Бүгін «Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні» күні. Бұл мереке қазанның үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Маңайына шуағын шашып жүрген ізгі жан, осы салада ерен еңбегімен ерекшеленген қызметкер Нағиман Күзембаева жайлы «Қоғамдағы үш анық айдарында»
Нағиман Өмірқызы, үлкен сөмкесімен автобусқа міне алмай жатқан қарияны көріп, жүгіріп барып көмектесіп жатты...Оның бүкіл ғұмыры осындай бір сәттік ізгі істерден құралып жатады. Өзі еңбек ететін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне күніне қаншама адам келіп, кетіп жатады. Көмекке зәру адамдарға қол ұшын созып, сол жандармен бірге біте қайнасып өмір сүріп жатқалы 26 жылдың жүзі болыпты. Олардың өміріне етене араласып, жалғызбасты қарияларға, І, ІІ топ мүгедектеріне, мүмкіндігі шектеулі балаларға, жүйке жүйесі дертіне шалдыққан жандарға көмек көрсетеді...Асықпай отырып қажетті сауалдарына сауатты жауап беріп, сауапқа кенеледі. Бұл қызмет тек қана кең жүректі, өзінен гөрі өзгеге болсын дейтін адамның ғана қолынан келері анық.Нағиман Күзембаева дәл сонда сипатқа ие жандардың бірі. Салада жұмыс істегелі бері қатарластарына дос, құрбы, ата-апаларға сіңлі, қарындас, енді біреулерге өзі апа болып жүрген жайы бар. Ұжымда да абыройлы, беделді, жастармен тәжірибесін бөлісетін тәрбиеші.
«Біздің бөлімде әлеуметтік қызметкер атағын абыроймен алып жүрген, өз жұмысына шын ықыласпен кірісетін жандар еңбек етеді. Олардың ішінде шоқтығы биік тұрған білімді де, білікті маман Нағиман Өмірқызының орны ерекше. Қызмет алушылар да Нағиманның алдынан көтеріңкі көңіл-күймен кетеді,» - дейді филиал директорының әлеуметтік сала бойынша орынбасары Фарида Маратқызы Бокижанова.
Нағиманның айналасына нұрын шашып, жасаған жақсылығы да қайтарымсыз емес. Ұжым бсшылығынан бастап сала министрлігіне дейінгі және мемлекеттік органдардың көптеген марапаттауларына, «Әлеуметтік саланың үздік қызметкері» төсбелгісіне ие болған. Ең бастысы, халықтың қошеметінен құралақан емес. Бірде Нағиман Өмірқызынан қызмет алған жасы 70-тен асқан славян ұлтының өкілі, ризашылығын ашықхатқа түсіріп әкеліпті. Тілегін «Мен сіздің денсаулығыңыз үшін шіркеуде балауыз жағып қоям» деп түйіпті.
«Алматы – еліміздің мәдени астанасы. Мұнда еліміздің білімді де зиялы қауымы көп тұрады. Сондай жандармен дидарласып, сөйлескеннің өзі бір ғанибет. Қызмет барысында талай зиялы жандармен сұхбаттасудың сәті туды. Көптеген жанға көмегім тиіп, олардың қуанғанынан қуат алдым, жұмысқа шабыттана кірістім,» - дейді Нағиман Өмірқызы.
Үлкен қариялар үйде отырып жалыққанда, Нағиманға келетін көрінеді. Ондайда Нағиманның да оларға дайындап қоятын сый-сияпаты дайын. Әсіресе, Алатау ауданындағы әлеуметтік бөлімді басқарып тұрғанда, түрлі тағдырмен келетін апаларға ақ жаулық жауып, риза етіп жіберетін...
Айналасын әркез ізгілік пен мейірімге толтырып жүрген Нағиман Өмірқызы Күзембаева өз жұмысын шын сүйетін әлеуметтік сала қызметкерлерінің жарқын бір үлгісі.
Ізгіліктің гүлін егіп жүрген мерейлі жандарды алдағы әлеуметтік қызметкерлер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Әлеуметтік қызметкерлер күні – бұл адамдардың мәселелерін өздеріне бірінші қабылдайтын және осы мәселелерді өз мүмкіндігіне қарай шешуге көмектесетін жандардың мерекесі! Бұған үлкен жүрек иесі ғана бара алады.
Інжу Алтайқызы .