Қазақстандағы сәулет-құрылыс өнерінің көрнекті үлгілерінің бірі болып табылатын ,Ақмола облысы,Қорғалжын ауданында орналасқан Ботағай кесенесі жайлы «Көне дүние күмбірі» айдарында.
Ботағай кесенесі (басқаша атаулары Бытығай, Татағай) ХІ-ХІІ ғасырларының сәулет ескерткіші болып табылады. Кесене Нұра өзенінің сол жағасында, Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Қорғалжын ауылынан шығысқа қарай 2 шақырым жерде орналасқан. Ботағай ортағасырлық бетше босағалық – күмбездік кесене болып келеді. Бұл қайта қалпына келтіруді мүмкін етіп, 1831-1856 жылы өлшенген және сипатталған Қазақстандағы жалғыз ортағасырлық кесене болып табылады.
1862 жылы Ботағай кесенесінің суретін қазақтың ұлы этнограф ғалымы Шоқан Уәлиханов салды. Көптеген саяхатшылардың сызбалары мен сипаттамаларына қарағанда, Ботағай Қазақстанның сәулет-құрылыс өнерінің көрнекті үлгілерінің бірі болып табылады. ХiХ ғ. ортасында кесене біршама жақсы күйге ие болды, өкінішке орай, қазірде ол қираған құрылыс үйіндісі болып табылады. Ботағай алғаш рет Ресей картасына 1694 жылы түсірілді. Оны Тәуке ханға Ресейден келген елшілер Ф.Скибин мен М.Трошин сызған. Ол 20 парақтан тұратын «Казак ордасы» деп аталған. Онда Қорғалжын көлі мен хан ордасы арасында Нұра өзенінің жағалауында Бытығай қаласы орналасқаны туралы айтылған. Ол елсіз жер емес еді. Бұл жерде Ұлы Жібек жолымен жүретін көптеген керуен жолдары түйісетін.
1762 жылы Петерборда «Императорлық ғылым академиясының алқалық кеңесшісі Петр Рычковтың шығармасы» атты кітап жарық көреді. Қазақ жерін аралап өткен орыс ғалымы Бытығай туралы мынадай деректерді келтіреді: «Бытығай – Қорғалжын көліне құятын Нұра өзеніндегі қырғыз-қайсақ ордасындағы ұлы қаланың жұқанасы. Сипаттары бойынша бұл қала он шақырым жерде орналасқан және бұл жердегі сарай түріндегі төрт бұрышты құрылыстардың үлкендігі соншалықты, үш жүз сажындай болады. Бұл жерде бір мешіт бар және көптеген қираған тас құрылыстар бар».
Тәуке хан өлген соң Бытығай қаңырап бос қалып, қирауға аз қалды. 1816 жылы И.П. Шангин кесенені қарап шығып, қысқаша сипаттама берді, ғимараттың жоспары мен кесененің алдыңғы жағы суреттемесін жасады. 1825 ж. Сібір және Орынбор шекара шебін Қазақстанға көшіру туралы І Александрдың атына жазған жазбасында алқалық кеңесші Демидов осы ескерткіш туралы жазып өткен.
«Тұзды көлдердің ішінде маңайы 300 шақырым болатын Қорғалжын өзені – ең үлкені. Бұрын Есіл өзеніне ағатын Нұра өзені қазір осы көлге құяды. Осы өзеннен алыс емес жерде бұл елдің құнарлығын дәлелдейтін ескі егіндіктің аумағы көрінеді, ал 15 шақырым аймақты алып жатқан әжептәуір сәулет өнерінен хабар беретін ескі қаланың қирауынан пайда болған кірпіш үйінділері бұл елді қаңғырып жүрген көшпенділер емес, білімді, сауатты халық мекен еткенін дәлелдейді».
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен.