтардың негізгі міндеті жұмыс істеу емес, қайта жұмысқа бөгет болу еді ғой. Бастық таңертең жұмысқа келе сала, ең әуелі мені тексереді, немесе тексертеді. Жиналыс сайын сыналамын. Бір-екі материалым алдынан қайтты. Қызметкерлер қотырым жұғып кетердей менен қашқақтауды шығарды. Ақыры бұл мылтықсыз майдан қалжыратып, титықтатты, жарты жылдан жұмыстан “өз еркіммен босандым ”, таза шығармашылық жұмысқа ауыстым… Ары қарай мен үшін кәдімгі шағын ғана “алқакөл сұлама, ақтабан шұбырынды” басталып берсін,- депті ол. Қайда барса да бастығының сол сыннан шығарған “қортындысы” тағылған қоңыраудай “сылдырлап” талантты қаламгердің ізінен қалмайды. Он жеті жыл бойы екі бөлмелі тар пәтерде бала-шағасымен бес жан тұрып жатқан жазушыға үйде алаңсыз отырып, шығармашылықпен айналысу оңай емес әрине.
“Пәтер бермесе, бермей-ақ қойсын, есесіне кітабым шығады”,- шалқақтап жүргенде, “қағаз жоқ”деген бітпейтін жыр басталды. Киносценарий, пьеса жазу қолдан келмеді. Аударманы ешкім бермеді.
...Қазір Одаққа да, баспаға да ай сайын барып, айқай саламын, “баяғы жартас, бір жартас”,- деп жазыпты жаны күйзеліп. Әділетін айтсақ, дәл сол кезеңде бұрынғы қалыптасқан кеңестік жүйе “қайта құруға” ұшыраған соң, баспалар түгілі, елдің экономикасы түгелімен шала-жансар, мең-зең, өлі мен тірінің арасында жатқан. Кітабы шықпаған жазушы қаламақы алмайтыны айтпаса да түсінікті. Шиеттей бала-шаға бір өзіне қарап отырған соң, амал жоқ, Марат ағамыз, жазып жатқан әдеби шығармаларын ысырып тастап, нәпақа болатындай қызмет іздеп, талай-талай газет-журнал редакцияларының есігін ашып көреді, алайда тауы тасқа шағылады. “Неге?” дейсіз ғой. Бұл сұрақтың жауабын да Оның өзі “айтсын”:
“Өйткені, біріншіден: “Өзі дұрыс болса, кезінде неге тәп-тәуір қызметін тастап кетті, бір кілтипаны бар ғой”, - деген баяғы “қоңырауың” құйрық ұшында шылдырлап тұрады. Екіншіден, мықты-мықты ағалардың қадірлі қойын кітапшаларындағы “тізімде” жоқсың…Яғни тіренерің жоқ…
…Менің көзімді балалар әдебиеті көсеп ашқан. Бүгінде барым да, жоғым да қазақ балаларының қолында. Қызық болғанда өзім деген сол балалардың газет-журналдары өзекке тепті. Жалпы, жазушыны қызметке алмау әжептәуір мәртебе, атақ па деп қалдым…
Өлмегенде не нем қалды енді?!.
Өстіп жүріп өлгендер аз ба? Құсадан қаңғырып ішіп кеткен, миына қан құйылып, жүрегі ұстап, тоқтап қалғандар қазақ әдебиетінде бір көше”,- деп, ер жасы елуге келер-келместен, “Кеңсайға” қоныс аударған, Мәкеңнің өз сөзімен айтқанда,“ұлттық қорға қосылатын зиялы қауымның” ылғи ығай мен сығай, кілең бір марқасқаларын тізімін жазыпты. Олар жайлы:
“Көз алдымызда күн түбіне күңіреніп кетіп қалды ”,– депті қайран Мәкең. “Тірісінде таптап, өлген соң мақтап” деген мақаласында (“Қазақ әдебиеті”, 1992 ж. шілде) жазғандай, “келер ұрпақ жазушының басына қойылған құлпытасты емес, көзі тірі кезінде жазып кеткен шығармаларын оқығысы келеді”.
Марат ағамыздың жүрегінің қанымен жазған, бар-жоғы 400 (ең болмаса, төрт мың емес, төрт жүз!) дана боп шыққан “Қазақ, қайда барасың?” деген биттің қабығындай жұп-жұқа кітабын мен сияқты іздеп жүргендер әлі де жер-жерде аз емес.
Заря Жұманова,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.